Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тірі тауар немесе саудаға түскен тағдырлар

Тірі тауар немесе саудаға түскен тағдырлар

Фото
Шетелдік «Заложница» деген көркем фильмді көріп пе едіңіз? Онда сырт елге қыдырып барған құрбыларды алдап, құлдыққа сатуға ұрлап кетеді. Мұны білген қыздың әкесі баласын аман әкелу жолында талай қиындыққа тап болады. Ақыр соңы соның барлығын жеңіп, қызын еліне аман алып қайтады. Бірақ бұл – кино. Өмірде дәл кино қиялындағыдай саудаланған адам үйіне оралып жатқан жоқ. Із-түссіз жоғалғаны қаншама?
Бұл әлемде ең ауыры не дейсіз? Айта берсең шегі жоқ тізім. Ал соның бірі, әділетсіз, адам құқығы аяусыз тапталған, қанқұйлы мәселе – адам саудасы. Адамды еркінен тыс мәжбүрлеп құлдыққа сату, құлдықта ұстау, құлдықта жұмысқа жегу, зат секілді сата салу дамыған мемлекеттердің өзінде әлі күшін жойған жоқ. Өкініштісі, бұл жауыздық қазақстанға да қатысты болып отыр. Әлгінде айтқан шетелдік фильм секілді біздің ел де барынша осындай мәселелерді кино арқылы жеткізуде. Мәселен, «Пленники» сериалы осы адам саудасының қайнап тұрған келбетін көрсетеді. Онда қыздар, әсіресе жас қыздар, ата-анасынан жетім қалған, қараусыз, ізінен іздеуі, сұрауы жоқ қыздарды ұрлап, құлдыққа салады. Тәнін саудалайды, шетелге де сатады. Сұмдығы сол есірткіге тәуелді етіп тастайды. Қашса, айтқанды тыңдамаса жалғыз шешесін, не балаңды өлтіреміз деп қорқытуы тағы бар. Расымен осы фильмдегілердей жайт өмірде болып жатыр ма?
«Қара әлемнен» хабарыңыз бар ма?
Шетелдік триллер жанрындағы фильмдерді көрсеңіз, жастардың Даркнет деген сайтқа кіргенін, онда түрлі қорқынышты оқиғаға тап болғанын байқайсыз. Естуіміз болмаса, ол интернет жүйесіне кіріп, емін-еркін пайдалану мүмкіндігі жоқ. «Қараңғы әлем» атауының сыры да осында. Иә, қазір біз пайдаланып жүрген ғаламтор тек іздеген ақпараттармен қамтамасыз етіп, деректерді ашық әрі қолжетімді форматта ұсынып отырады. Ал Darknet оған антоним іспеттес. Яки ғаламтордың қараңғы нұсқасы. Қалай деймісіз? Бүгінгі күні пайдаланып жүрген түрлі әлеуметтік желі мен жастар арасында кең тараған ойындарда «донат» деген термин пайда болды. Онда түрлі сыйлықты ақшаға сатып алып, өзгеге сыйлайсың. Қазақстандағы бағамен шаққанда көпке түскен талайы шетелдік желіден VPN бағдарламасы арқылы әлдеқайда аз сомамен осы сыйлықты алып жүр. Жалпы VPN деген – виртуалды жеке желі. Оның баламасы көп болғанымен қазақстандықтар үшін геолокацияны өзгерту ғана тиімді. Мәселен, Қазақстаннан қосылған интернет сигналы баяу не уақытша бұғатталса, осы бағдарламаны қосып геолокацияны Германия, Франция немесе Сауд Арабияға, болмаса өзге де елдерді таңдап, сол арқылы интернетке кіруге қолжетімділікке ие болады. Есіңізде болса, елде белгілі оппозиционистер тікелей эфирге кіргенде интернет желілеріне шектеу қойылады. Сол сәтте көбі әлгі VPN-ді жүктеп, ғаламторға қолы жетеді. Дегенмен елде толығымен бұғатталған Даркнетке осы бағдарлама арқылы кіріп, қара әлемнің тұңғиығына батқандар көп. Қызығы сол, әлгі VPN арқылы хакерлерді, алаяқтарды ұстау мүмкін емес. Себебі бір уақытта бірнеше елден сигнал болып көрінеді де нақты қай жерде тұрғанын ешкім анықтай алмайды. Бұл Даркнетті не үшін айтып отырмыз? Мұнда барлығы толығымен анонимді түрде жүреді әрі ақпарат шифрланады. Басқаша айтқанда, көлеңкелі желі бұл негізгі базада бар, бірақ тек қана қорғалған прокси-серверді және интернет-қосылыстарды пайдаланатын заңсыз орын. Darknet-тің жұмыс алгоритмі әдеттегідей жүреді. Сондай-ақ көлеңкелі желіде іздеу жүйесі, жаңалық сайты, интернет дүкен мен әлеуметтік желі бар. Бірақ жүйедегі барлық сайт тауарлардың заңсыз айналымымен айналысады немесе тыйым салынған ақпаратты таратады. Қысқасы мұнда, есірткі саудасы оңай саудаға түседі. Сайтқа кірген соң бұл жерден біреуге қиянат жасауды, тіпті өлтірудіде көруіңе болады. Қап-қараңғы бөлме тікелей эфир секілді көрсетіледі. Ал басына қап киген сылқымдар ашық саудаға салынады. Осы желі арқылы адам саудасының болғаны жайында да ақпарат көп. Ең сорақысы бала саудасы да осы желіде қызып тұр. Кейбір қыз-келіншектердің әлеуметтік желі арқылы «керемет өмір сүруге шетелге кетемін» деп бақыттан басы айналатыны тағы бар. Сеніміне кірген жігіт Дубайда өзі қалағандай өмір сүретінін айтып, ақыры шақырып алады. Бірақ барған соң құлдыққа түседі. Осы сюжетпен түсірілген фильм, сериалдардың қарасы қалың. Бірақ алдану әб-сәтте...
Құжатсыз құл
