Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құдайы қонақ – кетпесін жырақ

Құдайы қонақ – кетпесін жырақ

Қазақ халқы кімге болса да, қашаннан қонақжай халық. Өзіне тән осындай ерекшеліктерімен тарих сахнасында адамгершіліктің үлгісі болып танылған қазақ халқы, қонақтың үш түрін қабылдаған. Олар, арнайы қонақ, қыдырма қонақ және құдайы қонақ. Осылардың ішінде соңғысының орны бөлек. Құдайы қонақ – жер-жерден келген саяхатшылар тамсана жазған, қазаққа тән қасиет – қонақжайлықтың асқан үлгісі болып табылатын күтпеген жерден келіп түсетін қонақтың аты. Бұл қонақ шаңыраққа өзімен бірге берекесі мен құт-мерекесін ала келеді деп сенген. Сондықтан ерекше ілтипат көрсетіліп, жолаушының көңілінің тоқ болуына барынша жағдай жасаған.
Қонақтың орыны – қашан-да үйдің төрі. Қонақтар үйге сәлем беріп (шаңыраққа сәлем беріп) кіргеннен кейін қамшысы мен сырт киімін кереге басына іліп, аяқ киімін оң жақ босағаға шешіп, төрдегі жаюлы тұрған сырмақ үстіндегі көрпеге барып отыруға тиіс. Өзін таныстыруға асықпайды, үй ішіндегілер де оның аты-жөнін, жұмысын тергеп сұрамауға тиісті. Өйткені ол – көргенсіздік болып саналады. Келген қонақ аты-жөнін айтқанымен, жұмысын айтқысы келмесе, оны ешкім де жазғырмауға міндетті. Осы қонақтың үстіне сырттан тағы да қонақтар келіп қалса, жасы кішісі жасы үлкенге ығысып орын береді. Қонақ шөлдеп келсе, оған ең әуелі қымыз ұсынылады, сосын барып шәй, ас береді. Бойжеткендер шыны аяқты салдырлатпай өте әдептілікпен шай құйып береді, қонақтардың әңгімесіне араласпайды, оларға тіктеп қарамайды, орынсыз ыржалақтап күлмейді. Мұн-ың бәрі ежелгі заманнан бері қонақ шақырып күткенде бұлжытпай орындалатын әдептер.
Аңызға сүйенсек, Алаша хан ұлдарына ұлан ғайыр жерді мирасқа қалдырып, сол ен байтақ аумақта бір-біріне еркін қатынасып тұру үшін балаларына кез келген ұзақ жолдан түскен қонақты ерекше құрметпен қарсы алып, жолға шығарып салуды өсиет еткен. Тіпті үш ұлына берген еншіден бөлек төртіншісін, конақ еншісін де белгілеген деседі. Оны "Алаштың бөлінбеген еншісі" деп те атайды. Яғни, исі қазаққа ортақ несібе. Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – «құдайы қонақ». Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналған. Тіпті құдайы қонақтың қонағасысы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден "ат-тон" айып алатын тәртіп болған.
Жолаушылап келе жатқан қонақтың келуінде де ерекшелік бар. Алдымен, құдайы қонақ мейман болып түсетін үйіне атпен шауып келмеген. Мұндай жүріс жаман хабардың белгісі. Сондықтан атты жолаушы ауыл шетіне келіп, атынан түсіп, сырттан үн қатқан. «Үйде кім бар? Құдайы қонақпын» деп дауыс бергеннен кейін үй иесі құрметті мейманын күтіп алып, төрге шығарған. Арнайы қонақасын беріп, мейманын риза қылуға тырысады. Мұның артында «қонақты Құдай жіберді, онымен бірге құт келеді, қырықтың бірі Қыдыр» деген ұғым жатыр. Құтты қонақ келгенде үй иесі оны алдымен кіргізіп, өзі есікті жабады. Мұнда қонақпен келген құтты ұстап қалу ниеті бар. Ал шығарда есікті мейман ашатын болған. Егер есікті үй иесі ашса, қонағын қуғанмен бірдей болады. «Қонақты қусаң құт қашады» деу содан.
Қазақ құндылықтары туралы ой қозғаған сәтте, мен әр кез бұрынғы мен қазіргі кездегі аталмыш дәстүрдің маңызы мен орындалуына тоқталып өткенді жөн көремін. Себебі, қазақы қасиеттеріміздің мән-маңызын жаңғырту үшін ол дәстүрдің бүгінгі күнгі маңыздылығын ашып өту керек. Ендеше, есік қаққан қонақты қалай күтіп жүрміз?
Ең алдымен, қазақ халқында үйге келген қонақты жақтырмай немесе қуып шығу сияқты жағдайлар мүлде кездеспегенін ескерейік. Бүгін ше? Шаңырақ иесіне келген, болмаса отағасының өзі арнайылап әкелген қонақты жақтырмай, "мынауың кім?"-ге салып отыратын жеңгелеріміз көп. Алдына асты жарытпай қойғаны былай тұрсын, көкелеріміз келіншектерін "сыйлағаннан" болар, қонаққа "мейманымыз болып, түнеп кет" деп айтпағанды жөн санайды. Әлі күнге дейін, қазақ түсінігінде бір адамды шаңырағына шақырып, қонақ қылу оған деген сыйластығының айқын көрінісі. Бірақ, көпшілігіміз қандай да бір себептермен бұл қазаққа тән ерекшеліктерді ескермей жүрміз. Бұл дегенің шаңырағыңды биіктете түсетін құтты ескермеді деген сөз.
Жоқшылық заманда өмір сүре отырып, беймейзгіл келсе де қонаққа жылы қарап, ас-суын беріп түнетіп, ол аз болса қонақ кетерде кәделерін үлестіріп берген ата-бабаларымызға қалай сүйсінбейсің? Қалай таңырқамайсың? Осындай, адамгершіліктің туын желбіреткен дана халықтың ұрпағы бола тұра, көргенсіздік танытып жүрсек, мұнымыз салт-дәстүрге жасаған қиянатымыз, бабамызға жасаған сатқындығымыз болса керек, ағайын. Қонақпен келген құтты қашырып алмайық. Атайын дегенім–осы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
12 желтоқсан 2017 ж. 4 158 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 70

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930