Ажарда ауыл күнін атап өтті
«Ажарым – алтын бесігім» атты салтанатты шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап арнайы барып, ауыл халқының қуанышымен бөлісті.
Ауыл күні аясында «Ажарға» кіре беріс төбе басына еңселі ескерткіш белгінің ашылу салтанаты өтті. Ескерткішті ауыл тұрғындары мен осы жерден түлеп ұшқан азаматтардың қолдауымен 2020 жылы тұрғызылған. Ескерткіш белгінің жанына қойылған тұғыртаста ауылдың қысқаша тарихы жазылған.
Алыстан менмұндалаған еңселі ескерткіш Қызылдың қиясындағы Ажар ауылын іздеген халыққа бағыт-бағдар берумен қатар, мұнда осы елді мекеннің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан азаматтардың есімдері алып тасқа ойып жазылған. Түнгі мезгілде күн сәулесі арқылы қуат алатын жарықшамдар айналаға жарық шашып тұрады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйлем, ауызбіршілігі мол ажарлықтарға алғысын айтты. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев және Ажар ауылының тумасы, еңбек ардагері Өмірбек Тәжімбетов өздерінің ізгі лебіздерін жеткізді. Мұнан соң аудан басшысы ескерткіштің тұрғызылуына ерекше үлес қосқан азаматтарды «Алғыс хатпен» марапаттады.
Ауыл күніне орай елді мекенде кешкелік ажарлық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Ал, ертең дүниеден өткен азаматтарға арналып ас беріліп, спорттың сан түрінен сайыстар өтеді.
Айта кетейік, 1959 жылы осы жерден бұрынғы Карл Маркс колхозының қой фермасы құрылып, 1960 жылы Ажар ауылының іргетасы қаланды. 1969 жылы Қызылқұм совхозының №2 қаракөл тауарлы қой фермасы болған. Қызылдың кең даласына қой шаруашылығын игеру мақсатында негізінен қазіргі Бекарыстан би, Ү.Түктібаев және Майдакөл ауылдарынан азаматтар келіп, шопан таяғын ұстап, қой өргізген. Осы өңірді тіршілік көзіне айналдырып, саналы ұрпақ тәрбиелеген.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат