Енесі шебер, келіні ісмер
Қазалы қаласының тұрғыны Жұпар Жақсылық он саусағынан өнер тамған шебердің нақ өзі. Ұршық иіріп, тоқыма тоқудан бөлек, киіз басуға дейін меңгерген. Текемет, алаша тоқу да бойжеткен күнінен бергі кәсібі. Бүгінде шөбере сүйіп отырған асыл әже балаларына шұлық, жемпірді өзі тоқып береді.
Жұпар апа жүзі күлімдеп, бізді жылы қарсы алды. Дастарханға шақырып дәм ұсынған анаға келген мақсатымызды айтып, сөзге тарттық. «Иә, қазір ұршық иіретіндер аз ғой. Біздің уақытымызда бұл іске бейімділер қатары көп болатын», – деп әңгімесін бастады.
Айтуынша, ең алғашқы тігін машинасын анасы 6-сыныпта оқып жүргенінде алып беріпті.
– Әкем Жақсылық Құлниязов ауыл советінде хатшы, анам Зейнеп Құлниязова мұғалім, дүкенші, наубайшы болды. Екеуі де жұмысбасты, үйде көп бола бермейтін. Үйдің үлкені ретінде үй шаруасына ерте араластым. Өзімнен кейінгі бес бауырыма қарайласып, барлық жұмысты істей беретін едім. Қолөнерге деген құштарлығым бала кезден бар. Ешкім маған үйреткен жоқ. Барлығы мектептегі «Еңбек» пәнінен басталды. Мұғалім көрсетіп берген өнерді әрі қарай үйде жалғастыратын едік. Солай тоқыма тоқуға деген қызығушылығым артты, – дейді Жұпар апа.
Мектеп бітірген соң екі жыл Қызылқұм совхозында тәлімгер болған кейіпкеріміз тұрмысқа шққан соң енесінің қасында көмекші сауыншы болғанын айтты.
– Енем Алтыншаш Қазанғапова атақты сауыншы болды. Сол кездері 12 съезд депутаты атанды. Сол кісінің қасында көмекші болдым. Одан кейін күріш ектік. Майдакөл совхозында қырман штабында аспазшы да болдым. Енем өмірден өткен соң соғыс ардагері атам Өтеген Сарымбетовтің денсаулығына қарайласып, үй шаруасында болдым. Атам да өмір бойы еңбек еткен жан. Жолдасым Шират Өтегенов автобазда жүргізіуші болды, – дейді.
Шират аға мен Жұпар апа өмірге бір, ұл екі қыз әкеліп, құтты орнына қондырған. Ұлы Қайрат орман шаруашылығы мекемесінде жұмыс істейді. Келіні Жанат мұғалім Қыздары Нұргүл отбасымен Қарағандыда тұрады, мұғалім. Кенжелері Жанат әскери салада еңбек етеді. Ол отбасымен Шымкентте. Немересі Қанат пен оның келіншегі Ақмарал жолсерік болып қызмет етеді. Нұрай туризм саласы бойынша жоғары білім алған. Шымбұлақта жұмыс істейді әрі сән саласында да модель. Ернар 8-сынып оқушысы. Шөбересі Қайсар 2-сыныпта, Аслан балабақшада.
– Таңертең барлығын жұмысына, мектепке, балабақшаға шығарып саламын. Тамақтарын дайындап, күтіп аламын. Атасы екеуміздің қызығымыз – балдай тәтті немере-шөберелеріміз. Солардың қылығын қызықтап, сүйсініп отырамыз. Адамға одан артық қандай бақыт керек дейді , – Жұпар әже.
Әжесі балаларына тоқыма, шұлық тоқығанда қазіргі заманға сай етіп әдемі ою-өрнектермен безендіруді ұмытпайды.
– Енем ісмер жан болатын. Бірге киіз басып, ою ойдық. Алаша да тоқыдық. Шілтер, кесте, шарқат дайындайтын едік. Заманның талабы солай болды. Біз уақытында диірмен тартып, келі түйдік, – деген Жұпар апаның келіні Жанат та «Келін қайын ененің топырағынан» деген сөзді дәлелдегендей. Оның да қолынан келмейтін дүние жоқ.
Жанат Нұрыллақызы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектепте Қосымша білім беру педагогы, география пәні мұғалімі. Жұмысымен қоса бала күнінен меңгерген қолөнерді де қатар алып жүр.
– Мен тоқыма тоқып, тігін тігуді анамнан үйрендім. Бала кезімде апам Жанар екеуімізге жүн түткізетін. Тоқу өнерін сол жас күнімнен ақ игердім. Ең алғаш тоқығаным мойынорағыштар еді. Оң, теріс тоқудан бастап түрлі жіппен сәндейтінмін. Үйдегілерге қой жүнінен шұлық тоқып беретінмін. Кейін келе өзіме қалпақ тоқыдым. Әлі есімде 9 сынып оқып жүргенде анам әдемі қара қойдың жүнін иіріп берді. Тоқу тоқығанды өзім қатты ұнататынмын. Сол әдемі қара жіптен анама жемпір тоқып бердім. Менің қолымнан шыққан қара жемпірді анам шынтағы тозғанша тастамай кигені бар. Балаларға күртеше шұлықтарды қызыға сәндеп, өрнектеп тоқимын, – дейді Жанат Нұрекешова. Ол тоқыған терме алашалар әлі күнге дейін төсеніш ретінде сақтаулы. Әңгіме барысында өзі тоқыған шарқатты көрсетті. Әдемі, аппақ, өрнектеліп тоқылған, жып-жылы шарқаттың жұмсақтығы жібектей. Отыз жылға жуық уақыт енесімен бір шаңырақ астына тұратын Жанат Нұрыллақызы «Екінші анамнан да үйренгенім аз болмады», – дейді.
– Бұрындары мектеп формасының жағасына шілтерді тігіп, тағып алатын едік. Сондай әдемі көрінетін. Қолғап, шұлық тоқуды қызым Нұрайға да үйреттім. Аздап біледі. Тоқуда қателік етпеуі керек. Салған өрнегіңіз әдемі түсуі үшін қателеспей, есеппен тоқу маңызды, – дейді Жанат Нұрыллақызы.
Ене мен келіннің қызығушылығы бір, талғамы да сай келеді екен. Кей кездері ойға-ой қосып, бір-біріне «мына жерін былай өрнектеп келтірсек қалай болады?» деген секілді пікірлесіп отырады.
– Әуелі таза, жуылған жүнді түтіп, оны шүйкелейді. Шүйке деген түткен жүнді қолға жинау. Содан кейін біртіндеп оңға қарай иіресің. Бір домалақ істеп алып, оңға қарай тағы солай иіріп, екінші домалақ істеп алып, екеуін біріктіріп қосып, екі тін қылып, иіріу керек. Содан кейін барып, оны қандай нәрсеге болса да пайдалана бересің. Үйренемін деген жан болса, үйретуден жалықпаймын. Қазақ төрт түлікті баптап, оның жүніне дейін кәдеге асырған халық. Қазақы ою-өрнек, ұлттық нақышпен безендірілген, жып-жылы киімді киіп жүрсе, керемет емес пе? Қолөнерді үйрену, білу, күнделікті тұрмыста жүзеге асыру тіпті несібе көзі де бола алады. Ең бастысы, ниет болса, болғаны, – дейді Жұпар Жақсылыққызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА