Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлеңкелі бизнес көзі немесе жаңа заңның қауқары қандай?

Көлеңкелі бизнес көзі немесе жаңа заңның қауқары қандай?

Қазір адам саудасы әлі де бар десем, сенер ма едіңіз? Нақты жауап бере алмаймыз. Өйткені түбі мен түбірі, шегі мен шеті жоқ бұл көлеңкелі бизнеске тұсау бола алмай жүрміз. Біз білмейтін қаншама дүниелер орын алып жатыр. Құлдық, бала саудасы, адам саудасы. Бірақ хабарымыз жоқ. Оның басында кімдер тұрғанын білмейміз де. Ал күшейген заңның қауқары қандай? Саралап көрейік.
Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды. Әсіресе, Инстаграмға жалғанған Тридс желісінде адамдар түрлі басынан өткізген оқиғасымен бөліседі. Күні кеше бір жазбаны көзім шалды. Мен ғана емес, оқыған жұрт та жағасын ұстағаны рас. Оқиға былай болған...

ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА
Жасөспірім кезімнен бір жақсы қызбен құрбы болдым. Сондай әдемі қыз. Меруерт Өтекешоваға өте қатты ұқсайды. Сол қыз кейін біз жақтан көшіп кетті. Әкесі қатты ауырып, үйлерін сатып әкесін емдетті. Сосын қалада кондитер болып оқып, арасында жұмыс жасады. Кейін әкесі қайтыс болды. Анасы мен інісі үшеуі қайғыдан қан жұтты. Сол кезде бір жігітпен қыз-жігіт болып жүретін. Әлгі жігітті ұнатпайтынмын, бірақ құрбымның таңдауын сыйлап үндемедім. Ақыры сол жігітке күйеуге шықты. Кейін біртүрлі жайттар болды. Құрбым менімен сөйлесуді қойды. Инстама құрбымның парақшасынан біреу өзгеше бір тілде сөздер жазып жіберген, арасына қосып енді мені ұмыт делінген. Мен бұл қызға бірнәрсе болған шығар деп қатты қорықтым. Хабарлассам, блокқа салған. Үйін білмеген соң інісіне инстаға жаздым. Онымен сөйлескенде бәрінен бейхабар сияқты болып көрінді. Шошытып алмайын деп, құрбымды сағындым деп қазіргі үйінің мекен жайын сұрап алып, үйіне жол тарттым. Қақпасын ұрып-ұрып бір сағаттай тұрдым. Көршілерінен сұрасам, бұлар біртүрлі отбасы, бұларға жақындама деп райымнан қайтаруға тырысты. Жай елдің өсегі шығар деп мән бермедім. Қағазға нөмерімді жазып, қақпаға іліп кеттім. Ертеңгісін тағы келдім. Қақпадағы қағаз жоқ. Қақпасын қағып едім, бір әйел есікті ашып, саған не керек деп жекіп жіберді.
Құрбымның атын айтып, оны іздеп жүргенімді әйелге түсіндіріп жатсам, "құрбыңмен қоса жоғал" деп қақпаны жауып жіберді. Мен аң-таң болып қалдым. Жолда келе жатып, кешегі сөйлескен әйел көршісін көрдім. Ол маған үйіме кірсаған айтарым бар деді. Үйіне кірген соң бұлар адамдарды ұстап, Ресейге алып барып құлдыққа сатады деді.
– Ой, қойыңызшы, – деп едім, әйел ашуланып:
– Онда сенің құрбың қайда? Біз көрші болып сенің құрбыңды мына үйде бірде-бір рет көрмедік, – деді.
– Қалай көрмедіңіздер? Ол тұрмыс құрғанына 1 жылдан асты ғой.
Әлгі әйел сенің құрбың бұл жерде емес. Ол Ресейде деп қоймады. Мен әйелге сенбей үйінен дереу шықтым. Сосын құрбымның інісіне хабарласып жалдамалы пәтерлеріне бардым. Анасымен, інісімен сөйлесіп олардың құрбымды көрмегеніне 3 аптадай болғанын түсіндім. Не хабарласпаған, не жазбаған. Анасы мен күйеу баламды ұнатпаған соң күйеу балам қызыма менімен сөйлесуге кедергі болған шығар деп ойладым дейді. Сөйтіп анасы екеуміз құрбымды айтып, полициямен қосылып әлгі үйге бардық. Үйге полициямен келгенімізді көріп, әлгі әйел басқаша түрлене кетті.
– Олар шетелде, жастар ғой. Қыдырып жүр, – деп қайта-қайта айтты.
– Шетелде болса, онда ұлыңыздың аты-жөнін айтыңыз, – деп еді тығырыққа тірелгендей әйел басқа бөлмеге кіріп біртүрлі сөздер айтып, өзімен-өзі бұрқылдап жүр. Әлгі әйелді ұстап алып құрбым қайда деп жұлқылай жөнелдім.
– Айтпасаң сені қамаймыз. Не түрмеде шіріп өлесің, не бізге көмектесіп кешірім аласың, – деп жағасынан алдым.
Ол біресе жылап, біресе құлап өзімен-өзі қуып кетті. Полиция барлық аэропорттарға құрбымның аты-жөнін айтып іздеу салды. Ешқандай мәлемет жоқ. Неше түрлі жерлерде іздеу салдық. Құрбымды 3 күннен соң Қазақстан-Ресей шекарасында үлкен жүк көлікте қолы байлаулы күйде шекара қызметкерлері тапты. Қасында 10 шақты адам бар. Жастары 25-50 аралығында.
Күйеусымағы Ресейге баяғыда асып кетіп жан сауғалапты. Ал шешесі жынды деген қағаз алып құтылып кетті. Құрбым қазір өте жақсы жұмыс жасап, өз өмірін сүріп жүр. Қынжылтатыны, әлгі қылмыскерлердің жазаланбай кеткені. Адам саудасы, құл саудасы әлі күнге дейін әлем бойынша кең таралған. Абай болайық!

