Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажар қыздың ақыры

Ажар қыздың ақыры

..Кәукейге қондық. Нағыз сапар таңертең басталды. 45 градус ыстық боларын алдын ала білсек те бас тартпадық. Елсіз жердің бұрынғы тіршілігін көру, әсіресе, мұнда 1960-1970 жылдары балықшы мен малшы ағайынның ауыл болып отырғанын бүгінгі буын расымен біле бермейтін еді.
Кәукейден қосылған жолбасшы ағамыз бар. Жанымызда жүруді өзіміз сұрадық. Бірден келісті. Сәкен Қабылов мектепте мұғалім. Әрі жергілікті жердің көне жәдігерлерін түгендеп жүреді. Алдымен барар жеріміз – Кәукейден 65 шақырым қашықтықта жатқан Ажар елді мекені. 20 шақты үй төрт түлікпен айналысады. Жетпісінші жылдардың аяғында ашылған тоғызжылдық мектебі бар. Жарық мұнда бір кездері тартылған. Қазір оның бағаналары да жоқ. Мұндағылар дизельді мотор пайдаланады. Онда да түнгі 12-ге дейін. Ажарға аптасына екі рет Кәукейден автобус қатынайды. Сондай-ақ тазартқыш қондырғы арқылы тұщы жерасты суын ішіп отыр.
Ажар деп неге аталды екен? Бізге қызығы – осы.
– Біздің ауылдан шақырымға жетпейтін төбе бар. «Ажартөбе» деп атайтын жергілікті тұрғындар. Көзге көрініп тұратын осы төбенің ауыл жақ беті жатағандау басталып, арғы беті тік еңіс, сусыма ақшағыл құмды болып кеткен. Сол төбенің ақ құмында бала күнімізде талай асыр салдық. Дәл сонда сексеуілден үйілген жалғыз белгі тұрды. Ауылдастар Ажар қыздың осында жерленгенін айтатын. Үлкендеріміз әрі-бері өткенде білген дұғасын оқитын. Нақты дерегін білетін көнекөздердің көбісі бұл өмірде жоқ, – дейді Сәкен Қабылов.
Өлкетанушының айтуынша, Ажар қыздың есімін ұмыттырмаған сол ауылдың атауы болып тұр. Теңіз жағалауының шығыс беткейінен жиырма шақырым жерде іргетасы қаланған. Дұрысы, 1960 жылы қазіргі Бекарыстан би ауылының шалғайдағы мал фермасы негізінде ашылған.
– Кәукейде ұстаздық қызмет еткен, ескі әңгімеге жүйрік Ерліхан Құлдықов деген әкеміз болды. Соның айтуынша, Ажар осы төңіректі мекендеген Кебекбай деген ауқатты кісінің жалғыз қызы болған. Өз заманында қадірлісі Кебекбайды Қыдыр көрген дейді. Бұл Кебекбайға басқа түліктен бөлек, бірыңғай көкала түсті жылқы біткен. Сонда бұрынғылардан қалған әңгіме желісі ғой. Кебекбайдың өзі дүниеден өткенде сол көкаланың бірі қалмапты. «Қыдыр көрген Кебекбай өлді, көкала жылқы да көкке ұшты». Қызылдағы жұрт қызыға айтатын әңгіменің бірі осы, – дейді Сәкен аға.
Жазбамыздағы осы тақырыпты мына бір дерекпен қоюландырып көрелік. Кәукейге қарасты «Ыңғай» деген жер бар. Қалыңда орналасқан. Ағып тұрған бұлағы, аумағы бір-екі шақырым болар көлі де бар. Кезінде мұнда шопандар да отырған, қой қырқым кезінде пункттер де болыпты. Жерінің құнарлылығы болар, ауылдың жеке малын бағатын малшылар қазір де Ыңғайды жаз жайлауы етіп келеді.
Ыңғай дегеніміз – кісі аты. Осы аймаққа белгілі адам болған дейді. Қаймақты шайды терлей ішіп, өткен дуалы ауыздардың сөзін бұзбай айтар ақсақалдардың сөзімен баяндасақ енді.
Ыңғайдың баласы Кебекбайдың әйелі жастай қайтқан. Кебекбайыңыз жаңағы осы Ажар ауылына аты таңылған қыздың әкесі. Жарының жылынан соң Ыңғайдың балалары жабылып, Кебекбайға елден қыз іздейді. Сөйтіп естек керейт Жанназар молданың Шөкебай деген қызына құда түседі. Әкесі молдалық ұстаған қыздың да дін жолында екені белгілі ғой. Бұлардың қыз айттыра келгенін естіген шешесі жақтырмапты дейді.
– Үйі сынық адамға қыз бере алмаймыз, – десе керек. Мұндағы «үйі сынық» дегенінің мәні «әйелі өлген» дегенге сайып тұр.
Арада біраз уақыт өтеді. Бірде Жанназар молда үй сыртында отыр екен. Алыстан жалғыз дара шаңды байқайды. Әлгі шаңның жақындағанын күткен ғой. Сәл сабыр қылып, аңдап қараса, төрт аяғын тең тастаған, су төгілмес жорға болып шығады.
– Апыр-ай, – дейді сонда молда Жанназар. – Жорғалығыңда кемдік жоқ, айыбың байтал екен. Осылай деп таңдайын тақылдата берген әкенің сөзінен кейін қызы Шөкебай жұлып алғандай:
– Байталдың жорға болғаны құрысын, қыздың молда болғаны құрысын, – депті. Қыздың сөзін құлағы шалып қалған Жанназар да дереу сөз парқын аңғарып, бар жасауымен Ыңғай баласы Кебекбайға ұзатқан дейді.
Ал әңгімемізге арқау болып отырған Ажар қыз осы Кебекбай мен Шөкебикенің жалғыз қызы болғанын ғана білеміз.
Бұл Ажар қыздың ажалы неден болған? XVIІI ғасырдың аяқ кезінде өмір сүрген сұлуды қарақұрт шаққан деп те айтады. Ұзатылар күні өте сұлу қызға көз тиіп, шымылдық ішінде ауырып, соңғы демі үзілген деген де дерек бар. Анығы Аллаға аян.
Бізге белгілісі, он екіде бір гүлі ашылмаған қызын есте қалдыру үшін Кебекбай үлкен ас берген. Басына сексеуілді үйдіртіп, белгі қойдырған. Ол замандарда өлгендерге сексеуілден қалап не қоршап басын қарайтатын болыпты. Мұндай зираттар Қызылқұм өңірінде көп. Әлі де барғанға ұшырасады. Сол сексеуілді қорымдар малшы ағайынға адаспас үшін белгі сияқты да қызмет атқарған.

Ержан ҚОЖАС
19 қазан 2021 ж. 20 300 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031