Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мадақ пен марапат мәдениет саласына арналды

Мадақ пен марапат мәдениет саласына арналды

Кеше Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Кешке жиналғандар алдымен мәдениет ошағында қойылған көрмені тамашалады.
Мерекелік бағдарламаның шымыл­дығы «Ақжелең» бишілер тобының орындауындағы қазақ биімен ашылды.
Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп жариялады. Содан бері үзбей аталып өтіп келеді. Біздің аудан – ұлттық мәдениетті қалыптастырған өңір. Оған куә дауылпаз шайыр, дүлдүл ақын, бұлбұл әнші, дәулескер күйші, көкірегінен сұлу сазды әуен төгілдірген сазгерлер қасиетті Қазалы топырағында туып, қазақ елінің мақтанышына айналды.
Бүгінгі мереке иелеріне аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов жылы лебізін арнады.
– Осы бір айтулы мереке күні мәдениет пен өнер саласының барша өкілдеріне, әсіресе, мәдениетіміз бен өнерімізді өрістету жолында аянбай еңбек еткен аға ұрпаққа шынайы алғысымды білдіремін. Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарыңызбен қуанта беріңіздер, – дей келе, Қазалы қалалық мәдениет үйінің қызметкері Қайрат Ильясовты «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісі және «Құрмет» грамотасымен, ал республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподақ комитетінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Әйтеке би кенттік клубының мәдени-ұйымдастырушысы Бижан Құрманбайды марапаттады.
Сонымен бірге, бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлеріне облыс әкімінің, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың, Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық және аудандық филиалының, «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының «Алғыс» хаттарын табыс етті.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық әріптестеріне ізгі тілегін айтып, мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлерге бөлім басшылығының Алғыс хатын тапсырды.
Кеш соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
22 мамыр 2018 ж. 2 066 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 75

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930