Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір өкініш, бір үміт

Бір өкініш, бір үміт

Желтоқсанның аязды күні. Қалың жауған қар қадам басқаннан әндете сықырлайды. Соңғы тәуліктерде ауа райы күрт бұзылды. Арқадан соққан жел күшейе түсті. Бойын шалған суыққа бүгінгі оқиғаның ызасы қосылғанда Хасен мүлде ширықты. «Әттеген-ай... Қарабайдың үйіне неге бардым екен. Бәрінен де Айсұлуға обал болды. «Бір енеден ала да, құла да туады» деген рас. Танымайтындарға Қарабайды (мың­ғырған малы, бірнеше базары бол­ғанмен «жоқ­тан» басқаны айтпайтын, дүниеқоңыздығына орай көпшіліктің таққан айдары) мейірім­ді, жүрегі жомарт Айсұлудың туған ағасы десе сенер ме? Бұның да обалы жоқ. Нұркеннің (Қарабайдың шын есімі) бітім-болмысына жетік екендігіне қарамастан алып-ұшып жетіп барды. Өзіне де сабақ болды.

Хасен келеңсіз жайтты қайтара есіне түсірді. Әсілі, бала пейілі кіршіксіз болатыны белгілі. Таңертең тұңғыштары Нұргүл мүшелі жасын сыныптастарымен қарсы алуға рұқсат сұраған-ды. Рұқсат сұрады деген аты ғана. Әйтпесе құрбыларын үйге шақырып та қойыпты. Ерлі-зайыпты екеуі қыздарының меселін қайтаруға оның жүзіндегі бал-бұл жанған қуаныштың лебін өшіріп алудан қаймықты. Жол апатына ұшырап, ажалдан зорға қалған Нұргүлдің күлкі ұялаған өңін көптен бері көргендері еді. «Тәуекел» дегенді бірін-бірі қас-қабақтарымен ұғынды. Алайда... «Жоққа жүйрік жете ме?». Жарты штат бірлігімен еңбек ететін Хасеннің жалақысы тым мардымсыз. Айсұлу болса балаларын бағып үйде отыр. Жұмысқа тұрғысы келгенмен реті болмады. Қайда барса да «бармақ басты, көз қыстыға» тап келеді. Әлденеше жерге түйіндеме тастады. Олар «өзіміз хабарласамызбен» шығарып салады. Әбден тауы шағылып, күдерін үзді.

Міне, түс мезгілі жақындады. Дастархан мәзірі әлі дайын емес. Не істеу керек? Кенет... Нұргүлдің «көкемнен неге қарыз сұрамасқа?» демесі бар ма. Табылған ақыл. Айсұлуын жанына ерткен Хасен Нұркеннің үйіне тұра жүгірді. Барғаны құрысын. Көңілсіз көріністі ойына алғанда Хасеннің бетінен тағы да от шықты.

Еңселі үйдің биік қақпасының босағасында қос бірдей қасқыр ит шынжырлаулы тұр екен. Қақпа ашылар-ашылмастан гүр-гүр етіп, тура үстеріне секірді. Ерлі-зайыптылар сүріне жығылып, қашып зорға құтылды. Абырой болғанда тайыншадай көкжалдардың қанжардай тістері еттеріне дарымапты. Сәлден соң есіктен алдымен Қарабайдың жүкті әйелдей шермиген қарны, сонан кейін мұз айдынындай жарқыраған жылтыр басы көрінді. Құлаған жерлерінен төрттағандап зорға көтеріліп жатқан бұларға ішін басып, қарқылдай күлді. Хасеннің жанары тұманданды. Өмірінде мұндай қорланбаған шығар. Бұрылып кете беруге Нұргүл күтіп отыр. Мән-жайды естігенде Қарабайдың көзі бір төңкеріліп түсті. Шаңқылдап төңіректі дүрліктірді.

«Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қаңылтыр байлайды». Жамандардың тойшылын қайтерсің. Есектің миын жеген өңшең пәт­шағар. Онан да адам құсап тір­шілік қыл» деген зәрлі сөздерді жаңбырша жаудырды. Нәлет-ай. Тілі мұндай ащы, үні соншалықты жексұрын болар ма? Хасенді алапат ыза кернеді. Қосағының намысына тисе, мерт қылудан тайынбайтынын жақсы білетін Айсұлу мұны білегінен ұстап өзіне қаратты. Хасен селк ете түсті. Жарының жайшылықтағы мейірімді, шаралы жанарында сұп-суық ұшқын ойнап тұр екен. Сөзі де балғамен соққандай нық естілді.

«Кешір, көке. Ақ әжемнің (Айсұлу анасын осылай атайтын) ана сүтімен дарыған ұлағатты тәрбиесін боқ дүниеге айырбастағаныңды білмей келіппін. Уақытыңызды алғанымызға айып етпеңіз. «Байлық еріп кететін мұз». Алда-жалда басыңызға зобалаң туса қасыңыздан табылатын қарындасыңыз барын ұмытпаңыз. Мен әрдайым сізбен біргемін» деп қысқа қайырған Айсұлу аршынды қадаммен адымдай жөнелді.
Соңдарынан қуа жүгірген Қарабайдың «Қайыршы немелер. Алдымен өздеріңді жарылқап алыңдар. Сендерден көмек сұрағанша асылып өлейін» деген кекесінді айқайын долы жел қағып әкетті.

