Криптовалютаның болашағы қандай?
Адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап жаңа дәуірдің сиқырлы әлеміне еніп барады. Адам баласы бұрын-соңды бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары – цифрландыру технологияларын жасақтау үстінде. Соның арқасында кызмет көрсету саласындағы небір операцияларды санаулы секундтарда орындап тастауға қол жетті. Енді тек қызмет көрсету саласы ғана емес, ақша да электронды жүйеге ауыса бастады. Бұл, әрине, қаржы нарығында үлкен жаңалық болып саналады. Әңгіме криптовалюта жайлы болмақ.
Криптовалюта дегеніміз не? Бұл қаржылық пирамида және виртуалды ақша емес. Бұл сандық ақша төлем құралы. Сіз кез келген ақша аударымдарын жасасаңыз, банк арқылы немесе несиелік компания арқылы жүзеге асады. Мейлі телефонға бірлік, коммуналды төлемдер, т.б көптеген операциялар делдал (комиссия) арқылы жүзеге асады. Ал криптовалютада барлығы басқаша.
Әрбiр мемлекеттiң өз ұлттық валютасы бар. Ал, мамандардың пiкiрiнше, қазiр ғаламтор арқылы төлем жүргiзетiн сандық биткоин криптовалютасы халық арасында кең қанат жайып келедi. Былайша айтқанда, ол интернеттiң өз валютасы. Бұл ақшаны Үкiмет басқара алмайды, адам қай елде жүрсе де, оны төлем ретiнде қолдана бередi. Сонымен бірге, элекронды валюта ешқандай да жүйеге бағынбайды.
Криптовалюта ешқашан кибершабуылға, xакерлік шабуылдарға бүлк етпейді. Қорғанысы өте жоғары, мықты. Девальвация деген атымен жоқ. Криптовалютаны кез келген әлемнің нүктесіне бір сәтте жібере аласыз. Шотыңызға тексеріс немесе транзакция жасау барысында сізге ешкім кедергі жасай алмайды. Ол мемлекетке, ұлттық банкке тәуелді болмайды, ешкімге бағынбайды. Сандық ақшаны жеке тұлғалар (эмитент) шығарады. Бірақ, бұл мүлде басқа валюта. Сіз ол ақшаны қолыңызға ұстай алмайсыз және қалтаңызға сала алмайсыз. Биткойн – криптовалюталардың ішіндегі ең танымалы. Оның есеп-қисабы түрлi криптографиялық әдiс-тәсiлдерге негізделген.
Қазір биткоин арқылы кейбір елдерде сауда жасай аласыз. ЕуроОдақ биткоинды ресми түрде қабылдаса, Жапон елі бүгінде үйреншікті қолданып жүр. Әрине, кейбір адамдар криптовалютаға болашақтың төлем құралы ретінде қарайды. Ал, кейбірі бұл жүйе әлемдік экономикаға өз зиянын тигізеді деп ойлайды. Бірақ, екі тарап та кез келген ақша аударымы делдалсыз жүрсе әлемдік экономикаға тиімді екенін жоққа шығармайды. Кезінде қоғам нарықтық экономикаға көшкенде виртуалды ақша жүйесін сенімсіздікпен, үреймен қабылдап еді, бүгінде екінің бірі қолданады.
Дәстүрлі валютамен салыстырғанда криптовалютаның қандай кемшіліктері бар? Білетіндердің айтуынша, ол алтын қорымен және мемлекет кепілдігімен қамтамасыз етілмеген. Реттеу механизмдері жоқтығынан қанша дегенмен, электрон әмияндардың сақталуына толық кепілдік жоқ.
Дәстүрлі ақша сияқты мұнай бағасының өзгеруіне де емес, биржаның бұзылуы, хакерлік шабуылдар, тіпті интернет пен электр тогының жағдайына да тәуелді бағасы шұғыл өзгеріп кету ықтималдығы. Жекелеген елдердегі биліктің қатынасымен байланысты тәуекелдер. Қаржы реттеушілер криптовалютамен амалдар жүргізуге тыйым салуы, тіпті оны қолданғандарды жазалауы мүмкін. Түрлі елдерде оған қандай салық салынатыны да түсініксіз. Криптовалюта сақталған әмиянның құпия кілтін жоғалтып алу ондағы «ақшаның» түк қалмай жойылып кетуіне әкеліп соғады. Құпия кілтті қалпына келтіру мүмкін емес. Аударымдардың құпиялылығы қандай да бір қылмыстық әрекетке әкеліп соқтыруы мүмкін.
Ал енді осы виртуалды ақша туралы біздің мамандарымыз не айтар екен? ҚР Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышевтың пікірін тыңдап көрелік. Ол баспасөз мәслихатында әлі күнге дейін криптовалютаның не екенін түсінбейтінін айтып, қазақстандықтарды бұл қауіпті жүйеден сақтандырды. «Кәсіби тұрғыдан алып қарасам да, мен әліге дейін криптовалютаның не екенін түсінбеймін. Бұл – бірыңғай орталықтандырылған органы жоқ, нақты шығарушысы жоқ құрал», – деді. Сонымен бірге, криптовалютаға қатысты қаржылық реттеу ұсыныстары Үкіметке жіберілгенін атап өтті. «Ұлттық валютаны криптовалютамен есептеуге шектеу қойып, сонымен бірге мұны криптовалютамен жүзеге асыратын қандай да бір компаниялардың қызметіне тыйым салу секілді шарттарды күшейтуді ұсынып отырмыз. Криптовалютаны инвестициялауды қалайтын адамдардың активін сақтаумен қазір ешкім айналысқысы келмейді. Егер бұл құралдан шикілік шықса, криптовалютамен инвестиция жасайтындарға не болады? Олар мемлекетке «Неге уақытында ескертпедіңіздер?» деп келетінін біліп тұрмын. Сол себепті қазірден мұндай операциялар қауіпті екенін ескертемін», – деп мәлімдеген болатын Д.Ақышев.
Бүгінде республикада криптовалюта қаншалықты таралғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Қазіргі таңда елімізде қанша адам биткоин, латкоин, пиркоин және өзге де криптовалютаны қолданатыны белгісіз. Кейбір сарапшылар болашақта криптовалюта Қазақстанда сұранысқа ие болады дейді.
Ал жазда Астанада өткен экономикалық форумда Елбасының өзі жаңа жүйенің инновациялығын атап, бүкіләлемдік қауымдастыққа біртұтас криптовалютаны енгізуді ұсынған болатын. Бұл әлемді валюта соғыстарынан, алыпсатарлықтан құтқаруға, сауда қатынастарындағы ауытқуды болдырмауға, сондай-ақ нарықтағы құбылмалылықты төмендетуге мүмкіндік бермек. Оны енгізу БҰҰ-ның арнайы құрылған комитеті жанындағы орталық банктер болмақ дегенді айта келе, Н.Назарбаев «Жаңа валюта жалпыға қолжетімді және бүкіләлемдегі тұтынушылар қабылдайтындай болуы керек. Ол абстракты сенім білдіруге емес, нақты активтермен қамтамасыз етілуі тиіс» деді.
Бүгінде Австрия астанасы Вена қаласында әлемдегі алғашқы биткоин-банкі жұмыс істейді. Онда банк клиенттері қолма-қол ақшаларын (тек еуроны) биткоиндерге алмастырып, цифрлық валюта туралы ақпарат ала алады. Алғашқы биткоин-банкті жергілікті BitTrust блокчейн-стартапы жасап шыққан. BitTrust-тың басқарушы директоры Магдалена Исбраднт цифрлық валютаның артықшылықтарын «бұл валюта арқылы келіссөз жылдам әрі делдалсыз болады» деп түсіндірді. Биткоиндерді алу үшін қолданушы криптовалюта жинақталатын виртуалды пошта секілді 27-34 символдан тұратын арнаулы мекен-жайы болу керек. Биткоин-мекенжай ешқайда тіркелмегендіктен, барлық ақша аударымдарының процесі анонимді болады. Ал қазір елде жиырмадан астам ұйым төлемді виртуалды валютада қабылдайды.
Қалай дегенмен де, әлемде криптовалюта қолданыла бастады. Оның қалай өрбитіні алдағы уақыт еншісінде айқындала жатар.
Әзірлеген
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.