Киелі ағаштың құпиясы
Күз айы. Маңайдың бәрі сап-сары түске боялғандай. Ұшар төбесі алыстан көзге шалынатын Нұра да, айналасына саптағы әскерлерше қаз-қатар үйлер қоныстанған Қара дөңнің етегі де, айдыны жарқырай толықсыған Ащы көлдің жағалауындағы балғын құрақтар да, желмен тербелген көше бойындағы тал-теректен ұшып түсіп жатқан жапырақтар да сап-сары.
Жайшылықта «алтын күз» деп әспеттейтін табиғат көрінісі бұл жолы Арманға сағыныш сезіміне малынғандай әсер қалдырды. Осы мезетте сонау қиырдан тізбектеле ұшып келе жатқан тырналардың шоғыры көзге шалынды. Көлігін кілт тоқтатқан Арман жол жиегіндегі шағын төмпешікке жүгіре басып шыққанын өзі де сезбеген. Бала кезінен қайтқан құстардың, әсіресе, тырналар тізбегін көрсе қатты тебіренетін. Сол дағдысы самайын қырау шалса да қалмапты. Қалықтай ұшқан тырналардың дауысы кеудесіндегі жараның біткен қабығын тырнап өткендей... Тамағына өксік тірелді. Қанаттарын баппен қаққан тырналардың қиқуында туған жерге деген сағыныш, қимастық сезім, ерекше мұң жатқандай. Арманның жанарынан жас сорғалады. Өзі де іргелі әулеттің арқа сүйер панасы, немерелерінің атасы екендігіне қарамастан тұншыға егілді. Кенет... Маңдайынан жып-жылы, мейірге толы алақан сыйпап өткенде селк ете қалды. Әйелі екен. Қашанда бұған бәйек болудан жалықпайтын жарының жанарына да мөлдір тамшы іркіліпті. Жас балаша босағанына қысылған Арман машинасына отырып, көлігін оталдырды.
Асфальт жолдың апшысын қуырған машина рулін сығымдай ұстаған Арманның санасында «апам Әмір көкемнің жансыз денесін дәл осы жолмен алып өтті-ау. Ауыр қайғы жанын өртеген апатайым, қайғыға берілмей қалай шыдадың екен?!» деген ауыр ой жалт ете түсті. Жанары тағы тұманданды. Әмір – мұнан тура жарты ғасыр бұрын Алматыдағы жоғары оқу орнында оқып жүріп, ауыр науқастан көз жұмған ең үлкен бауыры еді. Анасы небары он сегіз жасында қыршын кеткен ұлының денесін елге әкеліп, жерлеген болатын.
Арман ол кезде ойын баласы еді. Шағын ауылда туып-өсті. Бұлардың әулеті төрт-бес атасынан бері осынау қасиетті мекенді қоныстаныпты. Өздері көп ағайынды болатын. Әке-анасы шаруашылықта жұмыс істейтін. Арман мен өзге бауырларының тәрбиесі мен барша күтімі әжесінің мойнында.
Қайран, әже! Сол бір жылы жүзді аяулы жан үй толы бала-шағаның алып бәйтерегі болыпты-ау. Марқұм әжесі, жалғыз ұлынан тараған немерелерінің маңдайына шаң тигізбеді. Қашан көрсең де бұларды айналып-толғанып жүретін кейуананың қуанса да, ренжісе де айтары «құлдық қылайыннан» аспайтын. Немерелерінің ішінде Арманға ықыласы ерекше ауды. Жаңа пісірген ыстық қазанжаппайды сары майға салсын, бал татыған қаймақты талқанға шыласын, өзгелерден бұрын Арманға бұйырушы еді.
Бұған торсаңдап, ашу шақыратын апа-қарындас, аға-інілерін әжесі жарықтық «Ботақандарым, сол! Сендердің естерің бар ғой. Күректің көңілі жай болса бәрімізде тынышпыз. Бұл құлдық қылайын, көзін ашқаннан ауру-сырқаудан шықпай қойды» деп алдап-сулап қоятын. Күрек, яғни грек Арманның етжеңді мұрнына қарап әжесінің еркелетіп қойған атауы. Сірә, біреулерден естігені болса керек. Әйтпесе, ғұмыры ауылдан аттап шықпаған қария грек дегеннің қандай ұлт екенін қайдан білсін? Әжесінің өздерін ақылды санағанына Арманның іні-қарындастары мұрындарын бір-бір тартып қойып, мәз болады. Алданбайтын Раушан ғана. Осынау ер мінезді тетелес апасы «осы бала бізге пәле болды ғой. Тамақтың бар жақсысын осыған береді», – деп мұны зілдей жұдырығымен желкесінен бір перетін. «Өзі қашайын деп тұрған қоянға, тәйт деген соң не жорық?!». Бұл еңіреп жылап, әжесі жұбатып әлек. Әжесінің «денсаулығы жоқ» деген сөзінің мәнісін кейін түсінді. Аяғын тәй басып жүрген шағында Арман ауырып, қатты құлапты. Қазіргі медицина тілімен айтқанда «уақытша өлім». Суға ендіріп, бетіне ақтық жауып қойған немересінің маңдайынан соңғы рет сүйген әжесі мұның кірпігі әлсіз дір ете түскенін байқап қалады. Әжесі жалма-жан ауыл молдасын алдырып, дем салдырыпты. Осылайша жарық ғаламға екінші мәрте келген Арманды әжесі ерекше жақсы көретін. Бұл жоғары сыныпта оқып жүргенде әжесінің “сенің түр-тұлғаң, кескін-келбетің тіпті сөйлеген сөзің, қимыл-қозғалысың атаңнан, марқұм шалымнан аумайды” деп қалғаны бар. Сөзге есе жіберетін Арман ба? «Әжетай, мені аймалап, бауырыңа басқанда өзіңе жаныңдай жақын адамды есіңе алып, қауышқандай сезімге бөленеді екенсіз, ғой?!» – деп үй-ішін күлкіге батырған-ды.
Арман «тылсым» деген ұғымға кәміл сенеді. Өзі басынан өткерген жайттан соң қалайша иланбасын?! Ол кезде әлі мектеп табалдырығын аттамаған болатын. Бауырларымен аула ішінде тығылыспақ ойнап жүрген Арманды кіші дәрет қыштайды. Әлі сүндетке де отырмаған ойын баласында не құпия болушы еді?! Алпысыншы жылдардың орта шеніндегі ауыл көрінісі естеріңізде шығар. Бұлардың да ауласы атшаптырым болатын. Кең шарбақтың түкпіріндегі бауланған қамыстан жасалған әжетханаға кім бара қойсын? Арманның көзі бір бұрышта жатқан жуан бөренеге түсті. Тракторшы жігіттен қысқы отынға деп сатып алған талдың діңгегі. Арман бөрененің үстіне кіші дәретке шықты да, ойынды жалғастырған. Ал, түн ауа... Сол түнгі түсіне енген көрініс есіне оралған Арманның жүрегі қазір де дүрсілдей соғып, көзі қарауытты. Түсіне аппақ сәлде-шапанды, ақ сақалды, қабағы қатулы, аса таяқ ұстаған ата кірді. Бұған ызбармен қарап «Ағашқа неге дәретке шығасың?!» деп ақырғанда көк аспан жарылып, қара жер теңселгендей болды. Арманның шыңғырған үнінен шошып оянған анасы көпке дейін баласын жұбата алмады. Ақыры таң да бозарып атты. Дәрет сындыруға шыққан Арман қуығы қанталап, гүп болып ісіп кеткенін көргенде еңіреп жіберді. Осы мезетте адам нанғысыз оқиға орын алды. Әлдебір жұмбақ күш өзі кіші дәретке шыққан ағаштың жанына еріксіз апарды. Әлдеқайдан жеткен белгісіз үн құлағына «Ата, кешір» деп үш мәрте ағашты сыйпап, кешірім сұра» деп сыбырлағандай болды. Алты жастан енді асқан ойын баласы тылсым күштің айтқанын бұлжытпай орындады. О, ғажап! Осы мезетте кіші дәреті сыздықтап, тамшылай бастады. Ауыруынан құтылып, бойы жеңілдеген Арман сәлден кейін көргенін ұмытып кеткен. Баланың аңғалдығында шек бола ма? Сәл уақыт өте Арманның бойын «ағашқа