Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Арақтан келген ажал

Арақтан келген ажал

Көктем алдындағы суық желдің екпіні анау тұрған жетім тамның шатырын ұшырып әкететін секілді. Шатыр деген аты ғана болмаса, жылдар бойы ұста қолы тимей, сынығы сатылы көпір ағаштарының арасындай алшақтанып кеткен. Жүдеу үйдің ішінен шыққан ащы айқай сарай сыртынан қараған адамның көңілін еріксіз құлазытып жібереді.

– Еркекке қарсы сөйлегеннің қандай болатынын көрсетейін, саған, – деген айқайдың ізін қуа шапалақ пен тепкінің үрейлі дыбысы құлаққа жетті. «Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді» деген рас екен-ау. Марал да көк ала торғайдың кейпіне еніп, сыздаған бүйрек пен қатты соққыдан ақсаңдаған аяққа еті үйреніп кеткелі қашан?! Төмпештегеннен ауырған денені қойшы, балаларының аш-жалаңаш жүргеніне қынжылып, әкенің де, оның күндегі айқайынан басқаға мұршасы болмайтын өзінің де шарасыздығына өкпелейді. Сосын өңеші кеуіп, құрғақтықтан жұтына алмайтын хәлге жеткенше аңырайды кеп. Бейбақта басқа не амал? Бар айыбы жөнге келгір еркегіне “арақты қойып, балаларыңа нан тапшы”, – дегені емес пе?

Бүлдіршіннің ең кішісі Айлуна былтырғы қыстың ақпанында дүниеге келді. Одан үлкені Балуан үш жасқа толады. Әкенің аждаһаға айналып бара жатқанын саналы түрде түсіне алатыны Ізбасар ғана. Ол ауылдағы жалғыз мектептің төртінші сыныбында оқиды. Есі кіргені осы болғандықтан, айқайға жанұшыра араласа кетеді. Ақырында таяқтың екінші ұшы бейкүнә бүлдіршінді де оңдырмай жібереді.

– Әке, апамды ұрмашы, – дейді жалынышты күймен. – Мектепте ұстазым ата-анаң жиналысқа неге келмеді деп ұрсады. Ал анам сізді барады дейді. Өзі қатысайын десе көгерген бетінен ұялады ғой. Арақ ішпеші әке! Сыныптасым Армандікіндей аяқ киім алып бер деп енді айтсам, құдай ұрсын, – деп егіледі келіп. Ал бала базынасын түсініп, ақылға келетін Асқар баяғыда қу шишаның түбіне кеткен.
– Өй, әкеңнің, – деп бір боқтады да, қорғансыз құлынның басынан бір-ақ қойды. Басын қос қолымен құшақтап, жыртық-жамау еденнің үстінде тыпыршып жатқан Ізбасардың мұндайда тұншыға жылаудан басқа шарасы жоқ. Бірақ мінезді бала соққыға дейін айта алмай қалған сөзін осы сәтте ғана жалғастыра алады.

– Мені неге өмірге әкелдіңдер, әке? Неге көрші достарым сияқты еркін ойнай алмаймын. Менің атымды сіз сияқты болсын деп қойдыңыз ба? Мен де өскесін арақ ішіп, балаларымды ұратын боламын, қара да тұр, – деді. Баланың бұл сөзі қорлықтан оның ерте есейгенін оңай аңғартады. Есі бар ересек адам бұдан кейін сабасына түсуі керек еді ғой. Жоқ... Ашуланғанда байлаулы бұқаның көзіндей құрбанынан басқаны көрмейтін Асқар онсызда жер жастанып жатқан баланың іш тұсынан бір теуіп, бар білетін боқауыз сөздермен сыртқа шығып кетті. Бұндайда бала Ізбасар шешесін таяқтан алып қалғанына іштей қуанатын.

Кешегі осы оқиғаны ойға оралтқан Асқар төсектен денесін көтере алмай ұзақ жатты. Есік алдындағы сәкіде жатқан оны тікелей күннің тепкісі емес, арақ іздеген ауыздың құрғақтығы өлтіріп барады. Басының ауырғаны тағы бар. Бірақ, Ізбасардың кешегі айтқан сөздері бұның барлығынан бұрын жанына батады ма, қалай?

Бала-шағасының күнделікті көз жасы, көршілердің сүйкімсіз көзқарасы, өзіне деген жеккөрініш, бұның барлығы кеше ғана пайда болған сезімдер емес. Өмірдің бұндай барсакелмес жолына түскеніне он жылдан асты емес пе? Тар қапастың қажетіне жарайтын заттардың бәрін дүкеншіге беріп болған. Үш бірдей баланың жөргекпұлымен сол дүкендегі арақтың қарызын жапқанын қайтерсің?

Түс ауа кереуетінен көтерілген маскүнем бүгін шындап ойланды. Қашанғы бұлай жүре бермек? Марқұм әкесінің балаларының нәпақасы үшін мал соңында өмірін өткізгенін еске алды. Оң иығындағы періштесі “Мен кіммін?” деген сауалды есіне салғанда селкілдеп жылай береді. Бұлай отыра бергеннен түк шықпасын ұғып, келесі көшедегі дүкенге жеткенше асықты. Үй арасында сүт пісірім уақытта бүкіл өмірі көз алдында өтіп кетті. Енді ше? Ғұмырының тең жартысының мәні жоқ, қалғаны естен шыққан.

– Бүгін соңғы рет құямын. Қарызың қордаланып қалды. Қайтармасаң бермеймін, – деді сатушы араққұмардың әлсіз жерінен ұстап.
– Мен қойдым, апа! Бәрін тастадым. Балаларым мен әйеліме апаратын азық-түлік пен тәттілер салып беріңізші. Күнәмді жуып-шаятын мүмкіндігім бар ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ енді солардың қуанышы үшін өмір сүремін, – деді.

Бұның әкесімен құрдас ғұмыр кешіп, тірісінде тамаша сыйласа білген дүкенші бұған қатты қуанды. Кейде замандасының ұлы арақ іздеп, жаны қиналғанына шыдамай беретін ішімдікті. Қазір тәттінің ең жақсыларынан салып беруде. Екі қалта толы азықты арқалаған Асқар үйіне ерекше көңіл-күймен енді. Әуелгіде жүзінен күлкі көшкен бала-шағасы алдындағы көрініске аңтарылып қалғаны рас. Кішкене кідірістен кейін жылдар бойы «адасып» жүрген отағасын жаңа көргендей жабыла құшақтай кетті. Маралдың көкірегінде күнделікті соққылар менмұндалап тұрғанымен, бәрін өткеннің еншісіне қалдырмаққа бекінді. Әрі беріден соң, он бес жыл отасқан жары ғой. Қайтсін?

– Барлығы үшін кешіріңдер мені. Ізбасарым менің, сен еліктеуге лайықты әке боламын. Енді тек жұмыс тапсам болды. Кешкілік ораламын. Бүгін молынан қазан көтер, Маралым. Отбасы болып, кешкі ас ішейік, – деді ол. Әйел байғұс орамалын мөлдіреген көздерінің астынан жүгіртіп өтті де: “Құп, отағасы”, – деді.

Есік алдына шығып, жұмыс бар-ау деген бірнеше жерді ойша белгілеп алды. Ауыл сыртындағы сүт фермасы – бірінші көздегені. Бірақ, алдымен үйге кірерде қора түбіндегі шөптің арасына тастаған екі шиша арақты тауысуды ойлады. “Соңғы рет...”. Осы сөзді аузына алды да мысқылдай күлді. Жаңа ғана жөнді адамның кейпіндегі Асқардың бұнысын ішіндегі ібілістің әрекеті ме дерсің. Дүкеншінің көңіл қылын тербеп, осылайша екі бөтелке таза арақты олжалағанына мәз. Бір жағынан бүгінше бала-шағасының ішіп-жемін тауып берді. “Бір оқпен екі қоянды аттым-ау, ә”, – деді тағы. Әлгі фермаға барар жолда үш үлкен мәуелі ағаш бар еді. Жанындағы арықтан аққан су бұның “демалысын” ойдағыдай өткізетін орынға сұранып-ақ тұр. Осында отыра кетті.

Бірақ ойында: “Фермаға жұмысқа орналасып, балаларыма нан тауып берсем, арақ ішкеніме бола осыншама сөге қоймас”, – деген ой үстемдік құрған еді. Бұл пиғылының дұрыс-бұрысын да білмейді. Бір бөтелкенің тығынын ашты да, еш демалмастан сіміріп салды. Қара түстен жылтыраған маңдайы мен желке тұсынан аңсар тердің бұрқ ете қалғанын бірден сезді. Арасын суытпай, екіншісін де қылғытып салды. Ағашқа жармасып, орынынан әрең көтерілді. Сөйтті де діттеген жеріне қарай аяңдады.

Бұл оның арақ үшін ойлап тапқан өтіріктерінің ең кереметі еді. Бірақ соңғы рақаттануы екенін өзі байқамай қалды. Көпірдің жанына теңселіп әзер жетті. Кенет, ені 2-3 метр ғана болатын аяқсу арығына аяғы шалынып, құлап түсті. Тыныс жолдарына кірген су оны жиекке ұмтылдырғанымен бір-екі талпыныстан кейін денесін тастай салды. Көз алдына тамағына төгілген арақ шөлмегіне бойындағы күш-жігер құйылып жатқаны елестеді. Қас-қағым сәтте қараңғылық орнай кетті.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

12 маусым 2019 ж. 1 703 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 37

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930