Ажалмен арпалысқан алты апта
Сонда да күдер үзбе, бір Алладан».
Халық нақылы.
– Арманжан, тоқташы құлыным. Кейін қайтшы, жаным!
Қалың тұманның ішінде адасып жүрген Арманның құлағына анасының даусы еміс-еміс шалынды. Міне, қызық. Биік таудың ұшар басында тұрған марқұм апасы өзіне осы сөздерді үздіксіз қайталап жанұшыра айғайлайды. Мұнысы несі?. Анасының ұлын жанына жақындатқысы келмегені қалай?. Бұл апасын соншалықты сағынып, іздеп келген жоқ па еді?.
Бар күшін жинап алға талпынған Арман апасы жаққа тағы да көз тастады. Қаракемпір (ауыл арасында Арманның анасын осылай атайтын) сол орнынан тапжылмапты. Сәлден соң қардай орамалын бұлғаған күйі сағымша бұлдырап ғайып болды. Арман еңіреп жіберді. Сонау балалық шағында әкесі мен анасы қонаққа өзін ертіп бармаса дәл осылай жылайтын. Арада ұзақ жыл өткенде тағы егілді. Келін түсіріп, немере сүйген ата екеніне қарамастан жас сәбише солқылдады. Алайда анасы бұған мойын да бұрған жоқ.
Осы кезде аяқ астынан қара дауыл көтерілді. Үйдей-үйдей тастарды жаңқаша лақтырған жалғыз көзді, тұлабойын сояудай қылшық басқан өте қорқынышты мақұлық Арманға таяқ тастам қалған-ды. Зәресі ұшқан бұл бүктетіле құлай бергенде әлдеқандай қуатты қол-аяғына тік қойды. Сөйтсе өзін албастыдан қорғаштаған Жанқожа батыр екен. Дулыға-сауыты күн нұрымен жарқыраған әз бабасы қылышын құлаштай сермеп, әлгі құбыжықты екіге қақ бөлді. Сұмпайының өкірген ащы даусына ілесе сұрапыл жел де тына қалды. Атойлап ұрандаған әулие-батырдың «Арамзадан сақ бол, балам!» деген айбарлы үнінен жер мен көк күңіренгендей.
Арманның санасы шым-шымдап қалпына оралды. Жайлап көзін ашқанда көргені бетіне үңіле қарап жылап отырған жары болды. Кіршіксіз бөлмедегі, аппақ киінген жас жігіт бұған әлденені түсіндіруге тырысуда. Алғашқыда даусы көмескі естілгенімен біртіндеп не айтқанын да ұға бастады. Есімі Дастан, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі екен. Тағы білгені бұл қан қысымының жоғарылауынан есінен айрылып қалғанға ұқсайды.
«Сізді құдай сақтады. Сәл кешіккенде өкінішті жайт орын алуы әбден мүмкін еді. Толық дәрігерлік бақылауда боласыз. Қорықпаңыз, жазылып кетесіз. Алайда аурухананың ережесін қатаң сақтау, тыныштық қажет» деген өрімдей жас жігіт бұған қарап мейірлене жымиды.
