Жаңа мектеп – жақсылықтың жаршысы
Қазалы ауданында апатты жағдайда тұрған мектептердің жоқ екендігі баршаға аян. Мұнымен қоса, кезектесіп үш ауысымда оқуды жою дегеніміз әледеқашан шешімін тапқанын білеміз. Қазіргі жаһандану заманындағы оқушылардың зәулім ғимараттарда білім алып, аядай жарқыраған сыныптарға кіріп-шықандары аға буынды да сүйсінтпей қоймайды.
Алысқа адымдамай-ақ кенттің өзіндегі кез келген мектептің ажарына қарасаңыз да жеткілікті. Білім ордаларындағы тәрбиенің тұнығын ішіп, ілім нәрімен сусындап жатқан шәкірттердің түрлі деңгейдегі жетістіктері де сол киелі шаңырақтардың айнасы іспеттес деуге толық негіз бар. Осы орайда, «мектебің қандай болса, жеткен жетістігің де сондай» дегенді айтқымыз келеді.
Өткен жылдың өзінде ауданда 5 бірдей жаңа білім ордасы пайдалануға беріліп, жұртшылықты қуанышқа бөлегені рас. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тауып отыр. Сөзімізге дәлел, Әйтеке би кентінің 5 квартал аталатын аумағындағы су жаңа мектептің құрылысы болмақ.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 300 орындық мектептің жоба құны 883,050,0 миллион теңгені құрапты. Аз ақша емесі анық. Ал, мердігері болып «Жабдықтау» серіктестігі танылған екен. Мектеп құрылысы алдағы уақытта толық аяқталып, тұрғындар игілігіне берілмекші.
Қазіргі таңдағы құрылыстың қалай қарқын алып жатқандығы жөнінде учаске басшысы Бағдат Құтановтан сұраған едік.
– Бүгінде жүргізіліп жатқан мектеп құрылысы аяқталуға таяу. Мектептің ішкі жұмыстары бітіп, ауласының, спорт алаңдарының аз-кем жұмыстары қалды. Құрылыс сапасы жаман емес. Тексеруге келген түрлі құзырлы орын қызметкерлері оң бағасын беруде. Жалпы білім шаңырағында әртүрлі сыныптармен бірге химия, биология кабинеттеріне арналған заманауи бағыттағы лабораториялар қарастырылған. Сонымен қатар, бір спорт зал, акт залдары бар. Тіпті, бұл мектептің ішінде мүгедек жандардың жоғарғы қабаттарға көтерілуіне қолайлы етіп салынған лифт жұмыс жасамақ, – дейді Бағдат Аманбайұлы.
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» демекші, киелі өңірдің төсінде ақ желкенін керетін жаңа мектептің әрқашан жақсылықтардың жаршысы боларына сеніміміз кәміл.
Есет ТАБЫНБАЕВ