Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өрелі боп өсу үшін балаңыз, тәртібіне қараңыз

Өрелі боп өсу үшін балаңыз, тәртібіне қараңыз

«Ер шекіспей бекіспейді». Десе де, балалар мен жасөспірімдер арасында топтастасқан төбелестер жиі-жиі бас көтеріп қоятыны айқын. Оны көріп те, естіп те жүрміз. Тіпті, топтық төбелестердің кесірінен мүгедек болып, бақиға ерте аттанып кететін жағдайлар да кездеседі.
Осынау бұзақылық іс-әрекеттердің кесірінен қаншама жан темір тордың кермек дәмін татып жатыр десеңші?! Барлығы сол баяғы еркеліктен басталған тентектік. Атан түйені алып жығар жігіттердің түбіне жеткен қызбалық пен ермелік деуге де толық негіз бар.
Өмірдің ащы-тұщысын көрмеген жас жеткіншектердің заң алдындағы жазасы қандай? Бейкүнә балалардың болашағына балта шабатындар кімдер? Аула-аула болып төбелесу еркектік пе, есерлік пе? Мектеп жасындағы балаңыздың топ-топқа қосылуына үгіт жасап, теріс жолға тартатындар бар ма? Бұзақыларға қосылмай-ақ, абыройлы жігіт болуға болады ма? Міне, осы сауалдар төңірегінде бірнеше адамның пікіріне құлақ тосқан едік.
Жания Бисенова,
№204 мектептің педагог-психологы:
– Қазіргі таңда, ата-аналардың басты мақсаты – балаларымды киіндірсем, тамағы тоқ, киімі көк болса, қатарынан қалмаса деген секілді міндеттер болып кеткені рас. Осыны сылтау етіп кейде балаға: «Тамағың тоқ, көйлегің көк, енді саған не керек?» деген әңгімелер жиі айтылып жатады. Ал, балалар ондай міндетсінген сөздерді көтере алмайды.
12-19 жастың аралығы балалардың есею кезеңі екені ғылымда дәлелденген. Осы уақытта көбінесе ата-аналар балаларға көңіл бөлмейді. Бірақ, сол тұста балаға отбасылық қолдау, қамқорлық ауадай қажет. Кейбір жанұяларда әке мен ананың арасында сыйластық, бір-бірін түсінісу болмағасын тікелей баланың психологиясына әсер етеді. Отбасынан оқшауланған бала жалғызсырап, өзімен сыр бөлісетін, әңгімесі жарасатын орта іздей бастайды. Алып-ұшып тұрған бала көңілі әртүрлі келеңсіз жағдайларға душар болуы мүмкін.
Көбінесе, балалардың бұзылып кетіп жатуы да осы жас шамасында кездеседі. Бұзақыларға еріп, топтық төбелестерге де қатысады. Сондықтан, әрбір ата-ана балаларының көзінше ұрыспай, оларға жақсы бағыт-бағдар көрсетіп, достарына айнала білулері керек. Балаларына «жақсы көремін» деген сөзді жиі айтып отырған отбасының баласы тәлімді болып өседі.
Айнұр Тен,
Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры:
– Жалпы, топтық төбе­лестерге қатысқан балалар мен жасөспірімдер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша жауапқа тартылады. Ол 16-18 жас аралығындағы балалардың өздеріне толтырылады. Мұнымен қоса, ұсақ бұзақылық жасаған 14-16 жас аралығындағы жастарға 435-бап бойынша ата-анасына хаттама жасалынып, айыппұлдар төлетіледі.
Осыдан көріп тұрған­дарыңыздай, балалардың үйдегі тәрбиесінен бөлек, көшедегі тәртібіне де ата-анасы жауап береді. Бізде көбіне балалардың кешкі мезгілдегі көшеде жүруіне, олардың топтық төбелестерге қатысуына да білім ордаларын кінәлап жатады. Бұл дұрыс емес түсінік дер едім. Ұстаздар қауымы үнемі рейдтерге шығып, түнгі мезгілде көшеде жүрген оқушыларды үйіне жеткізеді. Ал, отбасынан балаға тосқауыл мен тыйым болмаса, ол қайтадан көшеге шығып кетеді. Оларды ішкі істер бөліміне әкелген жағдайда ата-аналар балаларының іс-әрекеті заңға қайшы екенін біле тұра, балаларының сөзін сөйлеп, ақтауға тырысады. Міне, осы жағдайдан кейін оның санасында еркінсу, заңды сыйламау қалыптасады. Сондықтан әрбір ата-ана ұрпағының болашағын ойласа дұрыс жолға түсуін қаласа, олардың кіммен араласатынын, достарының кімдер екенін біліп жүргендері жөн.
