Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазіргі жастар "ойбай" да, бұрынғылар "пай-пай" ма?

Қазіргі жастар "ойбай" да, бұрынғылар "пай-пай" ма?

Кеңестік дәуірдегі тәрбие мектебі жөнінде ата-аналарымыздың, қазыналы қарттарымыздың аузынан еститін әңгіме бүгінгі таңның тәрбиесімен «үш қайнаса да, сорпасы қосылмайды». Қарап отырып, ой түйіндесеңіз, бұрынғы жастар тәрбиесіне «пай-пай» дерсіз де, ал қазіргіге «ойбай» дерсіз, ағайын! Бұл – шындық.
Қарияларымыздың қазіргі заманның жастарына қынжыла қарауының да жөні бар. Бірақ осы тәрбиесіз жастар көктен түспеген болар. Ол да біреудің бел баласы. Ол кездің заманы басқа деп айтар. Иә, ол да рас. Өйткені, олардың өскен заманында жастардың бос әуре-сарсаңға салынып, соның нәтижесінде бірін-бірі ұрып соғу, өлтіру, зорлау-зомбылау деген сорақылық болмағаны ғой.
Кейбір қаракөздеріміздің аузы толған былапыт сөз, тартқаны – темекі, ішкені – «ащы су». Ал енді бұндайлардан келешекте абзал ана шығып, дені сау ұрпақ дүниеге келеді деудің өзі күмәнді. Қалай дегенмен де, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Осындайда «араққа сәлем берсең, ақылға «хош бол» де» деген грузин халқының керемет сөзі ойға оралады. Қазақи менталитетімізге сай емес жат қылықтармен әріге басуымыз екіталай.
Үйде әке мұрағатынан қалған рухани дүниелер бар. Олар – мол кітап қоры мен ескі газеттердің кейбір сарғайған сандары. Сол сарғайған газет беттерін оқып қалсаңыз, бейне бір сол заманға түсіп кеткендей, сол дәуірдегі қайнаған тұрмыстың, атқарылған істің, ашылған жаңалықтың бел ортасында жүргендей күйге енесің.
Әрине, сол кезде әркім өз құқының қамы үшін емес, партия үшін, мемлекет үшін адал қызмет еткені мәлім. Әр саладан алау жағып, соған лайықты мақтау мен марапатқа ие болып отырған.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1974 жылғы 29-наурыздағы №74 санында жарық көрген «Жаныңда жүр жас өрен» деген мақалаға көз салайық. Онда былай деп жазылған екен:
«Жастар – біздің болашағымыз, күні бүгінге дейін атқарылған, қазір де атқарылып жатқан жасампаздық жарқын істеріміздің жалғастырушылары да солар. Жоғары саналылық пен белсенділік әуелі жастарға тән болсын, солардың бөлінбес еншісіне айналсын – бүгінгі күннің талабы осы. Жастар қашан да жаңалыққа құштар. Олардың осы қасиетін ортақ мүдденің орайына бұра білетін, жалындаған жас жүректердің сырын ұға алатын басшы – ұстаз», – делінген. Сол кезде жастарды еңбекке тарту мәселесі жолға қойылғаны дәлелді мысалдармен берілген.
Түйетін ой – сол уақытта темірдей тәртіптің болғаны, жастардың бос жүрмегені, қайнаған жұмыстың ортасында, қызу еңбекке араласқанын айқын аңғарасыз. Жастарды тәрбиелеуде кешегінің озығын орнымен пайдаланайық. Айтарым да осы еді.
А.НАРЫМБАЙҰЛЫ
16 қазан 2018 ж. 2 388 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930