Қазалылық ару ауыр атлетикадан ҚР чемпионатында жүлделі оралды
Ағымдағы жылдың 23-і мен 30-ыншы қараша күндері аралығында, ел ордамыз Астана қаласында, ауыр атлетикадан 2008 жылы туылған және одан кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Республикалық білекті бәсекеде Дильназ басымдылық байқатты. Нәтижесінде Қазалы аудандық спорт бөлімшесінің зіл темірші спортшысы Дильназ Марал чемпионатта табандылық танытып, 71 келі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанып, мінберден көрінді. Яғни, жүлделі І-орынды қанжығасына байлап қайтты.
Бүгін зілтемірші жеңімпаз ару Дильназ ауданға оралып, жергілікті әкімдік пен аудандық жастар ресурстық орталығының еріктілері құшақ жая, гүл шоқтарымен күтіп алды.
Республикалық жарыста жерлестеріміздің жеңіске жетуіне №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Азиз Жақсылықтың еңбегі орасан.
Тағы бір айта кететіні, осы уақытқа дейін Азиз Жақсылықтың бапкерлігімен аудан арулары спорттың бұл түрінен бірнеше мәрте жеңіспен оралған. Бүгінгі таңда Азиз жаттықтыратын зілтемірден спорт үйірмесінде 30 бала жаттығып жүр.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат