Аяқдопшылар марапат төрінде
Ауданда футбол десе, ішкен асын жерге қоятын спортшылар көп. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін доп тебеді десек артық болмас. Оған аптаның сенбі, жексенбісінде Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионда өтетін ойындар дәлел. Бұл аудандағы бүгінгі ғана көрініс емес, ертеден келе жатыр. Тіпті үрдіс болып кеткен. «Ат тұяғын тай басар» демекші, бір-бірінің ізін жалғап келе жатқан аяқдопшылар аудан футболын өлтірмей, өрге сүйретіп келеді.
Мұндай спортшылардың еңбегін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ұмыт қалдырмапты. Олардың соңғы жылдарда жеткен жетістігі мен алған асуларын ескеріп, кеше аудан әкімдігінде арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Аудан құрамасының көптеген жарыстардың жеңімпазы атанғанын тілге тиек етіп, игі тілегін жеткізді. Оған қоса құраманың бас бапкері мен футболшыларды «Алғыс хатпен» марапаттап, бағалы сыйлық үйлестірді.
Сонымен қатар ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз Дәуренбек Тәжімбетов Қазалыда шәкірт дайындап жатқанына ерекше тоқталып, сенім білдірді.
– Біз футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, жасындай жарқылдаған Дәуренбек Тәжімбетовпен мақтана аламыз. Кәсіби спортпен қош айтысқан жерлесіміз бүгінде туған жерге оралып, жас таланттарға өзінің білгендерін үйретіп, бапкерлікпен айналысуда. Халықаралық деңгейдегі дәрежеде өнер көрсеткен Дәуренбек Шахитбекұлының тәжірибесі біз үшін ауадай қажет, – деді аудан әкімі басқосуда.
Қабылдауда аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап та спортшыларға жүрек жарды лебізін жеткізді. Аяқдопшылардың алдағы күндеріне сәттілік, жарыста жеңіс туын желбірете беруіне тілектес болды.
Тағы бір айта кетерлігі, Дархан Ысқақов жаттықтыратын футболдан аудан құрамасының соңғы жылдардағы жеткен жетістіктері. Тізе берсең тоқтау жоқ. Дей тұрғанмен соның ішінде аудан құрамасының 2018-2019 жылдары қатарынан екі рет облыстық «Алтын күз» спартакиаданы жеңіп алғаны, 2020-2021 жылдары екі рет ересектер арасындағы облыстық турнирдің жеңімпазы атанғанын айтпай кетуге болмас.
Сондай-ақ өткен жылы «Ақ бидай» спартакиадасында қарсылас шақ келтірмей 1 орынды жеңіп, республикалық жарысқа жолдама алды. Сол жылы Ақтау қаласында өткен республикалық «Ақ бидай» спартакиадасында жүлделі екінші орын иемденді. 2021-2022 жылдары футболдан әуесқойлар арасындағы аймақтық жарыстарда жеңімпаз атанып, Нұр-Сұлтан қаласында өткен ақтық сында өнер көрсетті. Міне, мұның барлығы аудан аяқдопшыларының алған асуы. Бұл басы болсын демекпіз.
Айтпақшы, «Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады» деп жатамыз ғой. Дәл осы бір тәмсілдің тереңін жасыл алаңдағы жарыстарда түсінуге болады. Олай дейтінім, стадионнан төбе көрсеткен әрбір егде жастағы жанкүйерлер ұлына алаңның сыртынан демеу беріп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл дегеніміз жергілікті жердегі бұқаралық спортқа, оның ішінде футболға деген жанашырлық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК