Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажар қыз туралы ақиқат

Ажар қыз туралы ақиқат

Менің туған ауылым Ажар деп аталады. Кезінде Карл Маркс (қазіргі Бекарыстан би) совхозының шалғайдағы мал фермасы негізінде ашылған. Осы шағын елді мекен мен үшін де, осындағыларға да орны бөлек құтты қоныс. Өйткені біздің кіндік қанымыз тамған, есейіп-ержетіп, жастық шағымыздың қызық сәттері өткен, әрбір басқан қадамымыздың таңбасы басылған, әлде де болса тіршіліктің түтінін түзу ұшырып отырған алтын бесік.


Теңіз жағалауының шығыс жақ беткейінен Ажар елді мекені жиырма шақырым ғана жерде орын теуіп, 1960 жылдары ірге тасы қаланған. Құм төбелердің арасына қуалай орналасқан. Бір көшенің бойына сыйып кетердей болып қаздай тізілген ақшаңқан 25-30 тұрғын үйден тұрады.
Ес біліп, етек жапқалы естіп келе жатқан аңызға бергісіз әңгімелер ұштығы мені кейде еріксіз тылсымы мол сырлы әлем құшағын жетелейді.
Ажар ауылының шығысындағы бір шақырымдай тұстағы биік төбені жергілікті тұрғындар «Ажар төбе» деп атайды. Аталған төбенің ауыл жақ беті жатағандау болып басталып, арғы жағы тік еңіс, сусыма ақшағыл құмға ұласады. Талай құмында асыр салып, ойынға тоймай жүруші едік. Сол төбенің үстінде сексеуілден үйілген жалғыз зират бар. Оны бұрынғылар Ажар қыздікі дейтін. Ауыл адамдары әрі өтіп, бері өтіп басына дұға оқып тұратын. Әрине нақты деректі білетін көне көздер қатары қазір азайып барады.
Сонымен «Ажар қыз кім? Оның ата-тегі қай рудың адамдары?» деген сауал жиі-жиі мазалайтын. Бірақ мұның сырын аша қоятын адам да кездеспей жатты. Тек оның есімін ұмыттырмай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан, шағын төбені іргелей қоныс тепкен, Ажар қыздың есімімен аталған елді мекен ғана.
Кәукей ауылының белгілі азаматы, ұлағатты ұстаз, көненің әңгімесін көп білетін, бүгінде марқұм болып кеткен Ерліхан Құлдықовтың айтқаны бойынша, сол кісінің балалары Төрехан мен Інабат ағалардан естігенімізді саралап, тұжырымдай келе білгеніміз Ажар Кебекбай деген байдың жалғыз қызы болыпты.
Өз заманында елге сыйлы, әрбір сөзін орнықты жеткізетін, көпшілікке қамқор бола білген Кебекбай – жасында қыдыр көрген киелі жан екен. Содан да болар Кебекбайға өзге төрт түлік малдан бөлек бірыңғай көк ала түсті жылқы біткен. Осы жөңкіген үйірлі жылқы даланың сәнін келтіріп жүретін болған деседі. Ескі шежіре сарынына сенсек, Кебекбай өлген соң осынау көк ала түсті жылқылардың бірде-бір тұяғы қалмай жоқ болып кеткендігі, әрі ел аузында «қыдыр көрген Кебекбай байдың көк ала жылқылары көкке ұшып кетті» деген аңыз қалған.
Ерліхан Құлдықовтың деректерінде керейт қожалар «Сараман» мұнарасының жанындағы «Садақ кеткен» деген жерден бастап, қызылдың ішін емін-еркін жайлап жүрген. Қызылқұм өңірінде «Балықты», «Жайлау қақ», «Қос қара шоқы», «Ыңғай», «Ажар», «Қолдас», «Сеңгірдің даласы», «Бердіқазған», «Іңкәр», «Керейттің көп құдығы» деген ескі жер атаулары бар, әлі күнге дейін осылай аталып келеді. Ыңғайдың, Сеңгірдің, Бердінің ұрпақтары Кәукей ауылында тұрып жатыр.
Кәукей ауылына қарасты «Ыңғай» деген жер бар. Сол маңда ағып тұрған бұлақ, аумағы 1-2 шақырымды алып жатқан көл бар. Кезінде бұл жерде кеңшардың шопандары отыратын, қырқым пункті де жұмыс істеген. Жерінің құнарлы, шөбінің шүйгіндігінен де болар ауылдың жеке малын бағатын малшылар әліге дейін жайлау ретінде пайдаланып келеді.
Ыңғай – өте бай, аймаққа қадірлі кісі болған деседі. Ыңғайдың ұлы Кебекбайдың әйелі жастай өліп, елден тәуір қыз іздеп жүреді. Содан Ыңғайдың балалары жиылып, естек керейт Жанназар молданың Шөкебай атты қызына құда түсе барады. Әкесі молда болған соң, қызы да дін жолын ұстап жүрген. Бұлардың тілегін есіткеннен кейін қыз шешесі жақтырмай:
– Үйі сынық адамға қыз бере алмаймыз, – деп жауап қайырады. Бұндағы «үйі сынық» деуі «әйелі өлген» дегенді білдірген.
Арада біраз уақыт өте келе Жанназар молда үй сыртында отырып, алыстан жалғыз дара шаң көреді. Жақындай келе байқағаны төрт аяғын тең тастаған су төгілмес жорға болып шығады. Сонда тұсынан өте бергенде:
– Пай-пай! Жорғалығында кемдік жоқ,бірақ байтал екен, - дегенде, қызы Шөкебай жұлып алғандай:
– Байталдың жорға болғаны, қыздың молда болғаны құрсын, – деп қалады.
Қызының сөзін құлағы шалған әкесі Жанназар:
– Ойбай, шақыр Ыңғайдың балаларын,– деп жігіттеріне бұйрық берген екен.
Бір ауыз сөздің парқын аңғарған естек керейт Жанназар қызы Шөкебайды бар жасауымен Ыңғай баласы Кебекбайға беруге келіседі.
Әңгімеге арқау болып отырған Ажар қыз Кебекбайдың Шөкебай анамыздан көрген қызы делінеді біздің қолымыздағы айғақта. Бірақ Ажардың жасы он алтыға толғанда екі жақтың келісімімен ұзатылайын деп жатқанда, шымылдық ішінде қайтыс болып кеткен.
Ажардың ажалы туралы ел арасында ұзатылар тойында шымылдық ішінде қарақұрт шаққан десе, енді бірінде өз тойында көз тиген делінеді. Ажар қыз өте сұлу, ақылды, үлгілі тәрбие көрген жан болған. Бірақ ажал қалай жетсе де, бір түн ішінде мезгілсіз қаза болып кеткендігі анық.
Кебекбай он екіде бір гүлі ашылмаған қызын есте қалдыру үшін үлкен ас беріп, басына сексеуілден үйдіріп белгі қойдырған. Ол замандарда өлгендерге сексеуілден қалап, не қоршап басын қарайтатын болған. Бұндай зираттар қызылқұм өңірінде өте көп ұшырасады. Биік құмды төбе кейін «Ажар төбе» аталып кеткен.
Бұрынғыдан сыр болып жеткен ұзақ әңгіменің бір ұштығы осындай.

Сәкен ҚАБЫЛОВ,
Кәукей ауылы

16 қараша 2019 ж. 1 921 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 78

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930