Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы аяқ киім таңдай білесіз бе?

Сапалы аяқ киім таңдай білесіз бе?

Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды. Адамның аяқ киімі бүтін болмысы, талғамы мен көзқарасын білдіре алады. Сән индустриясының ажырамас бөлшегіне айналған оларды заман ағымына қарай өзгертіп, ілесіп отыру дағдыға айналған. Көктем шыға адамдар жеңіл киім киюге көшеді. Осындайда алдымен назарға алынатыны – аяқ киімдер. Бүгінде сауда қатарларын қарасаң, түрлі көркі көз тартатын аяқ киімдерге толы. Үстіңдегі киімге, қолыңдағы сөмке, басқа да аксессуарларға үйлесімді, мезгілге сай аяқ киімді табу қолжетімді. Алайда сәнінен гөрі сапасы, ыңғайлылығы жоғарылығына ден қою маңыздылығын ескеріп жүрміз бе?

Жалпы, аяқ киім сатылымындағы біздің өнімдердің үлесі небәрі 3,5 пайыз екенін ескерсек, қалған тауар сырттан жеткізілетінін аңғарамыз. Олардың қатарында сауда сөрелерінің сәніне айналған қытайлық аяқ киімнің бәсі биік. Бағасы қолжетімді, көркі көз тартады. Әлемдік брендтердің көшірмесі демесең, нағыз өзіндей көрінеді. Алайда оларда адам ағзасына қатерлі улы химиялық қоспалар барын анықтаған. Мамандар сапасыз киім-кешек, аяқ киімнің салдарынан адам 12 түрлі кеселге душар болуы мүмкін екендігін айтады. Жасанды теріден тігілген аяқ киім буын, аллергиялық ауруларға шалдықтырады. Қытай тауарларының көбінен үлкен мөлшерде формальдегид қоспасы табылған. Ал ол қатерлі ісік ауруын асқындырады.

Сарапшылар сырттан келетін аяқ киімдердің көбінің анатомиялық параметрі стандартқа сәйкес келмейтінін айтып дабыл қағуда. Мысалы, кейбір аяқ киімнің табанында шұңқыр болады. Ол шұңқыр қатты ұлтарақпен жабылуы тиіс. Ал сапасыз аяқ киімдердегі ұлтарақ өте жұмсақ. Сондықтан баланың өкшесі төмен қарай түсіп кетеді екен. Әдетте аяқ киім әдемі көрінуі үшін өндірушілер терінің астына паралон салады. Бұл материал ауа өткіз­бейтін болған­дықтан, аяқ терлейді. Сапасыз аяқ киімнің кесірінен адамның жұмысқа қабі­леті, өмір сүру белсенділігі төмен­дейді. Зиянды улы химиялық заттар адам ағзасына тез сіңеді және оны кері қайтару мүмкін емес. Адамдар күніне 8 сағаттан артық ақ киім киіп жүретінін назарға алсақ, оны таңдаудың маңыздылығын ұғына түсеміз.

