Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата қарғысы

Ата қарғысы

«Адамға жасаған қиянатың да, жақсылығың да сұраусыз кетпейді. Ал ананың наласына, әкенің қарғысына қалған баланың тағдыры қайғы-қасіретпен аяқталады. «Әке қарғысы оқ» деп тегін айтылмаған», – дейтін марқұм әжем. Әңгіме кейіпкерлері, олардың тағдырлары нақты деректерден алынды.

Есіктен жайдары жүзбен аттаған Мәрзия апаны Арманның отбасы қуана қарсы алды. Әсіресе, Арманның әйелі Аманбикенің шаттығында шек жоқ. Олай демегенде ше?! Мәрзия апа – Аманбикенің өзімен тетелес туған әпкесі, мұның қайынапасы болады. Біршама уақыттан бері жүздеспеген туыстар мәре-сәре, қауқылдасып жатыр. Арманның кәсіпкер досы Қанат «Құлқын сәріден тұрып, базарға қарай домалаймын. Күнұзағына інінен шыққан суырша жан-жағыма жалтақтап, затымды өткізсем деп жанталасып жүремін. Қасқарая үйге зорға жетіп, тамағымды шала-шарпы ішіп, қалжырап құлаймын. Ертеңіне осы жағдай тағы қайталанады. Өмірім осылайша зырылдап өтіп жатыр...» деп қынжылатын. Сол әпенді (Арман өзінің құрдасы Қанатқа аңғал мінезіне орай осындай айдар таққан) айтпақшы, қарбалас тіршіліктің ағымында бір қалада тұрғандарымен бұлардың да жиі кездесуге уақыттары бола бермейді.
Қою күрең шайді асықпай ішкен туыстар үлкен тамақ дайын болғанша сыр шертісіп, өткен-кеткенді еске түсірген. Кенет. Мәрзия апа «Замираның жалғыз баласы наша сатып ұсталып, ұзақ жылға сотталды. Өзі қазір қарттар үйінде тұрады», – дегені...
Арманның көзі қарауытып кетті. Тілі күрметіліп «әке қарғысы, әке қарғысы, әке қарғысы» деген сөзді іштей күбірлеп, қайталай бергенін өзі де сезбеген. Үйдегілер бұған аңтарыла қарап қалыпты. Арманның санасынан мұнан тура қырық жыл бұрын болған оқиға кино лентасындай жылжып өтіп жатты.
Жанарынан жасы тамшылаған әке бейнесі... Шашын шолтита күзеп, бетін баттастыра бояп алған Замираның, ағасы Әмірханның ашуға булыққан сұп-сұр жүзі... бәрі-бәрі дәл қазір болғандай елестеп өтті.
Замира – Арманның жеңгесі болатын. Нақтысы, үлкен бауыры Әмірханның бұрынғы әйелі. Тағдыр дегенді қойсаңшы! Сабырлы мінезді, ақкөңіл ағасының әжесінің сөзімен жеткізсек «қатыннан бағы жанбады». Бауыры жұмысына ұқыпты, ішкілікке үйірсектігі жоқ жігіт еді. Арманның әулеті өсіп-өнген жандар. Әмірхан аяқтанғанда бұл мектеп оқушысы болатын. Түскен күннен бастап Замираның қабағы бір ашылмай қойды. Үй шаруасына араласпақ тұрмақ, көпшілікпен бірге дастарқан басында отырып ас ішуге келмейтін. Келінінің бұл қылығына Арманның ата-анасы қатты қиналатын. Бірде шыдамы таусылған Арманның анасы көптен жырақтаудың дұрыс еместігін, жалғыздық Аллаға ғана жарасатындығын айтқанда, келіні кекесінмен мырс ете түсті. Бұдан әрі сөз қозғаса жанжалға ұласатынын сезген қос қария отбасының тыныштығын ойлап, үнсіз қалды.
Әмен ағасының (Әмірханды әке-шешесінен бастап, үй-іші, көрші-көлем осылай атайтын) қабағына кірбің ұяламасын деп Арман мен өзге бауырлары да жеңгесіне бәйек болатын. Құдықтан су тасу, отын жару Арманның мойнында, от жағып, кір жуу, тамақ дайындау тәрізді шаруалар апа-қарындастарының еншісінде. Мұндай жұмыстарды атқару ауылдың кез келген адамына шемішкі шаққанмен тең екені белгілі. Алайда бұларды Замираның тоң-теріс кескіні, ешқашан ашылмайтын қабағы шаршатушы еді. Сәл нәрсеге ашу шақырып, көзінен жасы сорғалап шыға келетін. Қит етсе «кетемге» салып, заттарын жинай бастайтын келіннің оспадар қылығы отбасының әбден берекесін қашырды. Іргелі әулет тіпті Замира табалдырықтан аттағанға дейінгі сүттей ұйып отырған мамыражай күндерін аңсай бастады.
Осындай көңілсіз күннің бірінде Замира тағы да киім-кешектерін буып-түйіп, бажылдаған күйі сыртқа беттеген. Үні тұншыға шыққан Арманның әкесі «Балам, сен де мендей әкеден өрбідің ғой. Бар мақсатың бөлек шығу екенін айтып тұрсың. Кемпірім де ауру. Әменімнен басқа балаларым әлі жас. Ауылда, үлкен отбасында тұруға көндікпей жүрген шығарсың. Мені жерге қаратпа. Ағайын-туыстың басын қосайын. Мал шалып, үлкендердің бәтесін алып берейін. Сонан соң бөлек шығарсыңдар. Сәл мұрша бер, айналайын» деп өксігін жұтып бөгелді.
Сөзге құлақ асатын Замира ма? Жабайы мысықтай шарылдап, далаға жүгірді. Осы кезде ешкім күтпеген жағдай орын алған. Көзінен жасы парлаған Арманның әкесі еңкілдеп жылаған күйі, табалдырықтың алдына кеселеп жата кетті. Есі ауысқан жандай тарқылдай күлген Замира әкесінің үстінен аттап өткенде Арманға аспан айналып, жерге түскендей болды.
Осы мезетте «Көке, бұл не сұмдық?! Тұрыңыз, тұр деймін, көке. Сізді аяғына жыққанша, бұл өмірден қатынсыз өткенім артық. Тұрыңыз көке!» деген қаһарлы дауыс үйдің қабырғасын қақыратып түсіргендей болды. Құдды, айбарлы арыс­тан ақырды дерсің. Бағанадан бері болған жайтты тістенген қалпы қадағалап тұрған Әмен екен. Жүгіре басып келіп, әкесін орнынан көтеріп алған ағасының жайшылықтағы аса мейрімді жанары осы сәтте жолбарыстың көзіндей қып-қызыл болып кетіпті. Басы кеудесіне сұлқ түскен әкесінің «Замира, екі дүниеде рахат көрме!» деп сыбырлай шыққан үні тым аянышты еді. Көп ұзамай Әмен әйелінен сот арқылы ажырасты. Кейін Армандар Замираның басқа адамға тұрмысқа шығып, ұлды болғанын, тағы да ажырасқанын естіген еді. Әмен ағасы өзі сияқты қарапайым мінезді ауыл қызымен бас қосты. Перзент сүйіп, келін түсірді. Ал бүгінгі Мәрзия апаның айтқаны сол Замира болатын.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Жанқожа батыр ауылы
21 желтоқсан 2019 ж. 1 647 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031