Нәзік әлемнің қорғаны – біз
Қазақта «Бала бауыр етің» деген тәмсіл бар. Үт еткен үміт сыйлап, үп етіп аялай ұстарымыз – адамзат ұрпағының жалғасы. Прогрестің басты қозғаушы күші. Адам құқығы – бала құқығын қорғаудан басталады. Сол үшін балаларды қорғау мәселесі қашанда маңызға ие. Жыл сайын жаздың алғашқы күні – 1 маусымда әлем қауымдастығы Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеді. Бұл жай ғана мереке емес, ең алдымен, ересектердің мойнына жүктелген үлкен жауапкершілікті еске салатын, балалардың құқығын, денсаулығы мен жарқын болашағын қорғауға шақыратын маңызды күн.Халықаралық балаларды қорғау күнінің тарихы терең әрі адамзаттың бауырмалдығын көрсететін маңызды оқиғалармен байланысты. Бұл мерекенің тарихы 1925 жылы Женевада өткен Балалардың әл-ауқаты жөніндегі дүниежүзілік конференциядан бастау алады. Дәл осы жиында әлемдегі балалардың жағдайы, олардың құқықтары мен денсаулығы мәселесі алғаш рет халықаралық деңгейде көтерілді. Сол конференцияда 1 маусым «Халықаралық балаларды қорғау күні» деп жарияланды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, әлемде жетім қалған, үйсіз-күйсіз жүрген, соғыс зардабын шеккен балалар саны күрт өсті. Осы кезеңде балалардың құқығын қорғау, оларды қамқорлыққа алу мәселесі өзекті бола түсті. 1949 жылы Парижде өткен Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының конгресінде балалардың құқығын қорғауға және олардың жарқын болашағына бағытталған арнайы күнді атап өту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, 1950 жылдың 1 маусымында алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күні ресми түрде кең көлемде тойланды. Кейіннен, 1959 жылы БҰҰ Бала құқықтары туралы декларацияны қабылдады. Ал 1989 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Бала құқықтары туралы конвенцияны» қабылдап, бұл құжат әлемдегі балалардың негізгі құқықтық құжатына айналды. Ал неліктен 1 маусым?
Тарихи деректерде 1 маусымның таңдалуына қатысты мынадай қызықты мәлімет бар. 1925 жылы дәл осы күні Қытайдың Сан-Францискодағы бас консулы жетім балаларға арнап «Айдаһар қайықтары» фестивалін ұйымдастырған. Бұл іс-шара Женевадағы сол уақытта өтіп жатқан конференциямен тұспа-тұс келіп, балаларға деген қамқорлықтың символы ретінде қабылданған. Бүгінде бұл күн тек мерекелік іс-шаралармен шектелмейді. Бұл – ересектерге балалардың құқығын, олардың өмір сүру, білім алу, денсаулық сақтау және қауіпсіз ортада өсу құқығын еске салатын халықаралық күн. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар өткізіліп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлалады, соның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады.
Бала – адамзаттың болашағы, отбасының бақыты, мемлекеттің ең басты құндылығы. Олардың аңғал да пәк әлемі, шексіз қиялы мен армандары бізден қорғауды, қолдауды және дұрыс бағыт-бағдар беруді талап етеді. Біз ересектер, оларға тек қауіпсіз орта сыйлап қана қоймай, әрбір баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өз мүмкіндіктерін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі таңда балалардың лайықты білім алуы, сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі, шығармашылық пен спортпен айналысуы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Балаларды қорғау дегеніміз – оларды тек жағымсыз әсерлерден сақтап қалу ғана емес, сонымен бірге олардың ой-пікірін сыйлау, құқықтарын таптамау және әрбір баланың өз арманына сеніммен қадам басуына мүмкіндік туғызу.
Қазақ халқы балаға ерекше ілтипатпен қарап, "Балалы үй – базар" деп оны үйдің берекесіне балаған. Осы ұлттық құндылықтарымызды заманауи білім мен тәрбиемен ұштастыра отырып, біз ұлт болашағын берік қалай аламыз. Балалар – біздің ертеңгі бет-бейнеміз. Олардың көзіндегі от, жүрегіндегі мейірім мен санасындағы ізгілік – қоғамымыздың дамуының кепілі. Сондықтан, біздің мақсатымыз – оларға тек материалдық игілік қана емес, ең бастысы, сүйіспеншілікке толы орта мен жарқын болашаққа деген сенім сыйлау.
Балалардың шат күлкісі – жер бетіндегі ең үлкен қуаныш. Осы қуанышты сақтап қалу, әрбір бүлдіршіннің балалық шағын бақытты ету – біздің ортақ парызымыз. Балаларымыз аман болсын, армандары асқақтап, еліміздің игілігі жолында қызмет ететін азамат болып өссін!
Айнұр ӘЛИ













