Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халқына адал қайраткер

Халқына адал қайраткер

Осы шағын мақаламызда Д.А.Қонаевтың қазақ елі тарихындағы орны және оның басшылығы тұсында еліміздің жеткен жетіс­тіктері жайлы оқырмандарға қысқаша ғана жеткізгенді жөн көрдік.
Қазақ халқында: «Атаңның баласы емес, адамның баласы бол. Халқыңа – қалаулы, еліңе – елеулі азамат бол!» – деген өте мағыналы бата бар. Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев – дәл осы айтылғандай мәртебеге лайықты адам болған. 1912 жылы 12 қаңтарда бала Димаш қазіргі Алматы (Верный) қаласында дүниеге келген. Алматыдағы №14 орта мектепте білім алған. Оның өмір жолы өз алдына үлкен том-том кітап болатын дүниелер. Сондықтан оның қазақ еліне еткен еңбегі, тарихтағы орны, оның басшылығы кезіндегі еліміздің жеткен жетістіктері аз емес. 1920 жылдан бастап қазақ елін 20-ға жуық басшы басқарған екен. Олардың ішінде қазақ еліне жақсылықтар әкелгеннен бөлек, зұлымдық жасағандары да болғаны тарихтан белгілі.
Д.А.Қонаев өзінің бар қабілетін, ақыл-ойын, білімін, күш-жігерін өз халқының әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің өзге елдермен тең дәрежеде өркендеуіне жұмсады. Оған оның халқымыздың мұң-мұқтажын, жастайынан көріп-біліп өскен­дігі, өмірден, ата-анасынан алған жақсы тәлім-тәрбиесі де себеп болған шығар. Мінезінің де өте жайлы, қарапайым, қайырымдылығы да, халыққа өте жақын болуына әсерін тигізгені рас. Оның бұқараны жоғары бағалағанын мына бір екі мысалдан-ақ байқауға болады. Кезінде ақын-жазушы, композиторлар ол кісіге арнап ән де, өлең де жазғылары келген. Димекең ондайларға қатаң тыйым салған. Нұрғиса Тілендиев ән арнамақ болғанда көмекшісі Дүйсетайға: «Нұрғиса ініңе айт, ықыласына рахмет. Әнін маған емес, өзін аялап отырған халқына, еліне арнасын» – депті. Нұрғиса ағамыздың «Өз елім» әнінің шығу тарихы осындай екен.
Тағы бір мысал, шет елге барған сапарында (қай ел екенін ұмыттым) сол елдің басшысы Димекеңнен: «Сіздің халқыңыздың бәрі де өзіңіз секілді бойлары биік пе?» – деп сұрағанда, «Менің халқым – менен де биік» – деп бір ауыз ғана сөзбен жауап берген екен. Мұнан Димекеңнің өз халқын – өзінен жоғары қойғандығын аңғаруға болады. Дінмұхамед Ахметұлы туралы естелік білдіргендердің барлығы да, оның кеңпейілді, қайырымды, сабырлы, салмақты, екі тілде де еркін сөйлейтінін, парасатты адам болғанын айтады. Қызмет бабында, күнделікті өмірде болсын ашу шақырып, дауысын көтеру, біреулерге қатты ұрысу әдетінде болмаған. Үлкен-кішілі адамдармен ашық-жарқын сөйлесіп, еркін араласқан. Жұмысына ешбір оққағарсыз, көліксіз жаяу барғанды ұнатқан. Кісі баласын жамандап, сыртынан сөз айту, ғайбаттау дегенді білмеген. Өзін жамандаған кейбіреулердің өзіне де кешіріммен қараған. Біреулермен өштесу, кек сақтау дегенді білмеген.
Өзінің естелік кітабында: «Мен ештеңеге, ешкімге де өкпелемеймін, бұл менің өмірім» – деп сыр ақтарғаны бар. Жаратушы иеміздің кең бітім, жомарт мінезбен даралаған кісілігі зор азамат ғана осындай сөздерді айта алса керек. Димекеңнің тұсында еліміздің экономикасы алға басып, халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарды. Алыс ауылдарға жолдар салынды. 1960 жылы елімізде 26 ғана жоғары оқу орны болса, 1986 жылы оның саны – 55-ке жетті. Барлық облыстарда пединституттар, кәсіптік-техникалық училищелер ашылды. 1960 жылы елімізде студенттер саны – 70 мың болса, 1986 жылы олардың саны – 275 мың болды. Театр, мектеп, балабақшалар бой көтерді. «Қазақстан» қонақ үйі, Медеу мұз айдыны, үлкен Алматы каналы, ҚазМУ ғимараты, политех, энергетика институты және тағы бірқатар нысандар салынды. Елдің әл-ауқаты түзелгеннен кейін халық саны да өсті. 1960 жылы қазақтар 3 миллионға жетсе, 1985 жылғы санақ бойынша – 7 миллионға артты. Қонаевтың елімізге басшылық еткен кезінде – биліктің тізгіні Мәскеудің құзырында болды. Алайда ол қолынан келген жақсылығының бәрін еліне жасады. Орталықтың тас құрсауында болсақ та, өзінің көрегендік қасиетінің арқасында еліміздің өркендеуіне өте зор үлесін қосты. Оның бас хатшы Л.И.Брежневпен достығы да еліміздің дамуы үшін елеулі қаржы қорын тартуға мүмкіндік берді. Егер қазіргідей тәуелсіз ел болған кезімізде Димекең мұнан да үлкен жетістіктерге жеткен болар еді. Оның қызметтес інісі Кеңес Аухадиев Димекең оңашада өзіне өте жақын жандарға: «Тәуелсіз ел атансақ өз мәселемізді – өзіміз шешетін едік дегенді жиі айтушы еді. Қазақтың тәуелсіз ел болғанын ол кісі жан-тәнімен аңсайтын» – дейтін. Димекең халық үшін туған, ерекше жаралған ұлы тұлғаларымыздың қатарында тарихта қалды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты жұртшылық халқына адал қызмет еткен белгілі қайраткер ретінде әрдайым ел есінде сақтайды. Сондықтан Димекеңнің бейнесі бізден алыстаған сайын оның ұлылығы биіктей береді.
Айбол БИТУҒАНОВ.
09 қаңтар 2018 ж. 2 758 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 74

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 69

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930