Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Кредит” төлейтініме қуаныштымын...

“Кредит” төлейтініме қуаныштымын...

Қашан келсең де осы. Банктің іші де, сырты да кезекте тұрған адам. Осыған қарап мекеме қызметкерлерінің жалақысы немесе зейнетақы түскенін бірден білесің. Бұл күні адам қарасы тіпті көбейе түседі.

Қайраттың несие төлеп жүргеніне бірнеше ай болды. Банк жанындағы банкоматтан айлығын ала сала, әудем жерде орналасқан ғимаратқа қарай асығыс аяңдайды. Өйткені ол жақта да ұзын сонар кезек. Айырмашылығы ақша алушылар емес, ақша берушілер. Яғни, осындағы терминал арқылы несиесін өтеуге жиналғандар. Аптап ыстықта алқынып, діттеген жерге жетті. Алдында шамамен он-он бес адам бар. Кірер-кірмесетен «Кезектің соңы кім екен?», – деді. Елуді еңсеріп қалған кісі: «Соңы мен едім. Менен кейін мына келіншек келді», – деп өзінен кейін тұрған ақсары қызды нұсқады.


Қайрат оның қасына жетіп барды. Жақын тұрмаса кезегіне біреу килігіп кететіндей. Әдемі қыз: «Мен келіншек емеспін», – деп күлімсіреді. Күлгенде одан сайын сүйкімді көрінеді екен. «Қызсыз ба?» деп сұрап қалған Қайрат өзді-өзінен ыңғайсызданып қалды.

Бұған біртүрлі қараған бойжеткен: «Иә, қызбын», – деді де, алдына бұрылды. Әншейінде «Кезек қашан келеді?» деп күйгелектенетін Қайрат бүгін кезекті бірнеше сағаттап күтуге бар. Тек алдындағы ақсары қыз кетіп қалмаса болғаны. Қас қылғандай адамдар да жылдам жылжыды. Қолдары мен ауыздары қоса қимылдап, жұмыстарын тез бітіруде.

Бір сәт «Балам маған көмектесіп жібересің бе?» деген кісінің сөзінен селт етті. «Әрине, аға» деп орнына ығысты. Бұл ақсары қыздың алдындағы кісі. Кезек сүйкімді қызға келді. Қайрат әрі ысырылмады. Жанына тұра қалды. Ондағы ойы терминалға телефон нөмірін енгізгенде, есіне сақтап алу. «Телефон нөмірін жазып аламын. Сосын қоңырау шалып, «Сіз сондай сүйкімдісіз», – деймін. Бірақ қалай айтам? Кіммін деймін? Бәлкім, таныспайтын шығар. М – ә –ә, танысса не деймін?» өз ойымен арпалысып тұр. Екі көзі терминалда. Бірақ тәтті қиялы су сепкендей басылды. Экраннан қыздың есімі емес, ер адамның аты-жөні шықты. Әкесі болуы керек. Телефонын алып, «Әкешім» деген нөмірді енгізді.

Енді қайтті? Қыз шығып кетті. Бұдан кейін екеуі қайта жолығарына кім кепіл? Бар үміті телефон нөмірінде еді. Қайрат кредитті төлеместен жүгіре шықты. Анау жерде кетіп бара жатқан сүйкімді қызды қуып жетті. Бұның өзін ұнатқанын ақсары қыз әуел бастан сезген. Әңгімені өзі бастады.

– Төлей алдыңыз ба?
– Нені айтасыз?
– Несиеңізді.
– Ааа, иә, жоқ, – деп Қайрат қобалжып кетті.
– Есімім – Айзада.
– Мен Қайратпын. Кредит төлей­тініме қуаныштымын, – деді. Қыз тоқтамастан күлді. Өзі ыңғайсызданып келе жатқан Қайрат одан бетер қызарып кетті. «Танысқаныныма қуаныштымын» деп айтпақ болған. Бірақ бұл сөзінің де жаны бар. Кредит төлеуге келмесе, арманындағы аруға кезікпейтін де ме еді, бәлкім. Кредит төлейтініне шынымен қатты қуанды.

Мейлі, қыз күле берсін. Қиялы көкке ұшқан Қайрат бойжеткенді өзінің бақыт құсына балап келеді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

05 маусым 2019 ж. 1 441 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930