Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Он саусағынан өнер тамған

Он саусағынан өнер тамған

“Шебердің қолы ортақ” дегендей сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш етeтiн құндылықттың бірі қолөнер десек артық айтқандық емес. Дәстүрлі тұтыну және сәндiк бұйымдарын жасайтын ұлттық мәдениет пен өнер туындысы деуге әбден болады. Ағаш пен темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатын бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі мақтауға тұрарлық.
Мариямкүл Баймағанбет қырық жылдан аса уақыт тігін тігіп, ауылдастарының алғысын арқалауда. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Қазіргі уақытта Жанқожа батыр ауылының “Асыл əжелер” тобының белді мүшесі.
Мариямкүл Жақсымағанбетқызы Арал ауданы, Көзжетпес ауылындa дүниеге келген. Қазір зейнетте отырып қолөнер, соның ішінде тігін тiгу өнерімен 1978 жылдан бері айналысып келеді.
–Анам тігін тігуге икемді болғандықтан шығар, мен де ешкім үйретпей-ақ қолдан келгенше киім үлгілерін пішіп, құрақ құраймын. Үйдегі заттарды бүтіндеп қоямын. Кезінде әжелеріміз алаша тоқып, киіз басатын. Бүгінде оның бәрі ұмытыла бастады. Дегенмен ана болған соң инені көгінен түртуді білу қажет деп ойлаймын. Кезінде талай қызметті атқардық. Қой фермасында диспетчер болдым. Арнайы орнатылған радио арқылы қанша жем-шөп керек, қай техника істен шықты сынды хабарларды жариялап, солардың есебін облысқа жіберетінбіз. Кейін одақ ыдырап, фермалар жабылды. Шүкір, жаман емеспін. Қазір анау айтқандай тапсырыс алып, кәсіп етпеймін. Тек білгенімді балаларыма үйретіп, жақындарымның өтінішін орындаймын, – дейді кейуана.
Ісмер жанның қызметіне жүгінген ауыл тұрғындары шеберлігіне риза.
–«Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, сондай рақмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген ғұлама әл-Фарабидің сөзі ойыма оралады. Анамыздың осындай алтын қолымен тігілген туындылары өте сапалы. Сонымен бірге даналығы мен көрегенділігін де айтқым келеді. Үнемі ақыл беріп отыратын аналар аман болсын! – дейді Гүлдана Құрманәлі.
Тағы бір ауыл тұрғыны Баршагүл Медеубай да өзінің жылы лебізін жеткізуді қалады. «Алдына жабырқап барғаныңда көңіл сарайыңның тынысын ашып береді. Құлазыған жаныңды түсініп, барынша ақылын айта жүріп, дастарқанын жайып құрметтейтін ақ жеңешеме саулық тілеймін. Ұл-қызының қызығын көрсін!» – дейді ол.
Біз де ақжаулықты ананың он саусағынан өрбіген өнеріне тәнті болдық. Кәсібіне береке тіледік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
25 тамыз 2020 ж. 2 118 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031