Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сорлатқан синдром. Соңғы қадам...

Сорлатқан синдром. Соңғы қадам...

Өмір – адамға берілген баға жетпес байлық. Өкініштісі, біз соның парқына жете алмай жүргендейміз. Барлығымыз емес, әрине. Өзіне берілген бақытты баянды етіп жүргендерге талас жоқ. Бірақ тағдыр жолындағы болмашы таршылыққа шыдас бермей, шарасыздық танытып, өмірін өз қолымен қиыпты дегендерді естігенде өзегің өртенбей қоймайды. Олардың тығырықтан шығуда осындай оңай жолды таңдайтыны өкінішті. Бірақ бұл келте ойлы адамның ісі ме дейсің?! Саналы адам өз-өзін түпсіз тұңғиыққа құлатуға дәті бармас еді. Дегенмен дәрменсіздік талайдың көзін байлап, тағдырына балты шапты емес пе?! Негізінде, бұл дерт адамдардың уақытша қиындықтарды қабылдай алмай, дағдарып қалуынан туындауда. Содан да болар бүгінде суицид синдромы қоғамда дендеп барады.

Сүреңсіз статистика сөйлесін
Расы керек, бұрын-соңды «пәленше өз-өзіне қол жұмсапты, түгенше асылып өліпті» дегенді құлағымыз шалмайтын. Қазір бұл қалыпты құбылысқа айналып барады. Өйткені қабырғаңды қайыстыратын мұндай азалы хабарды екі күннің бірінде еститін жағдайға жеттік. Әйтеуір күнде бір оқиға тіркеліп жатады. Сәйкесінше, статистика да жаңарып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген зерттеуіне зер салсақ, жыл сайын әлем бойынша миллиондай адам өзіне қол жұмсаудың салдарынан көз жұмса, бір жылда 20 миллионға жуық адам өз-өзін өлтіруге әрекеттенетін көрінеді. Өкініштісі, мұндай сандық көрсеткіштердің артуына Қазақстан да өзіндік үлесін қосып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз суицид синдромы бойынша әлемде жиырмасыншы орында, ал жасөспрімдер арасындағы өлім бойынша алғашқы ондыққа тұрақтаған.
Мамандардың сөзінше, көңілге кірбің түсіретін мұндай көрсеткіштердің артуы қоғамда жиі орын алатын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің дұрыс шешімін таппауынан туындауда. Яғни, осындай түйткілдердің дер уақытында тарқатылмауы суицид жасауға түрткі болып жатыр дегенге саяды.
Құндылықтар құлдырағанда
Материалдық игіліктер басты құндылық саналатын әлемде қоғамдық сана күн санап құбылып жатыр. Бағзыдан келе жатқан түсініктер мен құндылықтар да өз мәнін жоғалтып барады. Кешегі қалыптасқан қатаң қағидаларды шетке шығып, адамдар өздері дұрыс деп тапқан стереотиптермен өмір сүруде. Соның кесірінен олар қамшыдай ғана қысқа ғұмырдағы болмашы қиындықтарға сынып, сынақтарға төтеп бере алмай, өздерін ажал апанына оңай тастай салуда. Бірақ біз ұмтылған құндылық бұл емес еді ғой…
Адам баласының өмірінде қуанышпен бірге қиындық пен қайғы қатар жүретіні заңдылық. Дегенмен мұндай заңдылықтар мен жағдайлар қашаннан қалыптасқан құндылықтарды құлдыратпауы керек сыңайлы. Керісінше, бойымызға сіңген болмыс-бітімімізден айнымауымыз керек, – дейді Әмірбек есімді кент тұрғыны.
– Рас. Қазір қоғамды тұрмыс билеген заман болды. Соның салдарынан отбасыларда ұрыс-жанжал жиі орын алып жатыр. Тіпті екеу ара кикілжің түсініспеушілікке ұласып, соңы біреуінің өзіне қол жұмсауына дейін жетіп жатқан жағдайлар жоқ емес. Оны естіп, көріп те жүрміз. Мұндай жағдайға көбіне жоқшылық итермелейтіні өтірік емес. Несие, қарыз, жетіспеушілік кім-кімді де қажытады. Дегенмен адамдардың осындай күйзелістерге оңай бой алдыруы өмір құндылықтарын қиындыққа балауында сияқты. Түсінемін, қажеттілікке қарай құндылықтар өзгереді. Әйтсе де ол саған ажал құштырмауы керек қой. Басқа түскен мәселелерді шешудің жолын өлімнен іздеуді орны толмайтын қателік деп білемін. Бізге берілген өмір жолын дұрыс жүріп өту керек деген мақсатты басты бағдарымыз етуіміз керек секілді. Сонда ғана тірлігіміз баянды болмақ, – дейді ол.
Дертіне дауа болу керек
Психологтар адамдардың өмірден күдер үзіп, өзіне қол жұмсауына көбіне түрлі қарым-қатынаста қамқорлықтың жетіспеуі, адамдардың негативті көзқарас танытуы, түрлі ситуациялардың салдарынан күйзеліске түсуі түрткі болады деген пайым жасапты. Анығында өзін-өзін өлімге итермелегендердің көбінің өлім себебі осы жағдайларға ұқсайды. Әсіресе, жоғарыдағы сипаттамаға келетін оқиғалар көп жағдайда жастар арасында жиі орын алып жатыр. Жанында жүрген қатарластарының қағытпасы көңіліне тиіп, кейін тұйықталып, өзіне қол салатындар да жоқ емес. Жалпы мұндай әрекеттер қоғамда белең алды. Тіпті бұл көпті алаңдатын күрделі мәселеге айналып үлгерді.
Ғаламдардың ғылыми болжамына сәйкес суицидтің үш түрі бар деген пікір жиі айтылады. Оның біріншісі – өмірден шын түңіліп, торыққан адамдардың арасында болады екен. Ал екіншісінде адамдар өзіне қол жұмсайтындығын ашық айтады. Яғни, сол арқылы өзгелердің назарын өзіне аударғысы келеді. Ал үшіншісі – жасырын. Мұнда адамдар тығырықтан шығатын жолды іздеместен, өз-өзін өлімге итермелейтін көрінеді. Жалпы өлімге бекінген адам өз-өзіне қол жұмсайтындығын қандай жағдай болса да алдын ала білдіруге тырысады екен. Мамандар солай дейді. Олардың айтуынша, суицид жасауға оқталған адам «Өмір сүргім келмейді, ешкімге масыл болғым келмейді, мен кетсем, бәріңе жақсы болады» деген сынды сөздерді жиі айта бастайды. Жақын жандарыңыздың аузынан үнемі осы сарындағы сөздер жиі айтылса, дереу дабыл қағу керек, – дейді психолог мамандар.
– Байқасаңыз, өз-өзіне қол жұмсауға ниетті немесе өзін өлімге қиғандардың көбінде адамдарға арқа сүйеу деген қабілет қалыптаспаған. Жақындарының көмегіне жүгінуге жасқанатындар бар. Басты қателік те осында. Иә, бұл жерде біржақты көзқарас айтылып тұрған шығар. Дегенмен бұл факт. Жаныңда жүрген жанның жарасын дертін дер кезінде көрмей қалып, «аһ» ұратын сәттер де болып тұрады. Бірақ көп жағдайда суицидке бекіннген адамдар қиындықтан құтылудың жолын өздігінше іздейді немесе іздемейді оңай жолды таңдап, өз өмірін қия салады. Мұның бәрі о бастан адамдардың мәселелерді ортаға тастап, бірлесе шешуді жолға қоймағандықтан. Өзара дұрыс қарым-қатынас құруды дұрыс қалыптастыра алмағандықтан. Тіпті жай сүрініп, құласақ оған жеңіл қарай салудан. Түсінемін, адам болар болмас қиындықтарды өзі еңсеру керек, бірақ қолдау қашан да маңызды. Осыны ұмытпау керек, – дейді психолог маман Маржан Сәдірбек.
Себепсіз салдар болмайды
Иә, рас. Себепсіз салдар болмайды. Қоғамдағы осы бір құбылыстың жиілеуіне түрлі нәрсе себеп деп айтып жатырмыз. Ол нендей себептер? Оның салдарымен қалай күреспек керек? Сананы сан-саққа жүгірткен сауалдарға жауап қайсы? Саналы адамды сенделткен сұрақтардың нақты жауабы бар дегенге сену қиын. Дегенмен дертімізге дем болатын бір жауап табылары анық.
Расында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе, отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің, қала берді тұрмыстағы таршылық, материалдық тапшылықтардың тікелей әсері бар. Ал «бұлардың алдын алуда не істеу керек?» деген сұрақ ешкімге оңай шағылатын жаңғақ емес. Байқағаным, көбі бұл мәселені мойындаудан жалтарады. Әйтеуір, «бұл өте ауыр тақырып» деген сөзді желеу етіп, жылы жауып қоюды дұрыс көреді екен. Мұны біраз азаматтарға осы тақырыпта пікір білдіруін сұрап, хабарласқанымда байқадым. Үнсіз қалу өздеріне тиімді болған шығар. Жарайды. Солай-ақ болсын. Бірақ мәселе ашық айтылмаса, бұл қауіпті қатердің алдын қалай аламыз, сол қызық... Осындай көз жұмулардың салдары статистиканың да өсуіне себеп болып отырғанын олар түсінуі керек қой.
Түсінгенім бұл тақырыпта толғай беру мемлекетке де қолайлы емес сияқты көрінді. Себебі дамыған мемлекеттердің қатарына кіру үшін елдегі суицид саны аз болу керек. Оның салдармен күресуде жолымызды тыйып тастайтыны айтпаса да аян. Осылайша, тұйықталған жүйе қайталанып, өз-өзіне қол жұмсаушылар саны артқан үстіне арта береді. Қысқасы, бұл бір бітпейтін шырмауық.
Алдын алуға арналған жоспар
Елімізде адамдардың зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау жəне олардың құқықтары мен əл-ауқатын қамтамасыз етуге арналған кешенді бағдарламалар барын білеміз. Бірақ олар қаншалықты тиімді болып жатыр? Азаматтардың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша тіркелген сандық үлесті азайта алып жатыр ма?
Прокуратура жүргізетін ресми статистикаға сүйенсек, соңғы бес жылда Қазақстандағы суицид санында еш өзгеріс жоқ. Ондағы дерек бойынша жылына суциидпен көз жұматындар 3,5-4 мың болса, өзіне қол жұмсауға талпынған адамдар саны 4,2-4,8 мың құраған. Статистикада айтарлық өзгеріс болмаса да, бүкіләлемдік рейтингте Қазақстанның орны жақсарған. Сарапшы маман Виталий Кузнецов оның сырын былайша түсіндіріп берді.
– Суицид бойынша жағдай қалай реттелді? Өйткені ұғымдардың аты ауысты. «Суицид жасауға талпыныс» енді «демонстративті-бопсалау әрекеті» деп аталады. Суицидиалды іс-әрекет – суицид болса, демонстративті-бопсалау әрекеті эмоционалды бұзылысқа жатады және суицид статистикасына кірмейді. Суицид санатына адамды әзер құтқарып қалатын ауыр жағдайлар ғана жатады. Сондықтан Қазақстандағы суицид саны көбеймесе, азайған жоқ, – дейді ол.
Фото
Арайлым ЖҮСІПОВА
09 желтоқсан 2023 ж. 213 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031