Бірде бір оқиғаға куә болып едік. Ауыл да сәл басында ауытқуы бар, аурушаң жігіт болды. Көршілес болған соң су тасуға барғанда көретінбіз. Ол кезде су баспасы далада, кезекпен суыңды алып, үйге қайтасың. Сол жігіт күнде ертесімен келіп, үлкен шелегімен бірінші болып су толтырып әкететін. Бір күні келмеді. Көршілердің бәрі неге келмедіге салды. Ауырып қалған болар деп те бағамдады. Бірақ бұл 1 айға созылды. Әлгі жігіттің анасы балам жоғалдыға салып, зар жылағанда абдырап қалдық. Басы ауырып, басы ауған жаққа кетті десті барлығы. Алайда араға 6 ай салып, оның оралғанын байқадық. Сөйтсек, мұның аурушаңдығын пайдаланып, әлдекімдер құлдыққа жегіп қойған екен. Өкініштісі, мұндай жағдайлар әлі де жетіп артылады. Қош. Адам саудасы әлем мен Қазақстанда қалай? Әр нәрсенің өзіндік тарихы бар десек, адам саудасының да тарихы әріде жатыр. Құл иелену үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталған. Соғыста қолға түскен тұтқындар құлдықтың қамытын киетін. Құл деген атаудың өзі бағыныштылықты білдіреді емес пе? Сол үшін ондай жанда өз құқығы болмаған. Олар тек берген тапсырманы орындауға ғана тиіс болатын. Құлдық әлемнің барлық жерінде болды. Мәселен, оның классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр, Грекия, Римдегіні айтуға болады. Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың ашылуы, плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алған. Қазірдің өзінде мұндай жағдайлар көптеп кезігеді. Үйінен шыққанның кері оралмауы, мүлдем із-түссіз жоғалу, тіпті 10, 20, 50 жылдан соң үйіне қайта оралу деген секілді оқиғалар шаш-етектен. Бейресми деректерде әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнеске адам саудасы жататыны айтылады. Болжам бойынша, оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд АҚШ долларын құрайды. Әрине, бұл болжам ғана. Себебі, әзірге нақты мәліметке қол жеткізу мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Адам саудасы құрбандарының 70 процентін нәзік жандылар құраса, құрбандардың үштен бірі – балалар.
Қазақстандағы ахуал қандай?
Елде адам саудасы қызып тұр. Жыл сайын жүзге жуық ел тұрғыны адам саудасының құрбанына айналады екен. Бұл мәселеге халықаралық ұйымдар да алаңдаушылық білдіріп отыр. Онымен күресті күшейту үшін USAID ұйымы Астана әуежайында адам саудасының ықтимал құрбандарын анықтау бойынша дәріс өткізуде. Жоба аясында 100 әуежай қызметкері тыңғылықты дайындықтан өткен. Адам саудасы – әлемдегі басты проблеманың бірі. Халықаралық сапарлардың 80 пайызға жуығы ресми шекаралық бақылау пункттері, соның ішінде әуежай арқылы өтеді. Сондықтан да әуе қызметкерлерінің бұл қылмысты анықтай алуы өте маңызды.
Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда 50 миллион адам құлдықта жүр. Соның ішінде 30 милионға жуығы еңбек құлдығының құрбандары. Зардап шеккендердің сексен пайызы әйелдер. Осы тұста айта кеткен жөн, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасы проблемасының өзектілігін, мұндай қылмыстарды тергеу және кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін күшейту қажеттігін VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында атап өтті. Оны әзірлеуге отандық сарапшылар және заңгерлермен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдерін де тарту керектігін айтқан.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда бұл үш категорияда да орын алған оқиғалар тіркелген. Шаруа қожалықтарында ақысыз, пұлсыз еңбек етіп жүргендер, түрлі сылтаумен сәбиін саудалаған әйелдер, біліп-білмей шетел асып тән саудасында құлдыққа түскен қыз-келіншектер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер бар. Еліміздегі адам саудасына қатысты қылмыстар көбіне жезөкшелік, притондарды ұйымдастыру және ұстау, «жеңгетайлыққа» байланысты. Жезөкшелікке салынған қыздардың орташа жасы – 18-25 жас аралығында екен. Олар көбіне Бахрейн, Түркия және БАӘ елдерінде от басады. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда жезөкшелік деректері жиі тіркелетіндігі жазылған. 2016-2020 жылдар аралығында қыздарды Бахрейн Корольдігіне жезөкшелікке тартумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ былтыр құрықталған еді. Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған топтың құрамында 19 адам болған. Ал жәбірленуші ретінде 39 нәзік жан танылды. Олар – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Белгілі болғандай, 6 әйел қылмыскерлерден қашып кеткенімен, елге орала алмаған. Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктері бірлесе отырып, отандастарымызды Бахрейн, Түркия және Біріккен Араб Әмір¬ліктерінен елге қайтарған. Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты.
Түйін
ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, Қазалы ауданы көлемінде «Stop трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп отырады. Мақсат – адам саудасының алдын алу, жолын кесу, әрі оны анықтау. Әлем елдері қоғамды шырмаған қылмыстың осы түрімен бірлесіп күресуді қолға ала бастады. Бұл өз кезегінде өзіміздің өңірде де толастамақ емес. Құжатсыз жүрген «құлдар», саудаға түскен сәбилер, тірі тауарға айналған қыз тағдыры. Бітпейтін кино секілді...
Айнұр ӘЛИ

28 қараша 2023 ж. 276 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930