Мұхтар Оразбаев: Қазалының қарқыны қуантады
«Өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» деген қағиданы ғұмырлық ұстаным еткен халқымыздың салт-санасында әрбір келген жаңа жыл қуанышты еселеп, молшылықты арттыратындай кейіпте болатыны рас.
Қоян жылы да Сыр жұртшылығы, Қазалы халқы үшін жаман болған жоқ. Қазалылықтардың ду-думаны базарлы, ауыл-аймағы ажарлы бола түсті. Жаныңды нұрландыратын жағымды жаңалықтар, ағайын-жұртқа ақсарбас айтқызған сүйінші істерденде кенде қалмадық.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Бұл бұрынғылардан қалған тәмсіл. Осы ретте өткен жылы Қазалы ауданының 95 жылдығы жыл көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Мұнымен қоса Әйтеке би кенті екі мәрте облыстық «Үздік елді мекен» байқауында топ жарды. Көркі артқан кентке аталмыш байқау нәтижесімен түрлі заманауи техникалар берілді. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, ауданға берілген бұл көліктер халыққа қалтқысыз қызмет етеді деп түйсіндік.
Әп дегеннен «ұлу жылы – жылу жылы» ретінде аудан жұртшылығы үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Себебі, өткен аптада көптен күткен 600 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Мұнымен қатар қарбалас жұмысы көпті алаңдатып болған Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің де лентасы қиылды. Әрине мұндай үлкен һәм күрделі жұмыстардың соңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тегеурінді талабы, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған азаматтардың күндіз-түні жүрген қыруар еңбегі жатқаны айқын.
Осы ретте жуырда аудан басшысы Мұхтар Оразбаевпен емен-жарқын әңгімелесіп, осы және алдағы жұмыстар, ауданда болатын шаруалар жайлы кеңінен сұқбат өрбіткен едік.
– Мұхтар Әуесұлы, ақын-жазушы деген халықта «сиясы кеппеген» деген тіркес бар. Әңгімеміздің басын осы әлі дүбірі басыла қоймаған 6 жыл тұрып, көпті алаңдатып болған 600 орындық Мәдениет үйі мен өткен жылы пайдалануға берілу тиіс болған 250 орындық мектептің құрылыстарына тоқталсақ. Жалпы құрылыс жұмыстарының бұлай созбалаңға салынуына не түрткі?
– Иә, әрине Мәдениет үйінің құрылысын Қазалы ауданының тұрғындары ұзақ күтті. Қаражаты уақытылы аударылғанымен компания тарапынан біраз қиындық туындады. Бұл ретте аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының еселі еңбегін, қажырлы қайраткерлігін айтпай кетпесек жарамас. Әдепкіде құрылыс жұмыстарында кілтипан болып тұраласа, кейін керекті жабдықтарының ауданға жетуінде де кедергілер шықты. Ол затты мердігер мекеме Украинадан алдыруға тапсырыс берген. Ресей мен Украина арасындағы кикілжің аталмыш заттың шекарада ұзақ тұрып қалуына түрткі болды. Кейін аймақ басшысының зор ықпалымен бұл мәселе оң шешімін тапты.
Ал мектеп мәселесі сол аймақтағы жұртшылықтың көптен сұрап, шәкірттерге қиындық туғызып отырған жайттың бірі болатын. Бұл жерде де қаражат мәселесінен еш ақау болмағанымен, жауапты мердігер мекеме уақытында бітіре алмады. «Ештен кеш жақсы» демекші, жуырда мектеп пайдалануға берілгенін өздеріңіз куә болдыңыздар. Парламент депутаттары мен облыс әкімі арнайы келді. Жұртшылыққа ыстық ықыласын жеткізіп, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.
– Жалпы аудандағы құрылыс жұмыстарының осылай артып жатқаны қуантады. 2023 жылы көптеген ғимараттар пайдалануға берілді. Ал биылғы биылғы жылы қандай құрылыс жұмыстары жүргізілетіндігіне тоқталсаңыз.
– Қазалы ауданындағы құрылыс қарқынын аудан жұрты жақсы біледі. Ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында бірқатар нысандардың лентасы қиылып, ел иігіліне берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12 миллиард 229 миллион теңгені құрап, 158,5 пайызға орындалды. Қазалы ауданы бойынша 2023 жылға барлығы 12 нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл жобаларды іске асыруға 2023 жылға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен 6,6 миллиард теңге бөлінді.
Атап айтсақ, «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға 52 пәтер сатып алуға қаржы бөлінді. Ел игілігіне берілді. Мұның арасында Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергенов атамызда баспаналы болғанын атап өткен жөн.
