Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақы қолөнердің қамқоршысы

Қазақы қолөнердің қамқоршысы

Он төрт жасынан қолөнерге құмар болған Қожабақы ауылының тұрғыны Мәдина Қаржаубаева тоқу өнерінің түр-түрін меңгерген. Ол тоқыған қалпақ, шұлық, қолғап пен тоқыма көздің жауын алады. Мәдина апайдың қолынан шыққан киіз үйдің баулары мен алашаның әсемдігін айтсаңызшы. Бұл өнердің сырын нағашы жеңгесінен үйреніпті. Алаша тоқуда қойдың жабағы жүні пайдаланылады. Қазіргі күнделікті тұрмысымыздан алыстап бара жатқан төсеніштің қалай дайындалатындығын былай түсіндірді.
– Бұрын барлығын жасаушы едім. Қазір жас келген соң сәл алыстап қалдым. Бір ғана төсеніштің қалай жасалатындғығын айта кетейін. Қойдың көктемгі қырқылған жүні жабағы жүн деп аталады. Оны жуып, кептіріп, түтіп ұршықпен иіремін. Иірілген жүн жіпті қызыл, көк тағы басқа да бояуға қайнатып бояйтынбыз. Кепкен соң домалақтап алаша тоқуға кірісемін. Алаша тоқуға арналған жүн жіптерін үш жерге қазық қағып жүгіреміз. Сосын ортадағы күзу ағашқа тізбектейміз. Болғасын өрмек ағашты құрып арқалығына күзуді байлаймыз. Өрмек ағаштың қылышы теру қылышы, адарқысы болады. Теру қылышпен теріп, түрлі мүйіздер шығарамыз. Қылышты әрбір тартқан сайын арқау жіп өткізіледі. Сол арқылы алаша тоқылады», – дейді тоқыма өнерінің шебері. Сонымен қатар, Мәдина апа уақытында ағаш үйге түрлі құрлар мен бау тоқып дайындаған.
Қазақтың көне қолөнерін жаңғыртып, заманға сай жарыққа шығарып жүрген Мәдина апаның әкесі Қаржаубай заманында ағаштан түйін түйген, қараша үй соққан шебер болған. «Қара ағаштан таңдап, қабығын аршып, дайындалған ағаштан 6-7 метр ұзындықта ошақ жасайтын. Оның мұржасының диаметрі 1 метр кеңдікте болады. Сол мұржаға ағаштарды тікесінен қояды. Ошаққа от жағып, ыссы түтінге балқыған ағашты қалыпқа салып уыққа арналғанын, керегеге қажетті ағаштарды бөлек «Тезге» салатын. Керегеге керекті ағашты ағаш жонғышпен жонады. «Пәрме» құралы арқылы кереге көздері тесіледі. Керегені сиыр терісін өңдеп, тіліп көктейді. Уықтың бау тағар жерін теседі. Шаңырақты қара ағаштың жуан түрінен таңдап алып, күлдіреуіш салып, дайындайды. Уық тесіктерін сексеуілдің шоғына үшкір темір салып, сонымен теседі. Осылайша киіз үйдің әрбір жұмысын есептеп жасайтын», – дейді әкесі туралы.
Бар білгенін жастарға көрсетіп те үйретіп те жүрген зейнеткер Мәдина Қаржаубайқызы қазіргі таңда Аранды ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы. «Сегіз қырлы, бір сырлы» ана «Әжелер» ансамлінің мүшесі. Мектептен кейін еңбек жолын Энгельс атындағы совхозда құрылысшы болып бастаған ол Қызылорда ауылшаруашылығы техникумынан есепші мамандығын алды. Әр жылдары Энгельс атындағы совхозда, Аранды ауылдық кеңесінде есепші болды. СТК-ның төрайымы қызметін де абыроймен атқарған. Қазір зейнеткерлік демалысқа шығып, немере- шөберенің қызығын көріп отырған асыл әже.
– Біздің өзгелерден ерекше тұсымыз – ұлттық құндылықтарымыздың тартымдылығында. Сәнді әрі мағыналы ою-өрнегіміздің өзі неге тұрады. Әрбір қолөнеріміздің астарында терең мән жатыр. Осының барлығын ұрпақ ұғынып өссе екен, – дейді Мәдина Қаржаубайқызы..
Әкеден қонған құтты өнерді көзінің қарашығындай сақтап, халық назарына ұсынып жүрген шебердің өнегелі ісіне ауыл тұрғындары дән риза.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
20 мамыр 2023 ж. 548 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031