Құлақ қасіреті құлаққаптан
Университетте оқып жүргенімізде құлағымызға тағып алған құлаққапты көрген ағайларымыз: «Ей, бала, ана «бас жібіңді» құрт!» деп кеюші еді. Бізде жалма-жан құлағымыздағыны алып тастағанша асығатынбыз. Кейін ұстаздарды ашуы тарқағасын «Айналайын, басыңдағы «бас жібің» ертең құлағыңның естімей қалуына әсер етеді. Сосын, отызға жетпей саңырау болып жүргені
ң», – деп ақылын айтатын. Жастыққа тән албырттықпен сол кеңестерді кейде жүре тыңдайтынбыз. Десе дегендей, кейін құлағымыздың құлаққаптан қажалғаны соншалық, іші жараланып та жүрді.
ң», – деп ақылын айтатын. Жастыққа тән албырттықпен сол кеңестерді кейде жүре тыңдайтынбыз. Десе дегендей, кейін құлағымыздың құлаққаптан қажалғаны соншалық, іші жараланып та жүрді.
«Қазір базарда адамның жанынан басқасының бәрі бар». Бұл күнделікті баршамыз естіп жүрген әңгіме. Иә, заманымыз дамыған сайын қытайдың құмырысқадай қаптаған арзан заттарының барлығы дерлік қарабазарда толып тұр. Соның ішінде біз әңгімелеп отырған құлаққаптың да түр-түрін кезіктіруге болады. Ал, соның пайдасы мен зиянын екшеп жатқан жан бар ма?! Қате естімедіңіз. Зиянды тұсын айтқалы отырған құлаққабымыздың пайдалы да жағы бар. Әсіресе, көпшіліктің арасында ұялы телефоннан ән тыңдағанда, кино көргенде деген секілді керекті тұстары да кездеседі. Енді, алдымен құлаққаптың қысқаша тарихына тоқтала кетсек.
Оның әуелгі бастағы мақсаты ауру адамдарға көмек қолын созу ниетінен туындаған. Өткен ғасырдың 50-жылдары Джон Косс атты азаматтың техникалық ілімі жоқ, физика ғылымына деген әуестігі де болмапты. Милуоки штатындағы ауруханаларда жатқан науқастарға теледидарды жалға беру бизнесімен айналысқан көрінеді. Өздігінен кереуетінен тұра алмайтын сырқаттарға қалай көмектесу керектігін көп ойланса керек. Ақыры соның нәтижесінде стерео-құлаққаптар дүниеге келеді. Оны басында тыңдау құрылғысы деп атаған. Бірақ шуылы көп, дыбысы анық естілмейтін құрылғыны жетілдіру қажет болатын. Джон Косс біраз қаржы жинап алған соң, инженерлердің басын қосып, өз қиялындағы дүниені жарыққа шығаруға талпыныс жасайды. Әуелі дыбыспен жұмыс жасайтын музыканттарға көрсетіп, кем-кетігін тыңдатып, жетілдіру жағын қарастырады. 1957 жылы ұйымдастырылған Hi-Fi көрмесінде Косстың құлаққаптары жыл жаңалығы деп танылады. Талайлардың таңданысын тудырған. Соның нәтижесінде Koss компаниясы дүниеге келді.
«Сұлуынан жылуы» дегендей бір кездері адамзаттың игілігіне айналған заттың кейін уақыт өте келе сорын қайнатады деп сол кезде Джон мырза ойламаған шығар.
Соры емей немене, өрімдей жастар жасына жетпей «саңырау» болып жатса, осының кесірінен ажал құшағында кете барса?! Қара аспанды төндіргеніміз емес, әлем бойынша құлағына құлаққап тағып алып, теміржолда пойыз астына түсіп, күре жолда көлікке қағылып жатқандар қаншама? Оны түрлі әлеуметтік желілердегі видеолардан көріп те, біліп те жүрміз. Төмендегі мәліметіміз соған тұздық болсын.
Деректерге сүйенсек, өткен жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында үш күннің ішінде пойыздың астына түсіп үш адам қайтыс болыпты. Оларды біреу-міреу отарбаның астына итерген жоқ. Өздері сол құлаққапты киіп, теміржол бойында жер дүниені басына көтере дүңкілдеп келе жатқан пойыздың ышқырған дауысын естімеген. Теміржол вокзалының маңында 17 жасар өрімдей студент қызды жүк пойызы қағып кеткен болатын. Араға бір күн салып «Бадам – Қалаш» өткелінде 29 жастағы азамат пойыздың астына түсіп мерт болды. «Қызылсай – Манкент» өткелінде тағы бір адам бақилық болды. Тағы да «кінәлі» – құлаққап деуге болады.
Жоғарыда айтылған азаматтарға ажал уақытынан бұрын, құлаққаптың кесірінен жеткендігі айқын.
Жастардың арасында сәнге айналған құлаққаптың кесірлі тұсын дәрігерлер де айтып дабыл қағуда. Олардың айтуынша, соңғы кездері құлаққаптың кесірінен кеселге душар болғандар көбейе түсіпті. Құлақтағы күйсандықты күні бойы пайдаланатын адамның басы айналып, есту қабілеті нашарлап, жүйке жүйесі қажиды екен. Оның үстіне, құлағы саңырау, санасы меңіреулердің тым жасарып бара жатқанын да жасырмайды мамандар.
Отоларингологтар соңғы кездері өте қатты шу құлақтағы сезімтал жасушалардың өлуіне әкеліп соқтырады деп отыр. Олардың айтуынша, есту қабілетінің төмендеуіне құлаққаптың қосар үлесі қомақты көрінеді. Отоларингологтар құлаққапты бар дауысымен бақыртып қойып тыңдау құлақ пердесін жарып жіберуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның соңы керең болуға әкеліп соқтыруы да мүмкін.
Біздің бабаларымыздың данышпан болғандығына, әрдайым ұтымды, ұтқыр сөйлегендеріне күн сайын көз жеткізіп келеміз. Соның бірі – естіген дүниесін ұмытпау қасиеттері. Қай жазушының кітабын парақтап жіберсең де соның ішінен әйтеуір аңыз-әңгімелерді, әртүрлі дастандарды таңды-таңға ұрып жырлайтын жыршылардың қазақ даласында көп болғандығын кезіктіреміз. Сонау шығыстағы Алтайда отырған бір жырау бір күндік жырын айтса, оны Атырауда отырған ағайынның құлағына ортадағы жыршылардың айтуымен жетіп отырған. Міне, «құймақұлақтық» деген осы. Таспа да, видеокассета да жоқ уақыттағы адамның орасан мүмкіндігі. Біздің бір ғана «Қыз Жібек» дастанының өзін қанша адам айтып, қазіргі таңда оның 27 нұсқасы бар екендігі белгілі болып отыр.
Түйін: Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп ағамыз адамның естіп, қабылдау қасиетіне байланысты жазған эссесінде «Құймақұлақ, ақпақұлақ, лақпақұлақ» деп бөлген екен. Құймақұлақтардың азайып, бір естігенін ұмытып қала беретін ақпақұлақтардың пайда болуын көріп жүрміз. Енді, біздің ұстаздар айтқан «Бас жіптердің» кесірінен қазақ қоғамында айтқаныңды естімейтін, өздерін қолдан лақпақұлақ қылғандардың саны күн сайын артуда. Не болса да назар аударып, алаңдарлық жайт.
Есет ТАБЫНБАЕВ