Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасырын қауіп: құрбандарды қорғаудағы қам қалай?

Жасырын қауіп: құрбандарды қорғаудағы қам қалай?

Фото ©А.Ахметқазы

Сараптама

Қазіргі қоғамдағы ең жабық, сонымен бірге ең ауыр қылмыстардың қатарына жататын адам саудасы – адам құқықтарын өрескел бұзып қана қоймай, тұтас бір ұлттың қауіпсіздігіне сызат түсіретін жаһандық мәселе. Көзді бақылап, заңды қатаңдатқанымен, бұл қылмыс түрі әр түрлі жаңа формаға көшіп, әлеуметтің осал тұстарын жағалай өсіп келеді. Қазақстанда бұл мәселенің сипаты қандай, құрбандардың көбі қай топтан шығады және заң мен құқық қорғау жүйесі бұл қатерге қарсы қалай күресуде?

Шетелдік «Заложница» деген көркем фильмді көріп пе едіңіз? Онда сырт елге қыдырып барған құрбыларды алдап, құлдыққа сатуға ұрлап кетеді. Мұны білген қыздың әкесі баласын аман әкелу жолында талай қиындыққа тап болады. Ақырсоңы соның барлығын жеңіп, қызын еліне аман алып қайтады. Бірақ бұл – кино. Өмірде дәл кино қиялындағыдай саудаланған адам үйіне оралып жатқан жоқ. Із-түссіз жоғалғаны қаншама?
Бірде бір оқиғаға куә болып едік. Ауыл да сәл басында ауытқуы бар, аурушаң жігіт болды. Көршілес болған соң су тасуға барғанда көретінбіз. Ол кезде су баспасы далада, кезекпен суыңды алып, үйге қайтасың. Сол жігіт күнде ертесімен келіп, үлкен шелегімен бірінші болып су толтырып әкететін. Бір күні келмеді. Көршілердің бәрі неге келмедіге салды. Ауырып қалған болар деп те бағамдады. Бірақ бұл 1 айға созылды. Әлгі жігіттің анасы балам жоғалдыға салып, зар жылағанда абдырап қалдық. Басы ауырып, басы ауған жаққа кетті десті барлығы. Алайда араға 6 ай салып, оның оралғанын байқадық. Сөйтсек, мұның аурушаңдығын пайдаланып, әлдекімдер құлдыққа жегіп қойған екен. Өкініштісі, мұндай жағдайлар әлі де жетіп артылады. Қош. Адам саудасы әлем мен Қазақстанда қалай? Бажайлап көрелік.

Әлемдік статистика не дейді?

Адам саудасы тек киноларда немесе шет мемлекеттерде ғана болатын құбылыс емес. Соңғы жылдары бұл қылмыс түрлері өзгеріске ұшырады. Бұрынғыдай адамды күштеп ұстап қалу немесе шекарадан заңсыз өткізу әдістерімен қатар, психологиялық қысым көрсету, қарызға батыру, құжаттарын тартып алу және цифрлық кеңістіктегі алдау тәсілдері кең тарады. Сарапшылардың айтуынша, адам саудасының құрбандары көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз немесе құқықтық сауаты төмен азаматтар арасынан шығады. Олардың ішінде еңбек мигранттары да, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер де, тіпті қаржылық қиындыққа тап болған жастар да бар. Еңбек эксплоатациясы көбінесе құрылыс нысандарында, ауыл шаруашылығында, базарлар мен қоғамдық тамақтану орындарында жиі кездеседі. Адамдарды айлар бойы жалақысыз жұмыс істетіп, паспортын тартып алып, шығар жол қалдырмайтын жағдайлар әлі де азаяр емес.Әр нәрсенің өзіндік тарихы бар десек, адам саудасының да тарихы әріде жатыр. Құл иелену үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталған. Соғыста қолға түскен тұтқындар құлдықтың қамытын киетін. Құл деген атаудың өзі бағыныштылықты білдіреді емес пе? Сол үшін ондай жанда өз құқығы болмаған. Олар тек берген тапсырманы орындауға ғана тиіс болатын. Құлдық әлемнің барлық жерінде болды. Мәселен, оның классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр, Грекия, Римдегіні айтуға болады. Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың ашылуы, плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алған. Қазірдің өзінде мұндай жағдайлар көптеп кезігеді. Үйінен шыққанның кері оралмауы, мүлдем із-түссіз жоғалу, тіпті 10, 20, 50 жылдан соң үйіне қайта оралу деген секілді оқиғалар шаш-етектен. Бейресми деректерде әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнеске адам саудасы жататыны айтылады. Болжам бойынша, оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд АҚШ долларын құрайды. Әрине, бұл болжам ғана. Себебі, әзірге нақты мәліметке қол жеткізу мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Адам саудасы құрбандарының 70 процентін нәзік жандылар құраса, құрбандардың үштен бірі – балалар.

