Тиын сұрап тіленіп, жүр қазақтың баласы

– Аға, тиын беріңізші? – деген оларға жомарт құрдастар қолдарына сылдырлатып ақша ұстата қойды. Әншейінде «Жақсылық жасасаң, балаға жаса» деген қағиданы жіті ұстанатын менің осы мезетте сараңдығым қатты ұстай қалды. Іштен тынғанмын. Тіленіп келгендерін жақтырмағаным рас. Бірақ, бес минут өтпестен тағы да үш жеткіншек келіп: «Аға, досыңыз үйленіп жатыр ғой. Досыңыз үшін тиын беріңізші?» дегенде кірпідей жиырылып, тіптен ызаға булықтым. Осы ретте, әлгіндегі жеткіншектердің мешіт ауласына келген жастардың барлығынан осылай ақша сұрап құныққанын бірден түсіндім. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген осындайда айтылса керек.
– Айналайын, мешкей деген жақсы ат емес. Жаңа ғана жандарыңдағы балаларға ұстаттық, – дегенді құлақтарына қыстырмады. Дәл осы жерде мазасын кетіргенге ашуланған жігіттердің «Қазір милиция шақырам, қалтаңдағы бағана өзім берген ақшаны тартып алам» дегендерінен де ештеңе шығара алмадық. Сәлден соң, лажсыз қатулана қарап, зілдене сөйлеуге тура келді. Қаһарымыздан қаймықты ма, әлде бұл әрекеттерінен түк өнбесін білді ме, басқа жастардың тілін табуға ойысты.
Көптен бері тіршілігі қыз-қыз қайнаған кент орталығында тұрсам да, алақан жайып, біреу-міреуге көшеде тілемсектеніп жүретіндерді көрмегендіктен бе, балалардың бұл әрекеттері көңілге ауыр тиді. Садақа сұрау, беру – құптарлық іс болғанымен, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді кәсіп етсе, олардың ертеңгі күні не болмақ? Арсыз, тілемсек буын болып қалыптаспай ма? Осындай ойлар көңілден кетпей қойды. Оны мешітке кіргеннен кейін имам жігіттерге де құлаққағыс еткенбіз. Олардың бұл іске қауқарсыз кейіп танытқандарын көріп, ұнжырғамыз түсті...
Мұндай той көліктеріне жүгіретін балаларды тек мешіттің ауласынан ғана емес, «Жеңіс» саябағына кірер тұстан да кезіктірдік. Ондағылар арқан кергені болмаса, мазаңды алмайды екен. Бірақ, қаптаған көліктің алдынан шығып жүгіргендеріне қарап, зәре-иманымыз ұшқаны анық. Ойда-жоқта майып болып қалса, обалын көлік тізгіндеген жан көретінін айтпай кетпеуге болмас.
Есет ТАБЫНБАЕВ