Аудан алда келеді
Футбол – ауданда көпшіліктің сұранысына ие спорттың түрі. Бұлай дейтінім, қалың көрермен жазғы мезгілде әуесқойлар футбол лигасының әр ойынын тамашалуға орталық Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионға ағылса, қысқы уақытта спорт кешеніне бас сұғады.
Қазіргі таңда ауданда әуесқойлар футбол лигасының «Қыс 2022-2023» ойындары өтіп жатыр. Бірнеше жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратын бұл ала доп аламаны жастардың уақытын тиімді өткізу үшін таптырмас мүмкіндік алаңы. Оның үстіне лиган талай таланттардың томағасын сыпырып, үздік атануына жол ашады.
Бүгінде лигада 14 команда бақ сынауда. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, әрбір құрама қолдан келгенін жасап, чемпиондық үшін қыс бойы спортзалда тер төгеді. Аяқдопшылардың арасында екі құрама Арал қаласынан келсе, қалғандары кент пен ауданға қарасты ауылдың округтің намысын қорғайтын болады.
Бірнеше жылдан бері өткен жылдың күміс жүлдегерлері «Бекарыстан би» құрамасында өнер көрсетіп келемін. Бала күннен спортқа деген қызығушылығым ерекше болғандықтан футбол жаныма жақын спорт түрі. Оның үстіне осы салада еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүргесін мен үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Білгеннің артығы жоқ. Сондықтан тәжірибе жинап, сол арқылы оқушыларды үлкен турнирлерге дайындай аламын.
Қазалы ауданы футбол көрсеткіші бойынша өзге аудандардан оқ бойы озық тұрады. Оны кешегі өткен «Алтын күз – 2022» ойындарынан байқауға болады. Сондай-ақ жазғы уақытта өткен әуесқойлар лигасының жеңімпаздары «Сыр маржаны» командасының елорда төрінде топ жарып, «Күміс кубок» үшін таласта күміс медаль иеленгені аудан үшін үлкен мәртебе. Бұл нәтиже ауданның әуесқойлар футбол лигасы үшін ғана емес, облыс үшін үлкен абырой. Себебі соңғы 4 жылда ҚР чемпионатында вице чемпион атанған облыста бірде-бір команда болған жоқ. Соңғы рет 2018 жылы «Зенит» жігіттерінің алған күміс медалін, биыл біздің жерлестер мойындарына тақты. Демек, тарих жаңарды.
Мамандығым спортпен біте қайнасып жатқан соң барлығынан хабар алып отыру құптарлық дүние. Сол арқылы өскелең ұрпақтың болашағын бағамдап, жол көрсетуге ұмтыламыз.
Нүркен ЖҰБАТҚАН,
№276 орта мектептің дене
шынықтыру пәнінің мұғалімі