Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейнеттің тері ащы, жемісі тәтті

Бейнеттің тері ащы, жемісі тәтті

“Өзен жағалағанның өзегі талмас” деп бекер айтылмаса керек. Осыны ескерген Сырдария өзенінің іргесіндегі Абай ауылының тұрғындары биыл 20 гектар жерге қауын-қарбыз екті. Қара жұмыстан қажымай, несібесін жерден айырып отырған шаруалардың көкөніс өнімдері жақын арада түгел піседі.
Сарыкөлдіктер егін егу мехнаты көп жұмыс болса да жыл сайын бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Қазірдің өзінде осы Абай ауылының әрбір тұрғынының шарбағында азын-аулақ бақшасы бар. Олардың бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, өзін-өзі көкөніспен қамтамасыз етіп отырғандар. Өздері жегенін жеп, артылғанын базарға шығарып сатады.
Еңбек ардагері Өмірбек Бердібаев бастаған 15-20 ауыл тұрғыны өздеріне тиесілі жерге қауын-қарбыз, асқабақ егіп, жақын күндері жемісін жейміз деп отыр. Күннің ыстығына қарамай бастарына ақ орамал байлап алған жұмысшылар уақытылы бақша дақылы арасындағы арамшөпті отап, су ағатын арық көздерін аршыған. Сондықтан да жүздерін күн қаққан дихандардың қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, асқабақ, тағы басқа да бақша дақылдары гүлдеп, жайқалып тұр. Қияр мен қызанақ түйнек салып, қауын-қарбыздар жемісі де домаланып, жапырақтар астында қараңдайды.
Табиғат ананың төсінде маңдайынан тері сорғалап, бау-бақша баптап, несібесін жерден теріп, еңбек етіп жүрген жандар “Бейнеттің тері ащы, жемісі тәтті” екенін жақсы біледі.
Бақша басындағы Өмірбек Бердібаевпен әңгімелескенімізде “Көзімізді тырнап ашқаннан көргеніміз еңбек болғандықтан бау-бақша өсірудің қыр-сырын біркісідей-ақ білеміз. Оның үстіне ауылдың негізгі күнкөріс көзі бақша өнімдері болған соң осы кәсіптен қол үзбейміз”, – дейді маңдайдағы терін үгіп.
Жасыл алқапта тынымсыз еңбек етіп, бақшаның бабын келтіріп жүрген азаматтар туралы Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Алпысбай Қожахмет: «Өмекең нағыз бейнеттің адамы. Ерте көктемнен бастап, күзге дейін бір тыным алмайды. Қашан келсек те бақшаға су салып, арық-атыздардың көзін ашып жүргені. Біз де өз тарапымыздан шаруаларға қолдан келген көмекті көрсетіп жатырмыз. Өткен жылы аудан әкімінің қолдауымен ауылға берілген тракторды тіркемесімен беріп, жұмыстың қарқынды жүруін қамтамасыз етіп отырмыз, – деп ағынан жарылды.
Алақандай жерден кәсібін бастап, ауқымды шаруашылыққа айналдырған абайлықтардың ісі көпке үлгі боларлық. Әсіресе, бүгінде екі қолға бір күрек таппай, отбасы ошақ қасынан аса алмай отырған, тепсе темір үзетін азаматтар үшін бұл үлкен сабақ. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей» деген ұғымның шынайы көрінісі осы емес пе?!
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
14 тамыз 2018 ж. 2 394 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 33

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930