Жаңа ғасыр жастары жырлайды
Қазалы аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен еңселі елордамыздың 20 жылдығына және Ұлттық домбыра күніне арналған аудан жастарының «Жаңа ғасыр жастары жырлайды» атты мерекелік кеші өтті. Шараның мақсаты – Елбасының тарихи ерлігі саналған елордамыздың өткені мен бүгінін, жиырма жылдағы толағай табыстарын паш ету, Елбасы 2018 жылдың 1 шілдесін – Ұлттық домбыра күні деп жариялап, қазақтың қасиетті қара домбырасын атаулы күндердің күнтізбесіне қосып, ұлттық құндылықты ұлықтаса, халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл- ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын басылым иелерінің кәсіби мерекесін атап өту болды.
Мерекелік басқосуға аудандық кітапхана жанындағы «Руханият» қызығушылар клубының мүшелері мен жалынды жастар қатысты.
Ұлтымыздың ұлы тұғырына айналған, Алаш жұртының асқақ айбары болған – ару Астанаға биыл 20 жыл. Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ осынау көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі шақ үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай болғанда да, Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен қатар аталып көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы пайда болды.
«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ –нағыз қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана,
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана» – деп Қадыр ақын жырлағандай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Сонымен қатар, бұл күн Астананың жиырма жылдығына арналған бағдарлама кестесіне енгізілді. Бес мың жылдық тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім-кімді де тамсандырмай қоймайды. Қазақ халқының аспаптық музыка саласы сан ғасырлар бойы қаншама тарихи кезеңнің рухани нәрін бойына жинап, өзіндік айрықша үнмен, өзгеше нақышпен, шебер шыңдалып, кемел дамып, ұлттық дара сипатта қалыптасты.
Рухани танымдық шараға қатысқан аудан жастары әсем Астанамыздың бүгіні мен болашағы турасында әңгіме қозғап, Ұлттық құндылығымыз саналатын қазақтың қара домбырасы жайында асқан шеберлікпен ой өрбітіп, баспасөз қызметкерлерін де төл мерекелерімен құттықтады. Думанды кеште әннен шашу шашылып, күмбірлете күй тартылып, жас ақындар жырларын оқыды.
Аталмыш шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова қорытындылап, жастарды алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.
Ақгүл СЕРІКҚЫЗЫ,
аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы.