Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қос мешіт салдырған Қожаназар ишан

Қос мешіт салдырған Қожаназар ишан


Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» дегенді нықтап айтқан болатын. Ал, қазақ халқы руханиятының алтын қазығы мешіттер мен медреселер екендігі айқын.
Сонымен қатар, Сырдың бойы бағзыдан ишандар мен қариларға, ахундар мен молдаларға кенде емес. Олар өз замандарында халықтың жүрек көзін ашып, жас ұрпақ пен тұтас жұртты сауаттылыққа, адамгершілікке үйретті. Өздері салдырған мешіттерінде балалар оқытты. Сөйтіп, халықтың рухани бай болуына жан аямай атсалысты. Ұлттың ұстаздары атанды.
Сондай Қазалы ауданындағы көне мешіттің бірі – Қожаназар ишан мешіті.
Қожаназар ишан өз қаржысына Қазалы ауданы орталығындағы бүгінде ишанның өз есімімен аталатын мешіттің құрылысын 1897 жылы бастап, 1902 жылы аяқтаған. Мешітті кейін інісі Бекназарға берген. Бекназар мешiте 1902-1924 жылдары имам болып қызмет еттi. 1937-1947 жылдар аралығында мешiт астық сақтайтын қоймаға айналған. 1947 жылы азамат соғысының ардагерi Р. Сақтағанов Сталинге хат жазып, мешiттiң қайта ашылуына ықпал еткен.
Өз заманында Бекназар да ғұлама болған. Бекназар мешітті көп басқармаған. Баласы – Нұрмағамбетке берген. Нұрмағамбет төрт жыл мешіт ұстаған. 24 жасында қайтыс болған. Қожаназар ишанның салған екінші мешіті – жоғарыда айтылған, Сырдария өзені жиегінде «Қаракесек ишан мешіті» атанған ғимарат. Ишан бұл мешіттің құрылысын 1912 жылы бастап, 1918 жылы бітірген. Сол кезде:
– Өлетін уақытым жақындады. Әбдікәрім, мешітті сен ұстайсың – депті.
Халық арасында «Сары мақсым» атанып кеткен Әбдікәрім 1884 жылы туып, 1947 жылы, 63 жасында қайтыс болған. Әбдікәрім мешітті 1928 жылы тапсырған. Сол тұста діни ғұламаларды, молдаларды қуғын-сүргінге ұшырату басталып, Тәжікстанда, Өзбекстанда бас сауғалапты. 1947 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысы, Берсігүр (Бір шоғыр) тауының Арыстанбай деген жерінде дүниеден өткен.
Қожаназар ишан Әлiм тайпасының бiр руы Ұланақтан (Қаракесектен) тарайды. Көпшілікке белгілі Орақ батырдың немересi.
Қожаназар Меккеге үш рет барған. Бiрiншi сапарға 1874 жылы шығып, төрт жылдан кейiн оралған. Меккеге екiншi сапарға 1910 жылы, үшiншi сапарға 1916 жылы барған.
Қожаназар ишан Бұқарадағы Көкiлташ медресесiнде 7 жыл оқып, шатырхат алып қайтады.
Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентіндегі Қожаназар ишан мешіті кешегі Кеңес өкіметі дінді апиын деп уағыздап, халықты діннен безуге жаппай шақырған кездің өзінде жұмыс істеген. Ол кезде біздің облыста екі мешіт: Қызылорда қаласындағы Айтбай мешіті мен Қазалыдағы Қожаназар ишан мешіті болған. Екеуінің де аты кейін айтылды. Ол кездегі атауы – мұсылмандар мешіті болатын
Қожаназар ишан кім, қай кезде өмір сүрген?
Қожаназар ишан Артықбайұлы 1855 жылы туылып, 1918 жылы 63 жасқа келгенде (Пайғамбар жасында) қайтыс болған. Қожаназар ишанның жеті ұлы болған.
Артықбайұлы Қожаназар ишан – Меккеге, қажылыққа үш рет барған, үлкен ғұлама болғанын жоғарыда атап өттік.
Алғашқы екі сапарында Қызыл теңізден өткеннен кейін кірейші жалдаған арабтардың желмая түйесімен барып қайтса, үшінші рет атпен барған. Қайтып келе жатқанда керуенге еріп қайтқан. Бірақ түйенің баяу жүрісі мезі еткен соң атпен озып кеткен. Қасындағы жүргінші жолдан қосылған қарақшы екен. Ишан әлгінің ондай адам екенін білмесе керек. Бір жерлерге келгенде әлгі қарақшы:
– Тақсыр, ат шалдырып алайық. Артта келе жатқан керуенді күтейік, – депті.
Қожаназар ишанның бір ерекшелігі: кешке қарай бір сәт мызғып алатын, құс ұйқылы адам екен.
Ат шалдырып отырғанда, сол дағдысына басып, көзі ілініп кетіпті.
Бір қарағанда әлгі жол серігі шалбарының балағын мәсісін шешпей, түріп алыпты. Ишан жол серігіне сеніп, тағы да қалғып кеткен.
Сол кезде әлгі қарақшы ишанның тамағынан кездікпен шалған.
Шошып оянған ишан жан екпінмен әлгі қарақшының қолын қағып жіберіпті. Сол кезде анау құлаған.
Ишанның кеңірдегі жартылай мауыздалған екен. Әлгі қарақшы айдың астына қарай қашқан. Артынан керуендегілер келіп, ишанның тамағына киіз күйдіріп басып, қанын тоқтатқан.
Қажылыққа үшінші рет барып қайтқаннан кейін Қожаназар ишан тамағын басып сөйлейді екен. Сөйлегенде қырылдап сөйлейтін болыпты.
Қожаназар ишан Меккеге қажылыққа барған сайын шаһардағы бас мешітке соғып, өзінің білімін сынақтан өткізіп, ишандық шатырхат алатын болған.
Жалпы, мұсылманшылықта ишан – діни атақтардың ең үлкені. Қазақ жерінде ишандық атақты алу үшін жеті мешітке барып, сынақтан өткен. Ишандар киелі болған. Ишанның осалдау дегенінің өзі қабірде жатқан өліктің жағдайын біле алады екен.
Оның өткен ғасырдың басында салдырған мешіті бүгінде 115 жыл өтсе де ұрпақтың діни білімін жетілдіріп, адамгершілікті насихаттайтын алтын ұя болып тұрғанын да айта кеткен жөн.
Мешіт салу – ислам дінінде үлкен сауап. Ғұмырында бір емес, екі мешіт салып, мыңдаған баланың діни сауатын ашқан Артықбайұлы Қожаназар ишанның есімі қазақ барда ұрпақтан-ұрпаққа жете берері хақ.

Есет ТАБЫНБАЕВ.


16 желтоқсан 2017 ж. 4 188 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930