Абылайхан – Азия чемпионы

74 келі салмақта ел намысын қорғаған жерлесіміз алғашқы екі кездесудегі қарсыластарын жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Финалда Абылайхан қырғызстандық балуанды аз ғана уақыттың ішінде ұтып, жастар арасында самбодан Азия чемпионы атанды. Осылайша ол самбо күресінен Қазалы ауданынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы болып отыр.
Бүгін Азия біріншілігінде топ жарған Абылайханды жерлестеріміз Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалынан күтіп алып, жеңісімен құттықтады. Әсіресе, Абылайхан оқитын Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттерінің қуанышында шек жоқ. Олар "Абылайхан, жарайсың", "Абылайхан – Азия чемпионы", "Колледж мақтанышы" деген жазулар жазылған плакаттарды ұстап шығып, гүл шоқтарын табыс етті. Сондай-ақ, Азия чемпионының туған-туыстары мен аудандық спорт саласының мамандары да Абылайханның қуанышына ортақтасып, ізгі тілектерін білдірді.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