АУДАНДАҒЫ ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Бала күнімізде жоғалып кеткен кісілерді құлдыққа алып кеткен деп жиі айтушы еді. Айдың күнінің аманында, ғасырдың дамыған заманында құлдық деген әлі бар. Оның естіп те, көріп те жүрміз. Қош. Әлемді алаңдатқан бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Өзіміздің өңірде де толастамайды. ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес аудан көлемінде «Stop трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп отырады. Мақсат – адам саудасының алдын алу, жолын кесу, әрі оны анықтау.
– Бұл сауда өте маңызды трансұлттық қылмыс және адамның құқығы мен бостандығын өрескел бұзу әрекеті. Мұны көп жағдайда жеке адамға қатысты проблема дегенімізбен, бұл – жеке бастың ғана емес, мұндай қылмысқа жол беру – сол мемлекет құқығының өрескел бұзылуы. Бұл әр елдің ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына және барша азаматтың өмірі мен әл-ауқатына төнген үлкен қауіп. Сондықтан бірлесіп күресуіміз қажет, – дейді полиция қызметкерлері.
Айта кеткен жөн, жақында үш тәуліктен бері іздеуде болған жасөспірім табылды. 21 тамыз күні кешке Қазалы аудандық полиция бөліміне 14 жастағы жасөспірімнің жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Бала үйіне оралмаған. Ақпарат түсе салысымен, тәртіп сақшылары бір минут та жоғалтпай, іздестіру шараларын бастады. Іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар да бей-жай қарамай, белсенді атсалысты. Қараңғы түссе де бірнеше ерікті азамат баланы табуға көмектесу үшін көшеге шықты. Олар елді мекен ішін, саябақтарды, қараусыз қалған ғимараттарды шолып, әр бұрышты мұқият қарады.
Полиция қызметкерлері ауылдан тыс аймақтарды да қамту үшін бірнеше топ ұйымдастырып, радиусы ондаған шақырым болатын аумақты тексерді. Іздеу жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып, көріну нашарлаған кезде де әрекеттерін тоқтатпады. Жоғалған жасөспірім шамамен 3 тәуліктен кейін табылды. Қуаныштысы, ол ешқандай дене жарақатын алмаған және қазіргі уақытта ата-анасының қасында. Жасөспірімнің әкесі баласын табуға үлес қосқан полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарға шын жүректен алғыс айтты. Мұндай жағдайлар баршамызды балалардың қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлу қажеттігін еске салады.

ЖАҢА ҰҒЫМ
Шетелдік кино әлемінде адам саудасы мен құлдығы жайында көп фильм түсіріледі. Соның бірі «Заложница» деген көркем фильм. Онда сырт елге қыдырып барған құрбыларды алдап, құлдыққа сатуға ұрлап кетеді. Мұны білген қыздың әкесі баласын аман әкелу жолында талай қиындыққа тап болады. Ақырсоңы соның барлығын жеңіп,қызын еліне аман алып қайтады. Бірақ бұл – кино. Өмірде дәл кино қиялындағыдай саудаланған адам үйіне оралып жатқан жоқ. Із-түссіз жоғалғаны қаншама? Бірде бір оқиғаға куә болып едік. Ауылда сәл басында ауытқуы бар, аурушаң жігіт болды. Көршілес болған соң су тасуға барғанда көретінбіз. Ол кезде су баспасы далада, кезекпен суыңды алып, үйге қайтасың. Сол жігіт күнде ертесімен келіп, үлкен шелегімен бірінші болып су толтырып әкететін. Бір күні келмеді. Көршілердің бәрі неге келмедіге салды. Ауырып қалған болар деп те бағамдады. Бірақ бұл 1 айға созылды. Әлгі жігіттің анасы балам жоғалдыға салып, зар жылағанда абдырап қалдық. Басы ауырып, басы ауған жаққа кетті десті барлығы. Алайда араға 6 ай салып, оның оралғанын байқадық. Сөйтсек, мұның аурушаңдығын пайдаланып, әлдекімдер құлдыққа жегіп қойған екен. Өкініштісі, мұндай жағдайлар әлі де жетіп артылады. Адам саудасына шектеу қашан қойылады?
Мемлекет басшысы былтыр 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді. Заң шеңберінде Қылмыстық кодекске қылмыстардың жаңа санаты – адам саудасына байланысты қылмыстар енгізілді және «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» деген жаңа ұғым бар. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілік енгізілді:
* адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, сол сияқты осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;
* осы қызметке тарту мақсатында, сол сияқты жеңгетайлық мақсатта жезөкшелікті, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және (немесе) жарнамалау;
* телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жезөк­шелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау.
Қылмыстық кодекстің 134, 308 және 309 және ҚР ӘҚБтК-нің 450-баптары бойынша ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылатын болады. Сонымен қатар Заңда жезөкшелік қызметін, кәмелетке толмаған адамның көрінеу көрсететін өзге де жыныстық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылады. Бұл ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Адам саудасына қатысты қылмыстар ­бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталады. Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқығы көзделді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске медициналық ұйымдардың және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

СЕНГІҢ КЕЛМЕЙТІН ДЕРЕКТЕР
1,5 миллион теңгеге сатылған жаңа туған сәби, ауыл мектебінен Бахрейнге алып кетілген қыз бала, екі баласын сатпақ болған жас ана. 2023 жылы Оңтүстік Қазақстандағы перзентханада дәрігерлер жаңа туған сәбилерді шетелдік отбасыларға сатқан. Бағасы – 1,5-4,5 миллион теңге аралығында. Бір жылдың ішінде 6 бала шекара асырылып, жалған құжатпен өткізіліп жүрген. Дәрігерлер сотталып, нақты жаза алған. 2022 жылы Шымкентте 11 адамнан тұратын топ 18 қазақстандық қызды, оның ішінде 6 жасөспірімді Бахрейнге жыныстық құлдыққа жіберген. Олар ауру, құжатсыз және психологиялық жарақатпен оралған. Ұйымдастырушылар 9-12 жылға бас бостандығынан айырылды. 2024 жылдың басынан бері органдарды заңсыз сатуға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған. Көбіне азаматтар бүйрегін сатқан. Жәбірленушілер – емделуге мұқтаж, тұрмысы төмен жас жігіттер. Оларға жалған медициналық көрсеткіштер жасап, шетелге алып кеткен. 2025 жылдың көктемінде Ақтөбе облысында мигрантты фермада мал бағуға мәжбүрлеп, қорқытып, соққыға жыққан. Прокуратураға шағым түсіргенімен, іс «орташа ауырлықтағы дене жарақаты» ретінде бағаланып, жабылып қалған.
Мамандардың пікірінше, әсіресе ауылдарда, мигранттар мен әлеуметтік осал топтар заңсыз еңбекке жиі тартылып жатады. Бірақ оларды ешкім іздемейді. Себебі олар – құжатсыз, қорғаусыз.
ТҮЙІН: Қазақстанда тіркелген кейбір істердің өзінен-ақ бұл қылмыстың шынайы ауқымын көруге болады. Әр сан – бір тағдыр. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2022 жылы – 79 іс, 2023 жылы – 100-ден астам, 2024 жылы – 197 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 119-ы – жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастыру, 17-сі – адам саудасы, 15-і – балаларды жыныстық қызметке тарту. Ал 2025 жылдың алғашқы үш айында 116 жаңа іс тіркелді. Жәбірленушілер саны – 59, оның 85 пайызы – әйелдер мен қыздар. 11 жасқа дейінгі 5 қыз бала да бар. Қасірет пе?
Айнұр ӘЛИ
26 тамыз 2025 ж. 118 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031