«Мәңгілік ел» – ұлы идея
Қазақ елінде ширек ғасырдан астам уақытта қыруар істер жүзеге асырылды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандастың жүрегінде шексіз мақтаныш сезімі орнықты. Қазақстандықтар ертеңіне, елдің болашағына нық сеніммен қарайды. Отанның өрге өрлеуі – әрбір азаматтың жарқын жетістігі. Ол – елдік пен бірлік, ерлік пен еңбектің жемісі. «Мәңгілік Ел» – ата-бабалардың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Бұл – әлем елдерімен терезесі тең. Тәуелсіз мемлекет атану кепілі. Мерейлі мақсаттың іргетасы қаланып, жыл өткен сайын нығайып келеді.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мәні – мәңгілік мақсат-мұраттар мен мәдени-рухани құндылықтарға негізделген. Атап өтсек, бүгінгі таңдағы елдегі білім беру жүйесі өзінің жылдам өзгеруімен, жаңашылдығымен ерекшеленеді. Оның негізі – әрбір білім алушыны жеке тұлға ретінде қабылдай отырып, әрбірінің ерекшеліктерін ескере, оларды болашақ өмірде бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу міндеті тұр. Рухани құндылықтар әлемі де түбегейлі жаңарып, адамның ақыл-ойы, қуаты мен интеллектуальдық әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңызы туралы қағидалар түбірімен өзгерді. ХХІ ғасырдың оқыту жүйесінде меңгерілетін білімнің түпкі нәтижесі аса тұғырлы мәселеге айналды.
Заманауи мектеп – бұл жеке оқушы даралығына және өзін-өзі анықтауда педагогикалық қолдауды қамтамасыз ете алатын, инновациялық жеке тұлғаны дамытатын, білім берудің ізгілік технологияларын меңгеретін білім ошағы. Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ. «Біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, білімі мықты, білігі жоғары жаңашыл ұстаздарды қоғам қажет етіп отырғаны ел педагогтары үшін абыройлы міндет.
Қазіргі кездегі қоғамның жедел дамуы ғылым мен техниканың өркендеуімен байланысты болса, ал болашақта барлық саланы дамытатын бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан шәкірттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, өтілген оқу материалдарын терең ұғына білуге баулу – мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне де байланысты. Оқушының өмірде өзін-өзі тануға, ойлай білуге ұмтылуын арттырып, құлшынысын дамытып, әрбір сабақта озық әдіс-тәсілдерді қолдана білгенде ғана шығармашылық қабілет дами түседі.
Елбасы айтқандай, «Мәңгілік Ел» аясында тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қасиеттердің маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар тәрбиелеуге мән беруі қажет.
Ғабит БӘЙМІШЕВ,
№266 мектеп-лицейдің ұйымдастырушы-педагогі