Ақсұңқар Әлмахан,
студент:
– XXI ғасыр білім мен ғылым дәуірі екені көпшілікке белгілі. Заман көші ілгері жылжыған сайын жаңа буынның да өмірге деген көзқарасы өзгеріп келеді. Сол секілді жастардың да білім мен ғылымға құштарлығы, өнерді, спортты жанына серік еткендігі маған өте қатты ұнайды. Жалпы, менің ойымша жылдан-жылға аула-аулаларға бөліну қазіргі таңда қызық болмай бара жатқан секілді. Бүгінгі менің қатарластарымның басым бөлігі «Қайтсем оқуға түсемін?», «Қалай көбірек қаражат табамын?», «Жеке кәсібімді қалай ашсам болады?» деген сауалдар төңірегінде ойланады. Мүмкін, кейбір жерлерде бұзық ортаға қосылу әлі де бар шығар. Бірақ, оның түбі жақсылыққа апармайды. Менің бір ұстазым: «Край-край болып төбелесіп жүрген қатарластарымның түрмеге түсіп, гитара тартып жүргендігінен басқа ешқандай артық қасиеттері жоқ» деген әңгімесі көкейімде. Кей жағдайда бұл жастардың бос уақытының көп болып, жұмыссыз жүргенінің нәтижесінен болады деп ойлаймын. Сондықтан, өзім қатарлас жастар, кейінгі буын болашақтарына салғырт қарамай, тиімді, керекті дүниелермен айналысқандары дұрыс деп білемін. Әрине, жігіт болғаннан кейін балалармен сөзге келіп қалу деген секілді жайттар кездеседі. Көп жағдайда шыдамсыздыққа бой алдырмай, шекіспей, керіспей, ақылмен шешіп тастауға тырысқан жөн.
Алтынбек Қасым,
11 сынып оқушысы:
– 8 сынып бітірген жылдан бастап қатарлас екі-үш жігітпен бірге белгілі ортаның балаларымен араласып, олардың жиынына барып, тіпті, төбелесіп те жүрдім. Кейде жаныңда жүрген достарың қорқақтық танытып, сені тастап қашып кететін де кездері болады. Қасыңдағы жігіттің қандай екенін кейде сол кездері білесің. Үйімізге мұрнымыз қанап, көзіміз көгеріп, басымыз мең-зең болып қайтқан уақыттар да кездесті.
Кейде, ортадағы үлкендеу ағалардың айтуымен ақша жинап, олардың үйлеріне жұмысқа да барып жүрдік. Өзің іштей ұнатпайтын адамның қара жұмысын істеген әрине жаман. Бірақ, үлкендер айтқаннан кейін амал жоқ көнесің. Тентектеу жігіттермен бірге жүріп, үйімізге кештетіп келіп, ата-анамыздан сөз есіткен кездеріміз аз емес. Қазіргі таңда, ол ортадан алыстап, тестілеуге дайындалу үстіндемін. Болашағымды бұзық жігіттермен елестеткім келмейтінін түсіндім. Әрине, әке-шешемізді жерге қаратпай, жақсы оқу орнына түскім келеді. Аулаларға кіріп, топтық төбелестерге араласу түкке қажеті жоқ екенін ұқтым.
P.S: Үш жүзге билік айтқан Абылай хан бабамыздан «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген керемет қанатты сөз қалған. Иә, бүгінгі күн шекесінен қарағанда заман білектің емес, білімдікі екенін барша жұрт білетіні рас. Сондықтан да ер мінезді жігіттеріміз білімді, өнерлі болғанға не жетсін?! Жұдырыққа сенетін жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет екенін түсінетін күн жеткендей.
Есет ТАБЫНБАЕВ
24 шілде 2018 ж. 2 015 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930