Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар кімге қарап бой түзеп жүр?

Жастар кімге қарап бой түзеп жүр?

Жастардың біздің болашағымыз екені бәрімізге белгілі. Ал сол жас өскіндер кімге қарап, бой түзеп жүр? Осы сұрақтардың жауа­бын алуға тырысқанымызда, респонденттердің көбісі көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген сериалдар мен қазіргі жастар сүйіп тыңдайтын әндердің орындаушыларын айрықша атап өтіп, соларға қызығатындарын жасырып қалмады. Енді кейбіреулері ер жігітке тән емес қылық көрсететін “жұлдыздарға” ұқсағысы келмейтінін, есесіне кітап оқуды ұнататынын жеткізді. Ендеше пікірлерге құлақ түріңіз.
Салтанат ШЫНЖЫРБЕКҚЫЗЫ,
№16 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы:
– Біреуге қарап еліктеу жаман нәрсе емес. Сол адамның жақсы жағын үйренгенге не жетсін. Өзім де бір адамды үлгі тұтып, сол адамның ісін қайталап, киімін кию деген атымен жоқ. Бірақ әрдайым ол адамның жақсы жағын үйренуге тырысамын.
Меніңше, қазіргі жастардың идеал көретін тұлғаларының бірі – кəріс жұлдыздары. Кім көз алдында көбірек көлбеңдесе, соған еліктейтіні бəрімізге түсінікті. Көгілдір экран арқылы қандай азаматтар жиі насихатталса, бүгінгі ұрпақ соларға қарап бой түзейді. Дегенмен, шетел əртістері мен мəн-мағынасы жоқ əн айтатын əншілерге еліктегеннен гөрі, көркем әдебиеттегі шығарма образдарын бойға сіңірген дұрысырақ сияқты. Ол үшін кітапты көп оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласу керек. Себебі, рухани жан дүниесі бай, көкірек көзі ояу, білімді баланың қолы жаман әрекетке, аузы жаман сөзге бармайды.

Арайбек БАЙЗАҚ,
Бекарыстан би ауылының спорт нұсқаушысы:
– Өзім спортпен көп шұғылданатын болған соң, қостанайлық “Тобыл” футбол клубының көп жылдардан бергі ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиевті үлгі тұтамын. Тәжірибесі таудай футболшы алаңда өзін еркін ұстап, командаластарына көп көмектеседі. Сондай-ақ, күнделікті өмірде де ұстамды, отбасы құндылықтарын жақсы сезінетін азаматтың жауапкершілігі мол. Сондықтан болар, жасы қырыққа таяп қалса да әлі күнге дейін өз клубына жәрдемдесіп жүр. Биыл “Тобыл” футбол клубы ел біріншілігінде қола медальға қол жеткізіп, келесі жылы Еуропа лигасында өнер көрсетуге жолдама алды.
Қазіргі таңда өзім туып-өскен Бекарыстан би ауылында спорт нұсқаушысы болып еңбек етіп жатырмын. Салауатты өмір салтын ұстанып, доп тепкенді ұнатамын. Футболдан өтетін аудан біріншілігіне ауыл жастарынан команда жасақтап, үнемі қатысып тұрамыз.

Айша АЙДЫНБАЙ,
Қ.Нұрмаханов атын­дағы №95 мектептің 7 сынып оқушысы:
– Мен соңғы уақытта жастар арасында зор танымалдылыққа ие болған Ninety One тобының әндерін сүйіп тыңдайтындардың бірімін. Өзіме заманауи жанрда ән айтатын жігіттердің қарапайымдылығы қатты ұнайды. Олар концерттен кейін фанаттармен кездескенде қойылған сұраққа жұлдыз ретінде емес, тыңдарман деңгейінде жауап береді. Бұл көп әншіге үлгі болатын нәрсе. Себебі біздің әншілерге кішкене танымалдылық болса, көкірек көтеріп кетеді.
Сондай-ақ, Ninety One тобының тыңдарман­дармен барлық бағытта жұмыс жасайтыны оларды өзгелерден ерекшелеп тұрады. Тек қана музыкалық арна емес, youtube-тағы жеке каналдары да жақсы жұмыс істейді. Youtube-тегі каналды дамыту топ үшін үлкен көрсеткіш. Себебі сол канал арқылы басқа елден де өзінің тыңдармандарын табуда. Біздің әншілердің өздеріне канал ашып, жұмысты жандандырмайтыны ұнамайды. Өздерінің бейнетаспа, әндері әр жерде шашылып жүретіндері де үлкен минус. Бірақ жарнамалау жағынан, әлеуметтік желілер арқылы дамыту жағынан бұл топқа ешқандай мін жоқ. Сондықтан болар, бүгінде олардың қатары күн санап артып келеді.
Бұл топтың маған ұнамайтын бір ғана жері бар. Ол бойзбендтің киім кию үлгісі.

