Сананы улаған смартфон
Жұлын-жүйкеміз ғаламторға желімдей жабысқалы, айналамызға мән беруден қалдық. Бұл қара аспанды қапылту емес. Рас әңгіме. Ұялы телефонның ақыл-санамызға ұялап алғаны соншалық, түрлі отырыс барысында да бір-бірімізге емен-жарқын әңгіме айтуда жоғалып бара жатқандай. Әйтеуір, тетігін басып қалсаң, төрткүл әлемнің бар ақпаратын алдыңа әкелетін «құдірет» иесінің құлымыз. «Желідегі дос», «Желідегі махаббат», «Желідегі қоғамның белді мүшесіміз». Тіпті, жұбанбай жатқан балдырғанның қолына смартфонды ұстатып, тыныштандыра қою күнделікті дағдыға айналған.
Компьютерлер алғаш ауданға келген тұстары мектеп қабырғасындағы шәкірт едік. Сол кездері манитормен көздің арақашықтығы 60-70 сантиметр болу керек дегенді мұғалімдеріміз құлағымызға құйып жататын. Қазір компьютердің де сәні кетіп, смартфондардың дәуірі өркендеген сайын ол ескертуді де естен шығардық.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді балабақшадағы балғындарға икемдеп «Телефоннан не көрсең, балабақшада соны айтасың» деп өзгертіп алсақ қалай? Иә, қағыс естімедіңіз. Сондай да бар екен. Яғни, сіздің балабақшадан бірдеңе үйреніп келсін дейтін балаңыз тосыннан келеңсіз сөз немесе бейпіл сөз үйренсе тәрбиешілерді де көп кінәламау керек сияқты. Себебі, смартфоннан көретін түрлі мультфилімдер мен анимациялық ведиоларда да бейпіл, былапыт сөздер өріп жүр. Нанбасаңыз «You Tube» құрылғысынан ғашығы тастап кететін өрмекші адам мен ересек адамдардың ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп, ашуланып айтатын боғауыз сөздері, басқа кейіпкерлермен көңіл жарастыратын көріністері, оң-солын ажырата алмайтын сәбидің ұғымын теріс қалыптастыратыны түсінікті.
Осы орайда, 29 жыл ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі Жадыра Сыдықованың пікіріне құлақ асқан едік.
– Алдымыздан талай балдырғандар өтті. Қаншамасын мектепке аттандырып салдық. Бұрынғы балалар мен қазіргі уақыттың балаларының айырмасы жер мен көктей. Ертеректе балалар сәл алдағаныңа көніп, тыныш отыра қалатын еді. Қазіргілерді сөзге иландыру өте қиындап кетті. Оған тағы бір себеп: әртүрлі сериалдар мен мультфильмдердің әсері деуге болады. Қазіргі тілі енді шыққан балалар «Апай, «Зухра», «Ананди» сериалдарын көрдіңіз бе?» деп сұрайды. Одан бөлек, үйінде «You Tube» каналын ашып алып, түрлі ведиолар көреді. Соның барлығы балалар тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Өзіміздің ұлттық арнаның «Балапан» бағдарламасын көретіндер де бар. Оны көріп келетін балдырғандар қандай дүние үйренгендерін, қаншаға дейін санай алатындарын айтып отырады. Ол әрине дұрыс. Ата-аналар балаларын үйлерінде де жіті қадағалап отырса екен, – дейді.
Балаңыз қараптан қарап жылай салатын немесе түнде шошып ояна беретін хәлге душар болды ма?! Болмаса, бейәдеп қимылдар жасайды ма? Онда оған да тікелей телефон кінәлі дейміз. Оны өздеріңіз «You Tube» каналындағы сүреңсіз мультфильм¬дерде көрсететін сәби түгілі үлкендердің өзіне қорқыныш ұялататын көріністерден аңғаруыңызға болады.
Байырғы данышпан бабаларымыз «Не ексең – соны орасың» деп айтып кеткен. Бала психологиясы әдетте ең әлсіз, ең бейғам, тез қабылдағыш болып келеді. Сондықтан, қаскөй мен арамзаның арам пиғылынан өздеріңіз ғана қорғай аласыздар, ата-ана. Тәуелсіздігіміздің еңсесі тік болсын десек, тәй-тәй басқан тентектерді телефоннан тыяйық!
Е.ЖҰМАБЕКҰЛЫ.