Айсұлуды қуып жеткен Хасен оған не айтарын білмеді. Тек сұлу кескініне жаутаңдап қарай берді. Тұңғыш рет өзінің сауда жасамағанына, байлықтың ізіне түспегеніне өкінді. Жалған сөйлемеуге, адал жолдан таймауға тәрбиелеген әке-шешесіне налыды. Айсұлу «Қапаланба. Өзіңдей сенімді серік тапқаныма разымын. Байлық-мұрат емес. Біз балаларымызбен бақыттымыз» дегенде Хасен жас сәбише еңіреп жіберді. Әулеттің қорғаны, соқталдай азамат нәзік жанды әйелге мұңын осылайша шақты. Жылағанына қысылмады. Айсұлу мұны жұбатып әлек.
– Оу, Қозы мен Баян құшақтарың жазылмасын. Сендерді қайдан іздеймін деп уайымдаған едім. Мың да бір шүкір. Тәңірдің ықыласы түсті. Өздерің алдымнан шықтыңдар,– деген әуезді дауысқа екеуі де жалт қарады.

Сонда аңғарғандары... Көше бетте қымбат бағалы шетелдік көлік тұр. Таяқ тастамда сұңғақ бойлы, қақпақ жауырынды жігіт ағасы ентелеп келеді. Жанында күлімдей жымиған Нұргүл бар. Міне, ғажап. «Арман, Арманжан» десіп бұлар да қарсы ұмтылды. Көптен қауышпаған ескі достар ұзақ уақыт құшақтарын жазбады. Айсұлудың да мықты жігері осы жерде бордай үгітілді. Көрген бейнетіне, тағдырына өкпесін білдіргендей солығын баса алмады. Аз-кем сәттен соң жөн сұрасты.

– Әке-апа, Арман көкемнің маған әкелген сыйлығын қара – деген Нұргүл мойнындағы жауһар тасы жарқыраған алқа, құлағындағы асыл сырғасын көрсетіп, мәз-мейрам болып жүр.

– Нұргүлдің туылған күні жадыңда екен, – деді Хасен алабұртып.

– Ол ұмытылар ма, сірә. Сен болмағанда менің тірі қалуым екіталай еді, – деген Арманның да көңілі бұзылды.

Қорқынышты оқиға көз алдарынан сырғып өткенде екеуі мұңға шомды. Бұл мұнан тура он екі жыл бұрын болған-ды. Айсұлудың өмірге «қырық жеті» әкелгенін естігенде Хасен мен Арман жақсылап жуды. Үйде басталған отырысты кафеде жалғастырды. Ішімдіктің түр-түріне тапсырыс берілді. Әне-міне дегенше мезгіл түн жарымынан асты. Бұлар Арманның ескі «Москвич-412» көлігімен жүрген болатын. Хасен Арманға рөлде екенін сан мәрте ескертті. Алайда ол «Нұргүл ортақ қуанышымыз. Менің де қызым»деп тағы бір шөлмек алды. Қайтар жолда шала мас Арман көлік тізгінін бұған бермей қойды. Сонан кейінгісін ойлаудың өзі қиын. Аяқ астынан қалғып кеткен Арман тежегішті басып та үлгермеді. Арғы жағы құдды көрген түстей. Есін жиған Хасен төңкеріліп түскен машинаның жанып, тұтана бастағанын байқады. Көліктен еңбектеп шығып басынан қаны сорғалаған Арманға ұмтылды. Қолын басқару тетігінен әрең ажыратты. Әудем жерге сүйрелеп апарды. Сол-ақ екен гүрс еткен жарылысқа қоса лаулаған жалын маңайды шарпыды.

– Солай бауырым. Сен мені өлімнен құтқардың. Өзің науқастың зардабын шегіп, ауруханада емделдің. Саған ғұмыр бойы қарыздармын. Бұл жайттан мен естен кетпес дәріс алдым. Сол күннен бастап ішімдікті үзілді-кесілді қойдым, – деген Арманның дауысы қалтырап естілді.
Баршасы үйге беттеді. Қонақжайдың есігін ашқанда Хасен мен Айсұлу өз көздеріне өздері сенбеді. Мәссаған... Төрдегі үлкен үстелдің үсті түрлі тағамға, жеміс-жидекке лық толыпты. Ішімдіктен басқаның бәрі қойылған. Дастарханның қасында Арманның келіншегі Фатима ас қамымен қарбаласуда. Бұлардың аң-таң қалған сұраулы жүзіне «Нұргүлдің кіндік анасы ретінде билік жасауға тура келді. Төрлетіңдер» дейді жылы жымиып. Төртеуі тағы да құшақ айқастырды. Осы мезетте терезенің жанынан жүк көліктері өткендей болған еді. Іле-шала қақпаны ашқан алып «КАМАЗ»-дың жүргізушісі қорабы толы көмірді ауланың бір бұрышына төгіп үлгерді. Ол шығысымен сексеуіл тиеген машина да ішке кіріп отынды аударып тастады.

Шын жалбарынса, Жаратқан­ның көз жасыңды көретіні рас екен. Хасеннің шағын үйі думанға толды. Нұргүлдің туылған күні дүркіреп өтті. Құрбыларын шығарып салып келген қыздарының жүзіндегі шаттықты байқаған ата-ана өздерін әлемдегі ең бақытты жандардай сезінді. Арманның алғаусыз пейілі, дархан мінезі, жомарттығы Хасен мен Айсұлуды тығырықтан шығарып ғана қойған жоқ. Дүние тек тасжүректерден құралмағанын дәлелдеді. Ізгілік аталатын ұлы ұғымның қадір-қасиетіне терең бойлатты.
«Ертеңгі күн Аллаға аян, пендеге күмән». Осы жүздесуден соң досының көмегімен Хасеннің жайлы қызметке орналасып,талабы жүретінін, арада жыл өте Нүркеннің (Қарабай) есірткімен ұсталып темір торға тоғытылатынын сол сәтте ешкім болжаған жоқ еді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ
20 маусым 2019 ж. 944 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930