тағы кіші дәретке шығып көрейінші, не болар екен?» деген ой келді. Қаншама сескенгенімен ойындағысын жүзеге асырып, кешегі ағашқа тағы да дәрет сындырды. Түнде кешегі көрген жайт қайталанды. Сол баяғы ата түсіне және кірді. Бұл жолы тіпті қаһарын төгіп «Ағашқа дәрет сындырма дегенім қайда? Қоясың ба, жоқ ба?» деп ақырғанда, Арманның жаны мұрнының ұшына келгендей. Ертеңіне қуығы қайта ісінді. Бұл жолы да ғайыптан естіген белгісіз дауыстың нұсқауымен ағаштың бұтағынан, беймәлім атадан жалынып-жалбарынып кешірім сұрады. Міне, керемет. Сәлден соң кіші дәреті жүрді. Батырға да жан керек екен. Арман мұнан соң ағаш бұтағына мүлде жоламады. Көрген түсі, болған оқиға туралы әжесіне де, әке-ана, бауырларына да тіс жармаған. Ағаштың сырын жылдар өте біліп, өкініштен санын ұрғанымен бәрі өте кеш еді. Түс көргеннен кейін арада біршама уақыт өтті. Жаздың жаймашуақ күнінде бұлардың шаңырағына қайғының қара бұлты үйрілді. Алматыдағы жоғары оқу орнының бірінші курсын бітірген Әмір көкесі ақ қан дертіне шалдығып, өмірден озды. Жантәсілім етерден бұрын ағатайы ауруханада жанында қайғыдан қан жұтып отырған анасына «Менің денемді қалайда елге жеткіз. Жат топыраққа тастама!» – деп сыбырлай жалыныпты.
Уа, қатыгез тағдыр... Бұл жалғанда әке-ана үшін бауыр еті баласының қазасын көргеннен асқан қасірет болар ма? Қарапайым ауыл әйелі, өзі қайғыдан қан жұтып отырған ана бейтаныс, алып шаһарда қандай күйге түскені белгілі ғой. Бар ниетімен Аллаға жалбарынған ананың тілегін періштелер қабыл қылса керек. Қалың өртке қанатымен су сепкендей күй кешкен ананың есіне кезінде ауылда басшылықта болып, сол тұста Алматыда беделді қызмет атқаратын бір ел ағасының есімі түседі. Жанұшырып жүріп қабылдауына барып, болған жайтты мәлімдейді. Азаматтың аты азамат ғой. Сөзге келместен жарамды екі жеңіл көлік дайындатып, ананың жанына дәрігер қосып, жолдағы посталарға ескертіп, Әмірдің денесін бұзылмастай дәрілетіп, жолға аттандырады. Әкесі марқұм көзі жұмылғанша сол азаматқа «мәңгі қарыздармын” деумен өтті.
Әмір көкесінің жаназасына ту бие сойылған еді. Көңіл айтуға жиналған қарақұрым жұрт «қыршын» деген болуы керек, астан алып жарытпады. Адам аяғы басылған шақта мұрты бұзылмай, сол қалпында қайтқан табақ-табақ семіз жылқының былқып піскен етін ауыл іргесіндегі шағын көлшікке төккендері санасында әлі сақталып қалыпты. Арада біршама ай өтті. Қыстың аязды таңында ұйқысынан ерте оянған Арман көзін ашқан қалпы төбеге қарап үнсіз жатқан болатын. Түн қараңғысы толық сейіле қоймаған шақ. Сырттан кірген анасы электр жарығын жағып жібергенде күтпеген көріністен бұл шыңғырып жіберуге сәл қалған. Аппақ матаға оранған Әмір көкесі қаз-қатар жатқан бұларға күле қарап тұр екен. Жарқ еткен жарықпен бірге көкесінің де бейнесі жоғалып кетті.
Арманның тамағын тағы өксік кернеді. Өзі балалық ақымақтықпен кіші дәретке шыққан ағаштың аса ғұлама ишан атаның мешіті мен бейітінің жанына көктеп шыққан ағаштардың ішінен кесілгенін, мұны білмеген әке-анасының тракторшы жігіттен сатып алғанын, кейін мән-жайды ұққан соң құран оқытып, орнына апарып тастағандарын есейгенде естіді. Тракторшы жігіт туралы мәлімет біле алған жоқ.
Бүгін ауылға барып әжесі, әке-анасына, Әмір көкесі мен өмірден ерте кеткен бауырларының әруағына құран бағыштатқан Арман өмір аталатын ұлы көштің тосын сыры мол екенін терең түйсінгендей.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Жанқожа батыр ауылы