Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолдауы кәміл кәсіпкерлер

Қолдауы кәміл кәсіпкерлер

Кәсіпкерлік – тәуекелге бел буып жасалынатын экономикалық әрекет, тауарларды өндіру және сатудан, көрсетілген қызметтерден, істелген жұмыстардан жүйелі пайда алуға бағытталған дербес қызмет екені мәлім. Ал Аранды ауылдық округіне қарасты Қожабақы ауылының бірқатар тұрғындары осы салаға қызығушылық танытуда. Өйткені ауыл әкімшілігі кәсіпкерлерді сауда орындарымен тегін қамтамасыз етіп отыр.
Самал Байзекеқызы ауылдағы №25 орта мектепте бастауыш сыныптарының жоғарғы санатты мұғалімі. Бала кезінен сурет салуға әуестенген ол, есейе келе құрбы-құрдастарының шашын алып, сәндік үлгілер жасап үйренген. Осы кезге дейін бос уақытында таныстарының тапсырысын орындап, келбетін келтіріп жүргесін ауыл әкімдігі Самалға шаштараз ашуға көмек қолын созған. Осылайша 2017 жылдың маусым айынан бастап шаш шебері ауылдағы тұрмыстық қызмет көрсету үйінде ауыл тұрғындарын қабылдайды.
Ауыл шаштаразындағы баға да көңілге қонымды. Қыз балалардың шашын 500 теңгеге, ерлердікін 200-300 теңгеге қысқартып береді. Бұдан бөлек қыздардың мерекелік кештер үшін жасататын бет әрлеуін, тырнақ пен шаш бояуын сапалы атқарады.
Кәсібін кеңейту әрбір бизнесі бар адамның арманы екені анық. Алайда Самалдың шаштаразды кеңейтудегі ойы мүлде бөлек деуге болады. «Ауылдан барлық қызмет түрін көрсететін сән салонын ашу ойымда бар. Бұл жерде шаш алуға икемді балалар баршылық. Сондықтан соларды біріктіріп, кәсіптің қыр-сырын үйретіп, өз отбасыларын асырауға сәл де болса қолғабысымды тигізгім келеді», – дейді шаш сәндеудің маманы.
***
Білім – жалпыұлттық құбылыс, әлеуметтік қажеттілік. Саналы ұрпақтың да ең бірінші бойында болуы керек руханияттың бірі. Оның үстіне білім саласына еніп жатырған реформалар да жастарды жаңартылған бағдарламамен, шет тілдеріне басымдық беріп оқытуға үндейді. Осындай келелі іске ерте бастан кірісіп кеткендердің бірегейі деп «Сүлеймен» оқу орталығының оқытушысы әрі директоры, қожабақылық Гүлжамал Қожанқұлованы айтуға толық негіз бар.
64 жастағы Гүлжамал апай №25 мектепте шет тілінен біраз жылдар бойы дәріс беріп, жоғарғы санатпен зейнетке шыққан. «Қазақстан Республикасының озат мұғалімі» төсбелгісін алған ағылшын тілінің мұғалімі 2018 жылдың мамыр айынан бастап аталған орталықта балаларды оқытады. Әйтеке би кентінде орналасқан «Зере», «Зерде» оқу орталықтарында жұмыс жасап, шет тілдерін оқытудағы жаңартылған бағдарламаларды меңгеріп алған. Г.Рысбекқызы «Сүлеймен» оқу орталығында тек ағылшын мен орыс тілін емес, әліппені жүргізіп оқи алмайтын балалар мен үлгерімі төмен оқушыларға да мектеп бағдарламасынан қалыс қалмауына көмектеседі.
Оқу орталығындағы қосымша сабақтарына қалмай қатысып жүрген 7 сынып оқушы Гүлмаржан Темірханқызы бүгінде білімі жөнінен үздік оқушылардың бірі. Гүлмаржанның анасы Фатима Оразалы: «Г.Қожанқұлова апайдың біліктілігіне сенеміз. «Сүлеймен» орталығына келгелі бері қызымның білім деңгейі біршама жоғарылап қалды. Кентке қатынамай-ақ, өз ауылымызда сапалы білім алып жүргеніміз қуантады. Апайға алғысымыз шексіз», – дейді.
***
Қазақ аналары ерте кезден тігін өнерін жетік меңгергенін тарихтан білеміз. Ұзатылғалы жатырған қыз жасауын, көрпе-төсегін, киім- кешегін дайындау ана-әжелеріміздің шеберлігі арқасында қиындық туғызбаған-ды. Бүгінде осы ұлттық кәсіпті жанына серік, өміріне азық қылып жүрген «Шебер» тігін шеберханасының иесі Күлтай Қошқарбай Қожабақы ауылын өз қызметімен толық қамтамасыз етіп отыр десек артық айтқанымыз емес.
2017 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы бір ай оқу курсынан өтіп, сертификат алған Күлтай шебер жеке кәсіп бастауға шешім қабылдайды. Осылайша 2017 жылдың желтоқсан айында «Ауылшаруашылықты қолдау қорынан» 6 пайыздық үстемемен несие алады. Бұл ақшаға тігінге қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп, Алматы қаласынан «Janome», «Jack» тігін машиналарын сатып алған. 2017 жылдың қараша айынан бастап шеберхананың лентасын қиып, тапсырыстар қабылдауда.
– Қазіргі таңда кәсіп ашамын деген жандарға үкімет қолдауын аямайтынын ұқтым. Ауыл әкімшілігіне де айтар алысым шексіз. Бұйым- таймен келген әрбір ауыл тұрғындарының жағдайына түсіністік танытамын. Қалаға қарағанда ауылдағы күнкөріс деңгейі төмен екені анық қой. Дайын болған тапсырыстардың өтемақысын тұтынушылар бөліп төлегісі келеді. Бұндай жағдайда да мәселені адамгершілікке салып шешуге тырысамыз»,– дейді Гүлжамал Рысбекқызы.
Сапар барысында Қожабақы ауылында қалыпты өмір сүру үшін жақсы жағдай жасалғанын байқадық. Ауыл кәсіпкерлеріне қолдан келгенінше көмек көрсетіп отырған ауыл әкімдігінің игілікті ісін айтпай кетуге болмас. Ауызбіршілігі жарасқан ауыл адамдарының жарқын істері көңілге қуаныш ұялатты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
03 шілде 2018 ж. 1 956 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 17

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930