Бұдан бөлек, былтыр облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы 3 ауылда, яғни Бозкөл, Абай және Кәукей ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Ол үшін ұлттық қордан – 1150,7 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Сондай-ақ 160,4 миллион теңгеге аудан орталығында орналасқан емхана ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Құмжиек ауылдық округіндегі Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл үшін – 208,3 миллион теңге бөлінді. Спорт нысандары бойынша Ү.Түктібаев ауылындағы спорт кешенінің құрылысына 281,3 миллион теңге қаржы қаралып, аталған нысан ауыл игілігі үшін жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ аудандық бюджеттен 22,1 миллион теңге қаржы қаралып, Қазалы қаласы, Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би, Қ.Пірімов, Басықара, Ақсуат, Жанкент ауылдарында спорт алаңдары жөндеуден өткізілді.
Ал 2023 жылы білім беру ұйымдары базасын жақсарту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Бұл үшін 2023 жылы бюджеттен 1 миллиард теңге қаралды. Құрылыс жобасы 2024 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Мұнымен қатар биыл 1 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын «Руханият» орталығы бой көтереді. Ол орында кітапхана, ардагерлер, белсенді жастар, Үкіметтік емес ұйымдар жұмыс жасайтын болады. Тағы бір айта кетерлігі, Бекарыстан би, Қожабақы ауылдарымен қатар Әйтеке би кентінде спорт кешендерінің жұмысы да биыл басталады деп отырмыз.
– Ағымдағы ел қорғаны, халқымыздың мақтанышына айналған батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толып отыр. Осыған байланысты аудан көлемінде қандай шаралар ұйымдастыру көзделуде? Жоғарыда атап өткен білім беру ошағы баба мерейтойы аясында пайдалануға беріле ме?
– Халқымыздың біртуар ұлы Жанқожа бабамыздың 250 жылдық мерейтойымен қатар биыл Әйтеке би бабамыздың да 380 жылдығын атап өтеміз. Бабалар рухына тағзым жасау – бұл әрбір ұрпақтың қасиетті борышы. Өскелең буынға деген үлгі-өнегеміз деп айтуға болады. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген даналыққа сүйенсек, бұл аталарымыздың да қазақ тарихының үлкен деңгейге көтерілуіне, еліміздің бодандықтан, езгіден азат болып, бүгінгідей еркін, егеменді ел болып қалыптасуымызға жасаған еңбектері орасан. Әйтеке би бабамыз кіші жүздің бас биі болып, елдің ішіндегі айтыс-тартысты, дау-жанжалды шешуде, өзінің қайраткерлігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен көз түсті. «Дала заңы – баба заңы» демекші, ұлан-ғайыр қасиетті мекеніміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, бүгінгі Ата заңымыздың алғышарты болып табылатын Тәуке ханның «Жеті жарғысының» жазылуына атсалысты. Ел мен жерге, дін мен дәстүрге ортақ ұстанымдарды ұсынды.
Әйтеке би бабамыздың 380 жылдық құрметіне биыл үлкен деңгейде ғылыми-танымдық конференция өткізу, кенттің орталығындағы Әйтеке би көшесін жаңадан асфальттау жұмыстарын қолға алмақпыз. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі мәдени іссашаралар, спорттық жарыстар өтеді.
Ал Хиуа мен Бұқарға, орыс отаршылдарына қарсы саналы ғұмыры ат үстіне, қылыштың жүзінде өткен Жанқожа бабамыздың мерейтойын өткізу де біздер үшін идеологиялық тұрғыда өте керек дүние. Әрбір қазақтың жүрегінде Отанды жанкештілікпен қорғау, жас ұрпақтың бойына баба ерлігін насихаттап, туған жерін сүюге тәрбиелей алсақ, біздің үлкен жеңісіміз.
Баба тойы қарсаңында да арнайы ғалымдарды шақырып конференция, республикалық аламан айтыс, қазақ күресінен турнир тағы басқада шаралар өткізу көзделуде. Өткен жылы іргетасы құйылған Арықбалық ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысы аяқталса, баба тойына жасалынған үлкен тартудың бірі сол болмақ. Ауылға кірер жолды да жөндеу жоспарда тұр.
– «Жол» демекші, соңғы жылдары ауданда жол құрылысы жұмысы бір жүйеге қойылып, қарқынды істер атқарылып жатқанына куәгерміз. Кейінгі жылдары кентішілік жолдарға қарағанда ауыл аралық жолға көп көңіл бөлінген секілді.
– «Жол азабын – жүрген біледі». Ауданда жыл өткен сайын біршама жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы 35 шақырымды құрайтын 3 аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өтті. 1 шақырым болатын 1 жолды күрделі жөндеу және 22,2 шақырым құрайтын 3 жолды қайта жаңғырту және 28,4 шақырымды құрайтын 45 көшені, яғни Әйтеке би кентіндегі 23 көшеге қиыршық тас төселді. Ал қалған 22 көше асфальт төселінді. Қазалы қаласындағы 15 көшеге және Әйтеке би кентіндегі 2 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бұл ауыл, кент халқының өмір сүрі сапасын жақсартуға бірден бір көмек.