Салтанат ЖАНҚЫЛЫШ,
студент:
– Біздің елде жастарға қай жағынан алып қарасақта жан-жақты қолдау көрсетіледі. Елбасы­ның өзі халыққа жолдаған Жолдауында үнемі бізге қамқорлық танытып, тіпті 2019 жылды Жастар жылы деп те атады. Олай болса, елімізді өркендету үшін білімді жастар керек, жақсы оқып, жан-жақты білім мен ғылым алуымыз керек. Ел ертеңі – біздің, келер ұрпақтың қолында деп айтып та, жазып та жатыр. Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз деп білем. Ал осы дұрыс жолдан тайып, нашақорлық пен маскүнемдікке салынып жүрген жасөспірімдердің саны өсуде. Неге денсаулығымызды, жанымызды таза ұстап, талғамымыздың биіктігін білдіріп, салауатты өмір сүрмеске? Бұған не кедергі, кім кінәлі? Бәрі де әр адамның өзіне байланысты.
Бүгінгі батыстық әдеттерден арыла алмай жүрген жастар адамгершілікпен баяғыда қоштасқан. Ондайлар өздері өмір сүрген қоғамды қалайша көктетеді? Елінің қамын қашан ойлайды? Оны қалай қорғамақ? Осының бәрін ойлағанда қоғамды түсініп болмайсың.
Әрине, бес саусақ бірдей емес, олай болса жастардың барлығына кінә тағуға болмайды. Десе де бүгінгі жастарға рухани байлық, таза ой, терең білім, адамгершілік, адалдық, қайрат, қала берді денсаулық та жетіспейтін секілді.

Ақмарал БАЙДУЛЛА,
Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің 11 сынып оқушысы:
– Уақытқа ілесу – заман ағымы. Қазіргі уақытта телеарналарда әртүрлі жанрда музыкалық топтар ән айтады. Оларға деген қоғам көзқарасы сан алуан. Мен жастардың мұндай топтарға деген ынтасы жақсы десем артық айтпаспын. Жасөспірімдер арасында тыңдалатын әндердің көбі батыс елдерінен жеткен дүниелер. Q-pop, Ideals жанрындағы әндер айрықша сұранысқа ие. Жас толқын жиі тыңдайтын эстрадалық топтарға Ninety One, Newton, Madmen сияқты әншілер жатады. Әрине, мұндайға құлақ түретін жастар олардың өлеңінің сөздеріне емес, әуезіне басым назар аударады. Музыкасы құлаққа жағымды, ритмді келетін әуенге құмар және осындай әндерді көп іздейді.
Алғашқы уақытта осыған ерсілеу қарағаны­мызбен, кейін уақыт өте келе кең етек жайғаннан кейін етіміз үйренген. Тыңдаған үстіне тыңдай бергіміз келетін сәттер жиі болады. Бұрынғы ата-әжелеріміз ықылас танытатын мән-мағыналы, тәрбиелік маңызы зор әндерге бірқатар сыныптастардың көңіл аудар­мауы білдіруі көңілге кірбің ұялатады.
PS: Жастықтың жалынына шырмалған жастар жаһандануды желеу еткен жандардың құрған “тұзағына” түсіп, Батыстың былығына батуда. Даңғырлаған музыкаға майдай еріп ентелегендердің бетін бері қаратқанымызбен, дініміз бен дәстүрімізге кереғар дүбәра дүниелер – фильмдер, сериалдар, бейнеклиптер, басқа да қаптаған сүреңсіз әдет-дағдылар жас өскіндерді өздеріне күш қолданбастан еріксіз бағындырып, өрендеріміздің өресін тарылтуда.
Қазақ халқында “Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа. Жаманмен дос болсаң, қаларсың ұятқа” деген жақсы бір сөз бар. Сондықтан ұлттық нақыштағы ән-жырмен сусындап өскен жастар әрдайым жақсылыққа құштар болып, жамандыққа жуымайды.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
03 қараша 2018 ж. 2 546 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 101

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930