Көрпемізге қарай көсілейік
Өзім сүйіп оқитын аудандық «Қазалы» газеті соңғы уақыттарда оқырмандарға тәрбиелік маңызы мол тақырыптарды жиі ұсынып келеді. Соның бірі газеттің биылғы жылғы 72 нөміріндегі тілші Ринат Әбдіқалықтың «Ысырапты ұмытып барамыз» атты мақаласына орай, өз пікірімді ортаға салғанды жөн көрдім.
Қазақтың қонақжай да, дарқан халық екенін елімізге келіп, дәм-тұзымызды татқан кез келген ұлт өкілі біледі. «Қонақты сөзбен тойдыра алмайсың» дегенді бекер айтпаған қандастарымыз бар сақтағанын қонағының аузына тосып үйренген. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған ізгі дәстүріміз жайлы ғұлама ақын Қадыр Мырза-Әлі:
«Ол бастан жомарт қазақ топырағы,
Ол қашан дастарқансыз тоқырады?
Мейманға нәрін беріп, барын беріп,
Қонақтан қалғанын жеп отырады», – деп жырлаған болатын.
Қонақ табалдырықтан аттаса, барымызды салып қазан көтеріп, жылы-жұмсағымызды тоңазытқыштың бір бұрышына тығып жататынымыз да сол дәстүрдің ұшқыны деп ойлаймын.
Алайда, ата дәстүрдің де халықтың тұрмысы, елдің экономикасына байланысты өзгеріп, жаңарып, жаңғырып отыратынына ешкімнің таласы жоқ. Қазір, Құдайға шүкір, қуанышқа орай болатын той-тамашаның немесе ас-садақалардың түрлері көп. Осындайда мақтаныш дәрежесіндегі ұлттық мінезіміз бой көрсетіп қалатыны бар. Сол әдетімізге салып, қонақтың жай отырмай, сынап отыратындығын білгендіктен, оған сый-сияпаттарын барынша жасап қалуға тырысудың даңғойлыққа қатысы бар деп ойлаймын. Осындайда Абайдың: «Өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдікті білдіреді», – дегені ойға оралады. «Анадан асырайын, мынадан кем қалмайын» деп қонақ жайлау барысында үлкен ысырапшылдыққа жол беріліп, ауқатты топтардың іс-әрекеттерін жасауға тырысып, халықтың әлжуаз топтары да банк жағалап, несие алып, қарызданып-қауғаланып жатады. Әсіресе қайтыс болған жанды жайғару үстінде санаға сыймайтын жаға ұстатар ысыраптың куәсі болып жүрміз.
Қазіргі қазалы жайдағы ас мәзірінің той дастарқанынан еш айырмашылығы жоқ. Оны тек арақ-шарабы жоқтықтан айыратын жағдайға жеттік.
Еліміздің басқа өңірлерінде дін өкілдерінің араласуымен дүние салған адамды жерлеу кезіндегі бірқатар рәсімдер дұрыс жолға қойылып, дастарқандағы ас түрі қарапайымдандырылған көрінеді.
Тепсе темір үзетін жап-жас кейбір жігіттеріміз қайғыға душар болған үйді танысын-танымасын баса көктеп барып, садақа ретінде таратылатын тиын-тебенді «оңай олжаға» немесе кірістің бір көзіне айналдырып алған сыңайлы. Дастарқан «тонайтын» әбес қылығымыз тағы бар.
Айтпағым, дәл қазір нарық экономикасы қыспаққа алып жатқан шақта ретсіз шашылуға жол берілген дұрыс болар ма екен? Табиғи болмысымыз демей, жат әдеттерден аяғымызды тартсақ қайтеді? Әрине халқымыздан бойына, санасына мысқалдап кіріп қалған, пайдасынан зияны көп әдет-дағдылардан бір мезетте құтылу мүмкін де емес «Ханның айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген бар. Көбіне жай адамның айтқанын жұрт тыңдап, құп көре бермейді. Тіпті зейін қойып назар аудармайды.
Сондықтан ақпарат құралдары, аудандық кітапхана пікірталастар ұйымдастырса, танымал азаматтар, ру басшылары дін жанашырлары мен өкілдері, мектептердегі мұғалімдер ой-пікірлерін айтса халықтың санасына жетер еді.
Сонау нәубетті жылдардағы аға буын нан тапшылығын көріп, тұрмыстың азабын тартып өсті. Ринат айтқандай қазіргідей тоқшылық заманда кейбір жастарымыз нанның қадірін түсінбейді. Жерде жатқан нанды көрсе де көрмеген сыңай танытады. Болмаса ойланбастан қоқыстың арасына тастай салатындар да кездеседі.
Бұл әрине кешірілмес күнә. Нан небір асыл дүниеден де артық тіршілік көзі.
Құдайға шүкір, иен астықты елде тұрып, аста-төк заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемде азық-түлік тапшылығын көріп жатқан елдер әлі де жетерлік.
Автор айтқандай қазір жастардың арасында туған күн тойлау барысында туған күн иесінің бетіне тәтті тортты, үстіне ұн, ұнтақ қант, жұмыртқа құрғақ бояу лақтыру белең ала бастапты. «Бір ит көріп үреді, екі ит еріп үреді» дегендей бұл масқара емес пе?!
Тоқырау жылдарының басында үйлену тойларында батыс елдеріндегідей тортқа балауыз жағып жастардың оның үрлеп сөндіруі «Хит» болғаны рас. Бұл жағдай қазір азайды.
«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» дегендей, қалталылардың тасынған әрекеті, біздің менталитетімізге, салт-дәстүрімізге, дінімізге жат, ұлтымызға, елімізге қауіп төндірерлік жағдай. Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегін оқып шықтым. Нұрсұлтан Әбішұлының қай сөзі де көңілге қонымды. Маған әсіресе, ол кісінің, жастар тәрбиесіне қатысты айтқан ой тұжырымдары ерекше әсер етті. «Жастар қашанда еліктегіш. Сырттан келіп жатқан аткөпір ақпараттар, ағыл-тегіл жаңалықтар, сан алуан сапалы-сапасыз дүниелер оң-солын жете танып үлгермеген жастарымызды жетектеп кетіп жатады. Жаһанданудың толассыз толқыны ұлттық ұғымдары тұмшаланып жатқан қазіргі кезеңде жастар тәрбиесіне жанашырлықпен атсалысу – баршамыздың азаматтық борышымыз», – дейді Президент.
Сондықтан жастарды ысырапшылдықты болдырмау бағытына тәрбиелеуге атсалысайық демекпін.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері