Алғысқа бөленген ардақтылар
Қандай қоғамда болмасын әйел-ананың алар орны ерекше. Себебі нәзікжандылар арқылы ұрпақ жалғасын табады. Сұлулық әлемді құтқарар болса, адамзаттағы бұл қастерлі қасиет те оның бойынан табылатыны ақиқат. Арулардың құрметіне арналған халықаралық деңгейдегі айтулы күн де сол себепті белгіленіп, жыл сайын аталып келеді.
Осы орайда сәрсенбіде аудандық мәдениет орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында салтанатты шара өткізілді. Мерекелік жиында алдымен жас ақындар аналарға арнаған өлеңдерін оқыды. Бұдан соң сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов ыстық ықыласқа толы лебізін білдірді.
– «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екіншісімен әлемді тербетеді» деген даналық бар. Бұл тұста олардың тек ұрпақ тәрбиесінде ғана емес, ел экономикасының дамуына да барлық салада өзіндік үлесін қосып отырғандығын атап өткен орынды. Елбасы да ана мен балаға әлеуметтік қамқорлық көрсетуді мемлекеттік стратегияның маңызды мәселесі ретінде қарауда. Ана мен баланың денсаулығын қорғау, оларға тиісінше қамқорлық жасау, түптеп келгенде, елдің бүгіні мен ертеңі үшін маңызды мақсат екенін ешқашан естен шығармаймыз.
Аудандағы түрлі саладағы 12 мыңнан аса қызметкердің 7 мыңға жуығын, яғни, тең жартысын әйелдер құрайды. Сіздердің болашаққа деген сенімдеріңіз, өмірге деген құштарлықтарыңыз бүкіл Қазалы жұртының көңіл-күйіне ерекше ықпал етуде. Оны қазіргі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени даму бағытындағы жүзеге асырылып жатқан іргелі істер мен тың серпілістерден аңғаруға болады.
Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз күні дүниедегі ең қымбат тілек пен ақ ниеттің барлығы сіздерге арналады. Ел дамуына қосқан өлшеусіз ерен еңбектеріңізге риясыз ризашылығымды білдіре отырып, төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
Мерекелік кеш үстінде Бағдагүл Сақтаған, Көжек Жұбаева, Айжан Бейбітәлі, Гүлайым Айсауыт, Фатима Сырымбаева мен Нұрсұлу Алмағамбетова облыс әкімінің Алғыс хатымен, Қатира Тайпақ «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Тағы да бірқатар әйел азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатын алды.
Аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