Былғары қолғап киген бойжеткендер
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев баптаған қазалылық боксшы қыздар әлемдік деңгейдегі додаларда топ жарып, ел мерейін үстем етіп жүр. Былғары қолғап шеберлері бәсекесінде бабы мен бағын сынағысы келетін бойжеткендер қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, биыл ғана мектеп бітірген Гүлсая Ержан мен Қуаныш Бурхан да спорттың осы түрін таңдаған.
Гүлсая Ғалымжанқызы өзі туған Сарбұлақ ауылындағы №78 мектепте 9 сыныпқа дейін білім алды. Боксқа деген құштарлығы оянған бойжеткен аудан орталығындағы №170 мектепке келіп, 10 сыныпты осында жалғастырды. Сөйтіп, №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде бокстан жаттығуға қатысты. Екі жыл ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бокстан қыздар арасындағы ҚР чемпионатының «Ең үздік боксшысы» атанды. Мектеп және колледж оқушылары арасындағы «Алтын қолғап» республикалық жарысында 80 келі салмақта бірінші орынды жеңіп алды. Гүлсая спорт шеберлігіне үміткер.
Боксшы қыз осы жылы Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында 80 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын иегері атанды. Жуырда ғана Қызылорда қаласында болған IX жазғы спартакиадада жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Болашағын бокпен байланыстырған Гүлсая Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына грант негізінде оқуға түсті.
Қуаныш Ибракимқызы да мектепті биыл тәмамдады. Ол Қазалы көлік-техникалық колледжінен «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын меңгереді. Бес жылдан бері боксқа қатысып жүрген спортшы қыздың жеткен жетістіктері аз емес. Қуаныш Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы әйелдер мен жас қыздар арасындағы республикалық ашық турнирде 46 келі салмақ дәрежесінде және мектеп пен колледж оқушылары арасындағы «Алтын қолғап» республикалық жарысында 50 келі салмақта үшінші, бокстан 1999-2001 жылы туған қыздар арасындағы облыс біріншілігінде бірінші орынды жеңіп алды. Қуаныш Бурхан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, екінші орынды қанжығалады. Қызылордада өткен жазғы IX спартакиада да үшінші орын тұғырынан көрінді.
Алға қойған мақсаты айқын жас спортшылардың болашағынан бапкері де көп үміт күтеді. «Қыздардан күтерім көп. Боксқа деген қызығушылықтары өте жоғары. Жаттығу кезінде де білсем-үйренсем деп тұрады. Талай белестерді бағындыратындарына сенемін», – дейді бапкер Бақытбек Құлбаев.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА