Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада диқан қарбыздың ерекше түрінен мол өнім алды

Қызылордада диқан қарбыздың ерекше түрінен мол өнім алды

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма елді мекенінде «Жиделі» шаруа қожалығының диқаны Абай Көрпебаев биыл қарбыздың ерекше түрін егіп, мол өнім алды. Голландиялық «Фарао Ф1» сортының әрбірі 20-25 келіге дейін тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарбыздың аталмыш сұрыпы биыл 1 гектарға ғана егілді. Алғашқы жылы-ақ, сұрыптың бұл түрі тиімділігін көрсетті. Бүгінде Жайылма диқандары өздері жинаған қауын-қарбызын экспортқа шығаруға мүмкіндік алды. Өзге елдегі тұтынушылар да қарбыздың жаңа сұрыпына үлкен сұраныс танытып отыр. Қазір аталмыш сұрыпты елдегілер қозы қарбыз деп атап кеткен көрінеді. Сырттай қарағанда қарбыз жерде жатқан қозыға ұқсап кетеді. «Мен ұзақ жылдан бері диқандықты кәсіп етіп келемін. Қазір жерден несібе тергенімізге жиырма жылға жуықтады. Жылда көктемде бақша өнімдерінің тұқымын сатып аламыз. Биыл «Фарао Ф» деген қарбыз сортына көзіміз түсті. Голландиялық сорттың өнімділігі жоғары екен. Дегенмен бағасы қымбат. Кәдімгі сорттан бағасы 10 еседей артық. Тәуекел еттім. Жаңа сортты тәжірибеден өткізуге ниет жасадым», - дейді Абай Көрпебаев. Диқан тәжірибе барысында аталмыш сорттың көп ерекшелігін байқады. Жердің құнарына байланысты өнім деңгейі арта түседі екен. Атап айтқанда, гектарына 100 тоннаға дейін өнім жинауға болады. Бұл - қарапайым еңбек адамы үшін мол табыстың көзі. Сондай-ақ, оның әрбірінің салмағы орташа есеппен 17 килограммға дейін жетеді. Салмақты дегендері 35 килограммға дейін жетеді. Элиталық тұқым ретінде бағаланады. Диқан А.Көрпебаев осылайша жаңа сұрып жайында жан-жақты айтып берді. Болашақта аталмыш қарбыз түрінің көлемін арттыруға ниет танытып отыр. Қарбыздың бұл түрі үш айға жуық уақытта пісіп-жетіледі. Өнімділігі өте жоғары болып, шаруа адамына мол кіріс кіргізді. Орташа есеппен алғанда әр гектарынан 80-85 тонна өнім жинауға болады. Әрине, көктем айларында оны еккен тұста әрбір гектарға 100 мың теңгеден шығындауға тура келеді. Есесіне одан мол өнім жиналып, өзін толықтай ақтайды.
inform.kz
31 шілде 2018 ж. 1 712 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930