Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсатым - биіктерді бағындыру

Басты мақсатым - биіктерді бағындыру

Қазалы ауданында биік белестерді бағындырып, дүбірлі додаларда топ жарып жүрген спортшылар жетерлік. Оның ішінде самбодан Азия чемпионы, дзюдодан Қазақстан жастары арасында екі дүркін жеңімпаз атанған ­Абылайхан Жұбаназардың аудан атын шығарып жүргені көпті қуантады. Сонымен қатар ол «Жас барыс» турнирінде бес мәрте бірінші орынды иемденген. Бүгінде ҚР Жастар құрамасында жаттығып, ел мерейін үстем етіп жүрген Абылайханмен жақында сұхбаттасудың реті түскен еді.
– Абылайхан, ең әуелі сөзді өзіңізден бастасақ. Жалпы қазақша күреске қалай келдіңіз?
– Мен 2000 жылдың 15 ақпанында Қазалы қаласында дүние есігін аштым. Одан соң №16 орта мектептен 9 сыныпты аяқтап, Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне оқуға түстім. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің 2 курс студентімін.
Ең алғаш қазақ күресіне 2013 жылы аяқ басып, қаладағы №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бардым. Бастапқыда бірге келген балалармен барлығын қызық көретінбіз. Жаттығу залына келіп кеткенімізге қуанып қайтатынбыз. Артынша бапкерім Мұхтар Күзентаев бозкілемде шыңдап, тек жаттығуға ғана емес сөзбен рухани күш беріп «болашақта әлем танитын чемпион боласыңдар» деп жігерлендіріп отыратын. Қазір бапкерімнің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп, үлкен жарыстарда биік тұғырдан көрініп жүрмін.
– Ең алғаш жарысқа қатысқан кезіңіз есіңізде ме?
– Иә, ең бірінші облыстық жарысқа барған болатынмын. Ол кезде спорт мектебінде 40-қа жуық бала дайындалатынбыз. Жалағашта өтетін жарысқа ағайымыз балаларды іріктеп алды. Сол қатарда мен де болдым. Қазақша күреске келгеніме бір жарым ай уақыт болса да, маған сенім білдірген ұстазымның үмітін ақтап, бірінші орын иегері атанамын деп барғанмын. Бірақ сәті түспеді. Үшінші орынды қанжығама байладым. Міне, сол кезден бастап қазақша күреске деген қызығушылығым артып, қазір өзімді әлемдік аренада дәлелдеуге асығып жүрмін.
– Қазақша күресті қойып кеткіңіз келіп, қиналатын жағдайлар жиі бола ма?
– Әрине кейде психологиялық тұрғыдан шаршайтын кездер кездеседі. Мұндай жағдай тек менің ғана емес басқа да спортшылардың басынан өткен болар. Сондайда бірі – спорт саласын таңдаған болса, екіншісі, шыдамдылығы жетпей жарты жолдан барлығын тастайды. Өйткені ондай палуандарды көзіміз көрді. Талай рет аты шығып, енді көтеріліп келе жатқан жастардың арасында отбасы мәселесі немесе өзге де ­шаруалар шығып, соның салдарынан спортты тастап кеткен ­жайлар болды. Нендей кедергі орын алса да, алдыңа қойған мақсатың айқын болуы керек. Мойымай, еңбектеніп, бастаған істі соңына дейін жеткізген жөн.
– Кез келген спортшының өзіне үлгі тұтатын даңқты тұлғасы болады? Сіз үшін...
– Шыны керек қазақша күреске келуіме ешқандай жан себепші болған емес. Алғашында қазақ спортшыларын өзіме үлгі тұтпайтынмын. Тек өзімді іштей «барлығы енді ғана басталды. Мені жеңісті күндер алда күтіп тұр» деп шыңдайтынмын. Бертін келе 60 келі салмақта тараздық Елдос Сметов ағамыздың әлемді бағындырғанын көріп, сол кісіге еліктей бастадым. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демей ме, Елдос бауырымыз көгілдір экраннан қандастарымызға сәлем жолдап, көк туды көкке желбіретіп, әнұранды әлемдік аренада шырқатып жатқанда, болашақта сол орыннан өзімді көргендей болдым. Бүгінгі күні сол үшін аянбай тер төгіп келемін.
– Спорт жолындағы ең қуанышты сәтіңіз?