Аяқ киім алғанда неге назар аударған жөн
• Әркім өзінің қалтасы көтерген киімді киеді. Десе де қымбат аяқ киім алғанша ауыстырып киетін 2-3 данасын алмаймын ба деген ұғымды санаңыздан мүлде өшіріңіз. Арзан аяқ киім аламыз деп, ең қымбат байлық – денсаулы­ғымызға зиян келтіріп алуымыз бек мүмкін.
• Бастысы, аяқ киімнің ыңғай­лылығына назар аударыңыз. Ол табанды жарақаттаудан сақтап, қимыл-қозғалысқа мейлінше кедергі келтірмеуі тиіс.
• Басы үш­кір аяқ киімдер қан айналым­ның бұзы­лысын тудырады. Әдетте аяқ киімдер өте бос, өте тар болма­ғаны жөн.
• Тұты­ну­шылар тауар сатып ал­ғанда мұ­қият болғаны дұрыс. Тауармен бірге мін­детті түрде түбір­тек алуды ұмытпаңыз. Мұндай жағдайда шағымданушының мәселесін шешу оңайырақ болады.
• Аяқ киімде зиянды заттардың бар екенін өткір иістен ажыра­туға болады. Неғұр­лым иіс жа­ғым­сыз бол­ған сайын, химия­лық қоспа соғұрлым көп болған­дығын көрсетеді.
• Жақсы аяқ киім, ең алдымен, табиғи былғарыдан жасалынуы керек. Сонымен қатар, ол аймақтың ауа райы ерекше­ліктеріне сай болуы тиіс. Табиғи былғарыдан қолымен ұстағанда жылылық сезіледі не жұмсақ келеді. Сапалы аяқ киімде былғары ішкі қосымшамен бірге тігіледі. Және олардың ішкі жағында жасалған материалдары туралы мағлұматтар беріледі. Сыртқы тіні ішке қаратып тігілсе, ол терінің жасанды екендігінен хабардар етеді.
• Күдеріден тігілген аяқ киім де пайдалы. Ол ауа жібереді және жылы келеді.
• Жазғы аяқ киімде резеңке табанды алу керек. Қалтқы аяқ киімдер ыстықта ериді де, аяқ киім формасының бұзылуына әкеледі. Ал, қыстық аяқ киімдер табаны резеңке және қалтқы аралас болып келуі керек. Ол аяқ киім табанының жарылмауына жағдай жасайды.
• Аяқ киім алуға кешкісін немесе түс ауа бармаған дұрыс. Себебі, бұл мезгілде адамның аяғы ісініп тұрады. Сондықтан, байқамай үлкен мөлшерлі аяқ киім алуыңыз мүмкін.
• Аяқ киімнің «ғұмырына» дене салмағы да әсер етеді.
• Егер сіз спорттық үлгідегі аяқ киімдер киетін болсаңыз, олар көбіне жұмсақ материалдан жасалатын болғандықтан, жууға болады. Аяқ киімді жиі жуып, жақсылап кептірген жөн.
• Күнделікті бір аяқ киімді кие беруге болмайды. Ауыстырып киетін бірнеше аяқ киім болуы керек. Тер сіңген аяқ киімді сүртіп тазалап, таза ауаға, жарыққа шығарып кептіру қажет, оны кептіруге қойған уақытта екіншісін киюге болады.
• Аяқ киім кремдері спиртсіз болуы керек.
• Таңдау мен күтім жасау аяқ киімді уақытынан бұрын тозудан сақтайды.
• Дымқыл аяқ киімді жылы жерге қоймай, ішіне қағаз толтыру – аяқ киімді құрғатуға ғана емес, оның қалыбының өзгеруінен сақтайды.
• Аяқ киімді көшеге шығарда тазалау нәтиже бермейді. Онда жөнді тазаланбай, жаққан крем сіңбей, киімді бүлдіреді. Дұрысы сырттан келген бетте тазалау.

Баян ӘБДІКӘРІМОВА, терапевт дәрігер:
─ Бұрын аяқ ауруларымен жасы ұлғайған адамдар ауырса, қазір олардың қатары жасарып келеді. Әсіресе, әйелдің көбі орта жасқа жетпей аяқтары сырқырап, сыр беретінін жасырмайды. Аяқ ауруының үлес-салмағы жастар мен жасөспірімдер арасында жылдан жылға ұлғаюда. Бұның көбі сапасыз аяқ киімнің салдарынан туындады деуге болады. Жасанды теріден тігілген аяқ киім венерологиялық аурулар жұқтырумен қатар, сыз өткізіп, аяққа суық тигізеді. Салдарынан майтабан, буын аурулары пайда болады. Жалпақтабан болғанда аяққа көп күш түседі. Науқас тез шаршайды. Бір ғана мысал, өткен жыл қорытындысына зер салсақ, әскер қатарына шақырылуда тексеруден өткен 496 баланың 270-і аяқ науқасына шалдыққандығы анықталды. Қауіптісі, олардың қатары жылдан жылға артып келе жатқаны. Мүмкіндігінше көпшілік аяқ күтіміне зер салуды назардан шығармаса деймін. Себебі, аурулардың көбі аяқтан өткен сыздан бастауын алады.

Дәрмен ҚАЙРУЛЛА,
аудандық әскери қызметшілерді келісімшарт бойынша қабылдау және әскерге шақыру бөлімшесі бастығының аға көмекшісі:
– Ел рыногын Қытайдың сапасыз, арзан тауарлары өткен ғасырдың соңынан бастап жаулап алды. Сол зиянды аяқ киімдерді киіп ержеткен жастарымыздың көбі қазір әскер жасында. Өкініштісі, әскери борышын өтейтін жастарымыздың дені майтабан ауруына шалдығып, әскерге жарамсыз болып жатыр. Олардың саны жыл санап көбеюде. Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге аса қауіпті. Болашақ еліміздің іргесі мығым, сыртқы күштерге төтеп бере алатын жағдайда болғанын қаласақ, балаларымыздың жайына бүгіннен байыптылықпен қарайық.

Анар НАЗАРОВА, тұтынушы:
– Жақында алған аяқ киімім бір маусым емес, бір аптаға жетпей тозығы жетіп қалды. Қатты аязда терісінің беткі қабаты көтеріліп, суыққа шыдас бермей дал-дал болғанын көріп жылағым келіп кетті. Маған сапалы деп сатқан жерге барсам, сатып тұрған бойжеткен өзінің сатушы екенін, егер затты қайтарып алса, жұмысынан қуылатынын айтты. Үлкен адам ештеңе емес, мені алаңдататыны, өсіп келе жатқан балаларымыздың аяғынан өткен сыздың болашағына қаупі көп екендігі.
Әзірлеген
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

20 маусым 2019 ж. 4 028 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930