«Науқасты дәрімен ғана емес жылы сөзбен де емдеуге болады» деген қағиданы есіне түсірген Арман баласынан сәл ғана ересек өндірдей дәрігерге ризашылығын білдірген еді. Не дегенін өзі де түсінген жоқ. Сөйледі деген құр аты ғана. Тура тілі жаңа шығып келе жатқан бөбектің былдыры дерсің. Тағы да жанары қарауытып, түпсіз тұңғиыққа құлап кетті. Беймәлім, жұмбақ әлемге енгендей күй кешті. Бұл жолы туып-өскен ауылында, Қарадөңнің қырқасында жүр екен. Ащыкөлдің жағасына қаз-қатар ақ шағаладай киіз үйлер тігіп қойыпты. Жер ошақтарға асылған тайқазандардан ауаға тараған дәмді тағамның исі араныңды ашады. Таңғалғаны бұл маңда машина, трактор тіпті темір техника атаулы мүлде көрінбейді. Оның есесіне өзектің беткейіндегі кермеге ер – тұрманы сайлы, тоқпақ жалды тұлпарларды байлап қойыпты. Той шығар деп түйді. Қызығы жас та, егде де қазақы ұлттық нақышпен безендірілген киім киінген. Әудем жерде бұлшық еттері білеуленген қос палуан күш сынасуда. Бір шетте қызғалдақтай құлпырған ару қыздар мен сәмбі талдай солқылдаған жас жігіттер алтыбақан теуіп жатыр. Қаптаған халық. Алайда өзі қаршадайынан өскен ауылдан бірде-бір жүзтанысты кездестірмеді. Өңшең бөгде жандар. Кенет... Айран-асыр қалыпта тұрған мұны жанары шалып қалған алпамсадай жігіт білегінен қыса ұстап, аулаққа сүйреп тастады.
Арман қолының қатты ауырғанынан оянды. Мейіркеш қыз білегіне ине салып, ем жасап жатыр екен. Маңдайынан тері сорғалаған бағанағы жас дәрігер бұған қарап тағы да жымиды. Терең тебіренген Арман «дәрігердің жұмысы қандай ауыр, жауапкершілігі неткен мол еді» дегенді іштей ойлап үлгерді.
Сонымен Арман үшін бір-біріне егіз қозыдай ұқсас, сүреңсіз сағаттар, көңілсіз күндер жайлап жылжып жатты. Ауруханаға түскен күні ауылдан бір топ адам көңілін сұрап келді. Әсілі, адамның мінез-құлқы туған жерінің табиғатына ұқсайды деген пікірдің жаны бар. Арманға аурухана ауласына шетінен ағеден, даладай дархан пейілді жандармен бірге тұтас жұрты, марқұм әке-анасы, өмірден ерте кеткен бауырлары кіріп келгендей әсер қалдырды. Тамағына кептелген ащы өксікті зорға тежеп палата терезесінен басын изеп сәлемдескен сыңай танытты. Десе де жан-тәнімен босап, егіліп тұр еді.
Дастан «дәрігерлік қатаң қадағалауда боласыз» деп нақтысын ескертіпті. Құлқынсәріден басталған ем-дом қабылдау кешкі тынығу сәтіне дейін жалғасады. Өзі де жастығына қарамай сұңғыла екен. Көңіл-күйіңді қас-қабағыңнан аңғарып жылы лебізбен сергітуге тырысады. Ол айтқан төмендегі мына әңгіме Арманның санасына қатты әсер етті.
«Бірде ауыр науқастың палатасына келген емдеуші дәрігер:
– Бөлмеде біз үшеуміз – десе керек.
– Қалайша үшеуміз? Біз екеуміз ғана емес пе? – деп таңданған сырқатқа дәрігер:
– Жоқ үшеуміз. Сен, мен және кесел. Егер сен маған көмектесіп, жігер көрсетсең мен жеңем. Ал осалдық танытып дертке жәрдемдессең, мен жеңілем – депті.
Сол сияқты сіз мені тыңдасаңыз екеулеп сырқаттан үстем боламыз» деген Дастанды Арман үнсіз мақұлдады.