Қазақстандағы ахуал қандай?

Қазақстанда адам саудасына қарсы 2027-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Самат Құсетов айтып берді.
– Сонымен бірге, Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен адам саудасының құрбандарын анықтау және оларға қажетті көмек көрсету үшін тиісті ұйымдарға жолдау жөніндегі стандартты операциялық рәсімдер әзірленді. Ал ЕҚЫҰ кеңсесінің қолдауымен адам саудасының белгілері мен осы мәселе туралы ақпараттық материалдар дайындалды, – деді С. Құсетов ОКҚ-да өткен дөңгелек үстелде.
ЕҚЫҰ кеңсесінің қолдауымен ТМД, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі Қазақстанның консулдықтары мен елшіліктері қызметкерлеріне, сондай-ақ қалалық адвокаттар алқаларының адвокаттарына арналған онлайн-тренингтер ұйымдастырылды. Бас прокуратура мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп, ауылдық жерлерде еңбек қанауына жол бермеу және мәжбүрлі еңбек фактілерін анықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді. Адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау үшін полиция мен әлеуметтік қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі.
– Жалпы, қайта бағыттау тетігі аясында адам саудасының 15 құрбанына көмек көрсетілді. Оның ішінде 11 адамға адвокаттардың құқықтық кеңесі берілсе, 3 жәбірленушіге арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынылды, ал 1 бала бөбектер үйіне орналастырылды. 29 жәбірленуші мемлекеттік қорғауға алынды, – деді спикер.
Айта кетейік, 30 шілде — Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Биылғы іс-шаралар «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтеді. Бұл интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеу сияқты адам саудасының жаңа түрлеріне назар аударуға бағытталған.

Немқұрайлылық пен осалдық

Бұл қылмыстың тамыры тереңде жатыр. Біріншіден, бұл халықтың құқықтық сауатсыздығынан туындайды. Шетелге немесе үлкен қалаларға жұмыс іздеп барған азаматтар сенімді емес агенттіктерге немесе таныстарына арқа сүйеймін деп алаяқтардың тұзағына түседі. Екіншіден, жұмыссыздық пен әлеуметтік осалдық адамдарды тәуекелге баруға мәжбүрлейді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көбінесе адам саудасының бастапқы нүктесіне айналады. Отбасындағы психологиялық қысымнан немесе зорлықтан қашқан әйелдер мен балалар дайын көмек іздеп жүріп, қылмыскерлердің құрбаны болып жатады. Қоғамдағы осындай әлеуметтік теңсіздік пен бақылаудың әлсіздігі қылмыскерлерге кең жол ашады.

Заң тетіктері және алдын алу шаралары

Мемлекет тарапынан бұл мәселеге қарсы күрес күшейтіліп келеді. Қазақстан заңнамасында адам саудасы үшін қатаң жазалар қарастырылған, құқық қорғау органдары арнайы рейстер мен операциялар жүргізеді. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, құрбандарға көмек көрсететін дағдарыс орталықтары мен сенім телефондары жұмыс істейді. Алайда, тек жазаны қатаңдату немесе құрбандарды кейіннен құтқару жеткіліксіз. Ең бастысы – алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу. Қоғамдағы әрбір азамат адам саудасының белгілерін тани білуі тиіс. Мектептер мен жоғары оқу орындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Жұмысқа орналастыратын агенттіктердің жұмысын қатаң бақылауға алып, заңсыз миграция арналарын түбегейлі кесу маңызды.
Адам саудасы – бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның дерті. Бұл мәселені шешу үшін әрқайсымыз немқұрайлылық танытпай, заң талаптарының сақталуын қадағалап, әлеуметтік әділдікті орнатуға үлес қосуымыз қажет. Тек қатаң заң, ашық бақылау және қоғамдық сананың өзгеруі ғана бұл қылмыстың тамырына балта шаба алады. Мүмкін...

Айнұр ӘЛИ

09 шілде 2026 ж. 232 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031