Аяқдопшылар аламаны басталды
Қазалы ауданының аяқдопшылары республиканы мойындатып жүр. Оған талай мәрте куә болдық. Бір ғана «Сыр маржаны» командасының өзі елордада өткен республикалық әуесқойлар футбол лигасының жазғы ойындарында «Күміс кубок» үшін таласта күміс медалды мойынға тақты. Биыл ғана ауыл спортшыларының арасында өткен «Алтын күз» спартакиадасында қоржынға алтын салған да осы аяқдопшылар. Осыдан-ақ аудандағы футбол деңгейін бағамдай беруге болады.
Бірнеше жылдан бері тоқтаусыз ұйымдастылып келе жатқан аудандық әуесқойлар футбол лигасының аяқ алысы одан сайын жоғарылап келеді. Облысқа қарасты аудандарда мұндай лига биыл ғана басталған. Ал Қазалы ауданында қазір үш бірдей лига жұмыс жасап тұр. Жасы үлкен азаматтар үшін арнайы «35+» деген айдар тағылып, жыл сайын жалғасын тауып келеді. Бұған қоса балғындар үшін «Junior League» өтіп жатыр. Оған 500-ден асатын жастардың апта сайын «Спорт кешенінде доп тебетінін қоссақ болады. Өткен жексенбіде үзбей ұйымдастырылып отыратын аудандық әуесқойлар футбол лигасының «Қыс 2022-2023» ойындарының ашылу салтанаты өтті. Дүбірлі доп додасының шарасында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң кіші футболдан әуесқойлар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс медаль жеңіп алған «Сыр маржаны» командасына «Құттықтау хатты» табыс етті.
Сонымен қатар шарада облыстық әуесқойлар футбол лигасының директоры Еркен Жантуғанов алып, аяқдопшыларға сәттілік тілеп, «Сыр маржаны» командасына облыс атынан құттықтау табыстады.
Қысқы маусымдағы алғашқы ойынның шымылдығын «Сыр маржаны» мен «Аманат» командалары ашты. Тартысты өткен кездесуде «Сыр маржаны» командасы 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, кіші футболдан аудан біріншілігінде қазір 14 команда бақ сынауда. Одан бөлек көршілес Арал ауданынан екі бірдей команда өнер көрсетіп жатыр.
Абзал ЖОЛТЕРЕК