– Ең қуанышты күнім деп Моңғолия елінде өткен байрақты бәсекеде жастар арасында 74 келі салмақта Азия чемпионы болғанымды айту керек шығар. Қазақстан жерінде көптеген ­жарыстарда жүлделі болсам да, өзге елде қазақтың көк туын көтеріп, әнұранын шырқатқанға жетпейді. Кеудеңді өзгеше сезім кернейді екен. Сонымен қатар отбасыңның жанында болғанға ештеңе жетпейтіні анық.
– Шет мемлекеттердегі жарыстарға жиі шығып тұрасыз ба?
– Қазақстандық жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанғанымда өзге елде белдесуге мүмкіндік берілген болатын. Содан бері шет елдің біршама жерінде болып көрдім. Мысалы Моңғолия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Түркия, Грекияда өткен халықаралық додаларда бақ сынадым. Өзге елде жарыс күні белгілі болып, дайындық жасап жүріп, бос уақыт табуға тырысамын. Өйткені сол елдің салтын зерттеп, танымал орындарын аралап, халқымен тіл табысып көргім келіп тұрады. Көшеде еркін киіммен жүргенде аса бір мән бере қоймайды. Ал Қазақстанның туы бар спорттық киіммен шықсақ, жылы қабылдап, құрметтеп жатады. Өзге ел азаматтары бетімізді қайтарып, қабақ шытқан емес.
– Көбіне үйден жырақ жүретін көрінесіз. Ауылды жиі сағынасыз ба?
– Әрине, әрбір әлемге танымал қазақ спортшыларының ауыл топырағына аунап өскені белгілі. Сол секілді мен де ауылда өскендіктен ауылымды, отбасымды, бірге өскен достарымды жиі сағынамын.
– Төрешілердің әділетсіздігіне ұшыраған кезіңіз болды ма?
– Жоқ. Бұрындары алдыңғы буын ағалар төрешілердің адал емесін айтып, қамығып отыратын. Қазірдің өзінде басқа елде белдесіп жатқанда өз қандастарына жақтасып отырады. Дегенмен шын мықтыға тұсау жоқ. Бергісі келмей тұрған жеңісті соңғы секундтарда жұлып алған кездеріміз де болды. Өз басым ондай әділетсіздікті бастан өткізіп көрмеппін.
– Елдегі төтенше жағдайға байланысты спорт кешендері уақытша жабылған болатын. Қазір жаттығуды қайда өткізіп жатырсыз?
– Карантинге байланысты ауылға келіп отырмын. Дегенмен бұл жаттығу жұмыстары тоқтап қалды дегенге келмейді. Үй жағдайында ұстазым Мұхтар Күзентаевпен бірге тынымсыз еңбектеніп жатырмыз. Карантин уақыты тезірек біткенін тілеп, жанымдағы спортшылармен бозкілемде белдесуге асығып жүрмін. Қазақстан жастар құрамасында болғандықтан аптасына үш мәрте тапсырма беріліп отырады. Артынша барлығын орындап, видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы жолдап отырамын. Бастысы, еріншектікке бой алдырмай, бабымды жоғалтып алмауға тырысып жүрмін.
– Мотивацияны қайдан аласыз?
– Анамнан. Әрбір жарыс жолына шыққанда анам қоңырау шалып ақ батасын береді. Өзінің маған үлкен үміт артатынын айтып, алдыға қарай өрлеуіме дем береді. Өзі ауылда тұрса да, маған әрқашан қолдау білдіріп отырады.
Сонымен қатар Нұрлыбек Есбосынов пен Жұмабек Құлыбаев ағаларымның бүгінге дейін ерекше демеу жасап жүргенін айта кеткім келеді. Алғашқы ұстазым Мұхтар Күзентаев анамнан кейінгі үнемі жанымнан табылатын жан. Ақыл-кеңесін айтып, тура жол көрсетуден танбайды.
– Он жылдан кейінгі Абылайхан қандай болуы керек?
– Барлығы бір Алланың қолында. Алайда өзімнің алға қойған мақсаттарым орындалып, Әлем, Олимпиада чемпионы болуды ­армандаймын.
– Ендеше сол өзің армандаған байрақты бәсекелерде бағың жансын!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
28 сәуір 2020 ж. 1 625 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930