Үй болмай, күй болмайды
Аудандық «Қазалы» газетінің 2018 жылдың 29 мамырындағы №39 санында жарияланған газет тілшісі Ринат Әбдіқалықтың «Кезек күтіп, қанша көктем, қанша қыс, алған жерден айырылып қалмаңыз!» деген мақаласына орай пікірімді білдіргелі отырмын. Сондағы дерек бойынша Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығынан 2015 жылы 77 тұрғынға жер учаскесі табысталған, Оның 35-не ғана үй салынып, 21 учаскеге топырақ төгіліп, 21-і мүлде игерілмегендіктен 17 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып алыныпты. Жер учаскесінің 45 пайызы ғана пайдаланылған, тең жартысына да жетпейді, яғни 42 тұрғынның үй салуға жағдайы келмеген. Жалпы аудан бойынша 7568 адам жер кезегінде тұр, бұл сонша адамның баспанаға мұқтаж екендігін білдіреді. Бұл қай заманнан да өзекті мәселеге айналып келеді. Қазақтың «Үй болмай, күй болмайды» деген сөзі осыдан шықса керек. Баспанаға атақты ақындар да қол жеткізе алмай көп қиыншылық көрген. Олардың қатарында сұрапыл соғыстан аман келген Қасым Аманжолов, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Әнұранның сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов те бар. Үшеуі де осы мұқтаждықты жырларына қосты. Қасым Аманжолов Алматыдағы бюрократтардан тауы шағылғанда:
«Бермесең беремей-ақ қой, баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді жас баламды» деген өлең жолдарын шығарды.
Кешегі КСРО кезінде бірінші кезекте соғыс ардагерлері, көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар сосын жұмысшылар мен ауыл еңбеккері кезегі келгенде баспанаға қолы жетіп қоныстанып жататын. Сол кезеңде маған таныс ерлі-зайыптылар Байқоңыр (ол кезде Ленинск) қаласына коммуналдық мекемеге көше сыпырушы болып жұмысқа тұрып, бес жылдан соң заңға сәйкес пәтер алды. Қазір екеуі де мектепке мұғалім болып қызмет істеп жатыр. Тарихшы ретінде менің білетінім КСРО-ны 1964-1982 жылдары басқарған Л.И.Брежневтің кезінде 164 млн адамға тегін пәтер беріліпті. Бүгінгі нарық заманы ондай жеңілдіктерді көтермейді, себебі жеке меншік үстемдігі басым болғандықтан заң да солардың мүдделерін қорғайды.
2018 жылдың 1 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында баспана туралы екі нәрсе айтылды. Елбасы: «Қаланы аралау кезінде Астана студенттері базардағы лашықтарда тұрып жатқанын көрдім, яғни тек түнеп шығу үшін осындай жерлерге барады. Ондай жерлерде сабақ оқуға немесе жуынуға ешбір жағдай жасалмаған. Сәйкесінше, ол қандай білім алады?» дей келе бес әлеуметтік бастама аясында студенттер үшін 75 мың орындық жатақханалар салу керектігін ерекше атап көрсетті. Екінші сөзінде Елбасы: «Германия, Франция, Америкада пәтерге кезекті кім көрді? Пәтерге ешқандай да кезек жоқ, еш жерде жоқ, себебі мемлекет тегін пәтер бермейді» деген болатын.
Бала тәрбиесінде осыны ескеріп, әркім өз баласына ешкімге де үміт артпай, өз жағдайларын өздері жақсарту керек екендігін санасына құю керек. Өкінішке қарай, ата-аналар бұған басын ауыртпай, үйленген баласын бөлек шығарып жатады. Егер баласы мен келіні дипломмен жұмыс істейтін болса пәтер жалдап тұрып, жас маманға арналған жеңілдікті пайдаланып баспанаға қол жеткізеді. Ал екеуі де жұмыссыз болса ше?
Мен қырық жыл мұғалім болғандықтан жастардың жағдайын жақсы білемін. Тұрақты жалақы алмағандықтан пәтер ақысын төлей алмай, амалсыз босатуға мәжбүр болып жүргендерін айтқанда жүрегім ауырады. Балаларына ата-анасы да көмектесе алмайды, себебі олар да жұмыссыз, тапқан-таянғаны өздерінен ауыспайды. Сөйтсе де баласын үйлендірер кезде қарызданып-қауғаланып жүріп, тойханаға 250-300 адамды шақырып, дүрілдетіп той өткізеді. Екі жақта 25-30 адамға киіт кигізіп, қыздың жасауына қайтаратын ақша да табатынына таң қаламын. Тіпті бір оқушымның ата-анасы баласының тойын тойханада өткізу үшін өзінің тұратын кең ауласының жартысын сатып жіберді, өкінішке орай жастар жыл өткесін ажырасып кетті. Менің ойымша тойды әркім өз шамасына қарай өткізіп, маңдай терімен тапқан ақшасын елден ұят болады деген жалған намыспен далаға шашпағаны мақұл. Оның орнына баласын бөлек шығару үшін ең болмағанда екі бөлмелі «времянка» деп аталып кеткен, яғни уақытша отыратын баспана салып берсе, қалаған үйін кейін өздері асықпай салып алар еді. Сол кезде кезек күтіп алған жерін мемлекет те меншігіне қайтарып алмас еді.
Бұл жерде менің бөлек шығару деп отырғаным қазақ халқының дәстүрінде үйленген баласын бөлек отауға шығарарда ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, балаға тиісті үлесті еншіні айтып отырмын.
Қазақтың негізі күнкөрісі мал болғандықтан еншіге мал берген, соған ұста жалдап, үй салғызып еш қиналмаған. Еншіні атасы, әкесі, олар жоқ болса ұлдың үлкені бөледі, қара шаңырақ пен ата-ана кенже баланың қолында қалады. Дәстүр бойынша ұлдың үлкені әке дәулетінің үштен біріне, кенже ұл екіден біріне, ортаншылар төрттен бір үлесіне ие болады. Осы күні төрт түлік ұстап, ата кәсіп – мал шаруашылығын өркендетіп отырғандар да бар. Олар бұрынғы дәстүрді жалғастырып өз ұлдарына еншісін бергенде ірі қалалардан пәтер сатып алып беріп немесе үй салып та беріп жатыр. Ал, аудан орталығында немесе қалада тұрып жалақыдан басқа кірісі жоқтар жоғарыда мен айтып өткен нұсқаны іске асырса, балалары баспанадан мұқтаждықты көрмес еді. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,
Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің мұғалімі.