Алла қолдап, ата-бабасының аруағы жар болған шығар Арман жарық ғаламның есігін қайтадан ашты. Араға күндер салып төсегінен тұруды мақсат тұтты. Алғашқы рет орнынан көтерілгенде бойын үрей биледі. Жаңа туылған жас бота тәрізді тірсегі дірілдеп, әуреге түсті. Маңдайынан ащы тері тамшылап, қалтыраған денесін зорға тіктеді. Бір, екі, үш. Алғашқы адым. Жансыздана бастаған қол-аяғы мұның еркіне көнер емес. Тұлабойын әлдекім өтпейтін пышақпен кескілеп жатқандай қиналды. Егер жары сүйемелдемегенде құлап қалуы ықтимал болатын. Абырой болғанда әйелі қолтығынан демеп үлгерді. Терең тыныстаған Арман өзіне әлдекімнің қарап тұрғанын ішкі түйсігімен сезді. Қателеспепті. Қарама-қарсы орналасқан палатаның есігінен жас келіншек тесіле көз тастап тұр екен. Өзі сырттай танитын мұғалім болатын. Шаралы жанарына мөлдір жас тұныпты. Аяныш белгісі. Арман қатты ширықты. Денесін тік ұстап жайлап басып, жүріп кетті. Сасқалақтап қалған әйелі қолына жармаса бергенде «Қажет емес» деді мүлде өзгеше үнмен. Кең коридорды кесіп өтті. Сырт көзге сыр бермегенімен аурудың жанына батқаны соншалықты іштей шыңғыра жылап келе жатты. Төсегіне жетісімен гүрс етіп ұзынынан сұлап түсті. Ертеңіне осы көрініс және қайталанды. Осылайша кесел мен дәрігердің арасында ымыраға келмес тайталас басталды. Шын мәнінде бұл өмір үшін белдесу еді. Әрі кімнің басым түсері де белгісіз болатын.
Арман ауруханада тұп-тура алты апта емделді. Дерттің пәті қайтқан соң дәрігерлер емді үйден алуға кеңес берді. Шығарда Дастан «денсаулықтың негізі – қозғалыс» деген қағиданы Арманның құлағына әбден сіңіріп жіберген. Қалайда қатарға қосылуды ойлаған Арман да үздіксіз қимылдауды тұрақты дағдыға айналдырды. Таң ағарысымен әйелін ертіп көше бойымен серуендеуге аттанады. Бірде «ит адамның досы» дегеніміз артық-ау» деп қынжылғаны бар. Олай дейтіні, көшеде кездескен иттер әлсіз жанды қабуға бейім екен. Төрт аяқты хайуандар қарсылық жасай алмайтын олжасын түр-тұрпатынан танитындай кәрі-құртаң, ауру-сырқауға ұмтылуға құштар. Жасқап тастап жүрісін жалғастырды. Сәл ілгері қадам басқанда көше мүйісінде шоғырланған адамдарды көрді. Таңсәріден бас жазудың қамымен дүкеннің ашылуын күтіп тұрғандар сынды. Мұны байқасымен сом тұлғалы, жасы өзінен үлкендеу мұртты жігіт сәлемдескелі ұмтылды. Шала-шарпы амандық сұраса сала арақ алуға ақшасы жетпейтінін айтып, «азғантай көмектесіп жіберші» деген өтінішін де жасырмады. Тепсе темір үзетін, он екі мүшесі дін аман отағасының үтік көрмеген көйлектей мыж-мыж өңіне, жалынышты жанарына қараудың өзі қиын болатын. Спорт костюмының қалтасындағы тиын-тебеннің уысына іліккенін оның тершіген алақанына төге салған Арман кетуге асықты. Әйтсе де күнұзағына өзіне ұмтылған қара төбеттің қанжардай ақсиған тістері, қанталаған көзі мен араққа ақша сұраған қара жігіттің мүләйім жанары, мүсәпірлене күлген бейнесі ойдан кетпей қойды.
«Жалған дүниеде сан кедергі, небір асулар кездесуі де ғажап емес. Алайда жігітті жігері шыңдамаушы ма еді? Жүйкеңді жүндей түтіп, өзіңді-өзің жегідей жесең еркек болғаның қайсы?. «Тәуекел түбі желқайық» дегенді қазекең бекерге айтпаған. Қарлы-боранды қыстан соң, жадыраған жаздың келетіні айдан анық. Ендеше босаңсудың қажеті жоқ» деп іштей ой түйген Арман зеңгір аспанға көз жүгіртті.
Көктемнің арайлы күні маңайға нұрын төгуде. Масатыдай құлпырған көгалды далаға ішпей-жемей тоғаясың. Күллі тіршілік атаулының нағыз жанданған шағы. Шіркін, өмір неткен ғажап еді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