2023 жыл соңында осы жұмыстарды жүзеге асыру арқылы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 85 пайызды құрады. Мұның ішінде 20 жоба 2024 жылы өз жалғасын табады.
Орташа жөндеу бойынша Қожабақы-Бозкөл, Қожабақы-Жалпақ, Мұратбаев ауылына кіре беріс жолдары толық аяқталды. Бұған қоса Бозкөл-Кәукей аралығындағы, Тасарық, Бекарыстан би-Шөмішкөл, Лақалы ауылдарына баратын жолдардың қаржысы толық игерілді.
Жыл сайын қазалылықтар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының игілігін көріп келеді. Мысалы Әйтеке би кентінің 17 көшесіне, Ү. Түктібаев ауылының 6 көшесіне, Ғ.Мұратбаев ауылындағы Қуандық әулие көшелерінің орташа жөндеуіне осы бағдарлама аясында қаражат бөлінді.
«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 15 көшесін қайта жаңғыртуға қаражат бөлінді.
– Ал биыл бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылады деп жоспарлануда?
– Биылғы жылға жоспарлар қатарында Ажар, Жұбан, Бірлік елді мекендерінде су тұшыту қондырғысын сатып алып, орнату жұмыстары бар. Мұнан бөлек, Ақтан батыр ауылындағы Машенбаев көшесін орташа жөндеу мен Жалаңтөс батыр ауылдық мәдениет үйін газ отынына бейімдеу жүргізіледі. Елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алға ауылдық округіндегі Бейбітшілік және Б.Әбдіразақов көшелерін орташа жөндеу, Қазалы қаласындағы тағы 10 көшенің автомобиль жолы қайта жаңғыртылады. Оған бюджеттен 150 миллион теңге қаржы бөлінді. 2023 жылдан өтпелі Әйтеке би кентінің Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары республикалық бюджеттен қаралған 692 миллион. теңге қаржыға жалғасын табатын болады. Әйтеке би кентіндегі Т.Бөріқұлақов көшесі №2Б үй, Желтоқсан көшесі №60, Әбілхайыр хан 120, Үмбет би 13, Жанқожа Нұрмұхамедұлы 95А, Махамбет Әуезов 11 көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырын ағымдағы жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы қаралды.
Тағы бір айта кетерлігі, «Қожабақы-Бекарыстан би» 18-25 км аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу және осы жол бойында орналасқан темір бетон көпірді қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. «РЗА»-АҚ-ның мал шаруашылығы фермасының айналма автожолын, Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын және Әйтеке би кенті кәріз жүйесін қайта жаңғырту жоспарда тұр. Жобаларды іске асыруға қажетті қаржысы аудандық бюджеттен толықтай шешілген.
Одан бөлек, «Бозкөл-Тасөткел» аудандық маңызы бар жолды қайта жаңғырту жобасы сараптама қарауына енгізілді. Ал Әйтеке би кентінің вокзал маңы және Жеңіс саябағын абаттандырудың жоба сметалық құжаттарын қолға алу жұмыстары басталып кетті.
– «Газ келді дегенше, жаз келді десейші» деген бар. Жалпы соңғы жылдары Әйтеке би кенті, Қазалы қаласынан бөлек, ауылдық округтерде көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Соңғы уақытта «Үрмәш Түктібаев ауылына дейін газ тартылады екен» деген әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл қаншалықты рас?
– Ауданда газдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Қазалы қаласы мен Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдары көгілдір отынға қосылып, бүгінде тұрғындар игілігін көруде. Қазіргі таңда Абай елді мекеніне орамішілік газ желілерін жүргізу құрылысы жүріп жатыр. Нысан 2024 жылға өтпелі.
Сонымен қатар газ тасымалдау жүйесін дамыту бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан 225,384 миллион теңге, облыстық бюджеттен 127,251 миллион теңге бөлінді. Яғни, Қазалы ауданының Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне тартылатын газ құбырын салу жоспарда бар.
– Ауданда жер кезегін күтіп тұрған тұрғындар өте көп. Соңғы 5 жылдықты айтпағанның өзінде 10-15 жыл бойы жер кезегінде тұрған жандар бар. Бұл кісілердің мәселесін шешу бойынша атқарылып жатқан істер бар ма?
– Бұл мәселе әрине бізді де алаңдататыны айқын.Тұрғын үй мен жер сұраушы азаматтар жеке қабылдауыма да көптеп келеді. Кейбірінің мәселесін сол арада шешсек, енді бірі уақытын күтіп қалады. Жалпы мұның барлығы қаражатқа келіп тірелетінін ескеру қажет деп ойлаймын. Жер беру үшін алдымен инфрақұрылым, яғни жол, жарық, газ мәселелерін шешіп алуымыз керек. Қазір тұрғындарға 10 соттықтан жер үйлестірсек, кейін ауыз суы мен жолы, көгілдір отыннан тапшылық көретінін айтпай кетпеуге болмайды.
Жалпы тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында өткен жылы Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылатын аймаққа салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен жабдықтау үшін 310,483 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүрді. Сонымен қатар Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін жүргізуге 109,4 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды.
Жергілікті бюджеттен бөлінген 32,1 миллион теңгеге Әйтеке би кентінен көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді (электр және ауыз сумен жабдықтау) инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп, тиісті орталық атқарушы органдарға қаржыландыруға ұсынылды.
Бұдан бөлек, Абай, Бозкөл, Жанкент, Жалаңтөс батыр ауылдарын электрмен жабдықтау, Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісінің құрылысы тиісті орындарға жіберілді. Қолдау тапса, жұмысын бастайды. Сонымен қатар Шәкен, Шилі, Шитүбек және Сарыбұлақ елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау үшін де тиісті қаржы қаралып, жобалары әзірленді.
Қазіргі таңда Байқожа топтық су құбырының жұмысы жүріп жатыр. Жоба жұмысы толық аяқталатын болса 62 шақырым магистральдық су құбыры жүргізіліп, Әйтеке би кентіне тәулігіне 4500 текше метр ауыз су жеткізіліп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Сонымен қатар магистральдық құбыр бойында орналасқан 8 елді мекен, яғни, Ақсуат, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай, Байқожа, Еңбекшіқазақ сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
– Жалпы Қазалы ауданын айтқан уақытта оның кәсіпкерлік саласына тоқтамай өту мүмкін емес. Ел ішінде «Екінші Түркістан» аталып кеткен ауданның кәсіпкерлік саласының бүгінгі келбеті қалай?
– Аудан кәсіпкерлерінің ерекше қабілеті – кез келген саланы ұршықша үйіріп ала кететіні десек қателесе қоймаспыз. Бұл тоғыз жолдың торабы, Ұлы Жібек жолының бойындағы ауданның кәсіпкерлік саласының тарихи тұрғыда қалыптасуынан шығар деп те ойлаймын. Қазалы ауданын басқарғаныма да 2 жарым жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында кәсіпкерлік саласының ерекше күн құрғатпай дамып жатқаны қуантады. Соңғы уақытта аудан жастарының арасында өндіріске қарай бет алуын да ерекше атап өткім келеді. Өткен жылдың басынан бері ауданда 21 кәсіпкерлік нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биылғы жылы тағы 13 нысан өз жұмысын бастайды деп жоспарлап отырмыз.
Былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 21,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 100,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі бойынша есепті кезеңде көлемі – 19,5 миллиард теңге, яғни, 101,4 пайыз болды.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлер саны – 5912 бірлік десек, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 96,6 пайызды құрады. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны – 5706 бірлік, белсенділік көрсеткіші 96,4 процентке жетті.
Бөлшек сауда айналымы 13 млрд. 35,7 млн. теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 107,0 пайыз болса, 2023 жылы аудан кәсіпкерлерінің жалпы құны – 5295,0 миллион теңгені құрайтын 559 жобасы қаржыландырылды.
– Ел қазынасын қампитып отырған саланың бірі – ауылшаруашылығы саласы. Өткен жылдың соңында Қазалы ауданы облыстық «Алтын дән» шарасында «Ауылшаруашылығы саласын өнімдерін өңдеу» бағыты бойынша озат атанды...
– Дала еңбеккерлерінің аудан қамбасын көбейтумен қатар ел қазынасын еселеуде де еңбектері зор. Ауданның басты дақылы – күріш болса, сол күні-түні тынбай жұмыс істеп жүрген күрішшілердің арқасында өткен жылы6450 гектар күріштен 21 407 тонна өнім алдық. Бұған қоса 281 гектар бидайдан 136 тонна, 130 гектар арпадан 58 тонна өнімге қол жеткіздік. Аудан еңбеккерлері бұдан бөлек мақсары, күнбағыс, тары секілді дәнді дақылдар, бау-бақша екті.
Сыр өңіріндегі ең бір қат мәселенің бірі – су тапшылығы. Осы мәселені шешу үшін өткен жылы Басықара, Құмжиек, Майлыбас ауылдарына 3 дана көтерме насос сатып алынды.
Есепті кезеңде ауданнан Ресей, Белоруссия, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланды елдеріне 3539 тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұқбаттасқан
Есет Табынбаев