Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірден тауып жарасым

Өмірден тауып жарасым

Әлем өзгеруде, онымен бірге құндылықтар да өзгеріп жатыр. Қазір қоғамда әрбір үшінші қыз баласы тұрмысқа шығуға асықпайды. Оған себеп те көп. Тәрбиеден бастап, адамның көзқарасына дейін бәрі себеп бола алады. Әрине, олардың таңдауына ешкім қарсы келмейді. Дегенмен оң босағада отырған қыздардың бүгіні мен болашағы кімді болмаса да толғандырмай қоймасы анық. Ал олардың бойдақтық өмірді қимай, отбасылық өмірге асықпауы үлкен мәселе. Расымен оң босағада отырған қыздардың отбасылық өмірге асықпауының себебі неде және оған не кедергі? Олай болса сол себептерді бірге саралайықшы.

Халқымыз "Қыз бала жат жұрттыққа жаралған" деп тәрбиелеген. Ал бүгінде ата-аналардың көпшілігі байырғы тәрбиеден алыстап бара жатыр. "Жақсы оқы, жақсы мамандық ал, беделді жұмыс тап", – деп тәрбиелейді. Қыз баланың жетістікке ұмтылғаны, өзін жан-жақты дамытқаны, мансапта белгілі бір дәрежеге жеткені әрине жақсы, бірақ бұл оны өмірлік миссиядан алыстатады. Олардың көпшілігі мансап пен отбасын бірге алып жүру мүмкін емес деген пікірді ұстанады. Сондықтан олар таңдау жасағанда біріншісіне тоқталуға мәжбүр. Себебі қыз баланың өмірінде мансаптық жетістіктер неғұрлым көп болса, өмірлік серігін таңдағанда, оған қойылар талап та соғұрлым жоғары болмақ. Ал өзіне сай келетін азаматты таппаған соң, олар үшін негізгі мақсат – мансап болып қала бермек.

Қазір қыздардың көпшілігінде тұрмыс құру туралы белгілі бір стереотип қалыптасқан. Ол тұрақты проблемалар, диванда жатқан күйеуі, тынымсыз балалар және тағы басқа... Көп жағдайда мұндай қағиданы ұстану, бала кезден қалған бейнелерден туындайды. Өздерінің бастарында құрастырып алған сценарийлерден. басқасын білмейді, сондықтан отбасылық өмір де бақытты боламын дегенге әсте сенбейді. Бірақ барлық адамның өмір жолы бірдей емес екендігін ескерсек, кез-келген адам қарым-қатынасты дамытудың өз нұсқасын жасай алады. Ол үшін әр адам лайықты адамды таңдай білу керек. Ал бұл оңай шаруа емес.
Қыз баласының отбасылық қарым-қатынасқа дайын болмауының тағы бір себебі ол өткен өміріндегі қатынастан көңілінің қалуында. Әдетте сәтсіз махаббаттың құрбаны болғандар өткен өміріндегі келеңсіздіктерді ұмыта алмай жаңа қарым-қатынасқа дайын болмайды. Ал бұл отбасылық өмірде үлкен кедергі туындатады. Туындаған келеңсіздіктер салдарынан бойжеткендердің қарым-қатынасқа қызығушылығы да бәсеңдей бермек. Соның нәтижесінде олар жалғыздықты өздеріне серік етеді. Көңіл көкжиегінде лайықты ер азамат пайда болса да, олар өздері үйренген жалғыздықтан арыла алмайды.
Психолог мамандардың пікіріне сенсек, өз қатарластарынан бұрын отбасын құратындардың көпшілігі мұны не үшін жасайтыны, шынымен қалайтыны туралы мүлдем ойламайды. Мотивтердің ақиқатын түсіну кейінірек пайда болады. Ал оң босағада отырған қыздар тұрмыс құрғысы келетінін немесе келмейтінін уақыт өте келе мойындайды. Біраз уақыттан кейін олар мұны кейінірек жасауға болатындығын немесе өмірді басқа сценарий бойынша құруға болады деп түсінеді. Мұны жан-жағындағы адамдардың тарапынан қойылатын сұрақтарға берер жауабынан аңғаруға болады. Олар сұраққа қарсылық танытпаса да, тұрмысқа шыққысы келмейтіндерін тікелей мойындамайды. Бірақ бұл түбегейлі отбасылық өмірге асықпау не қаламау деп түсінуге болмайды. Махаббат келсе әрбір адам өмірлік ұстанымдары мен қағидаларына да қарсы тұрады.
Дегенмен шаңырақ көтеруге ниеттенген әбір адам үйлесімді және бақытты өмір сүріп, не қалайтынын біліп, оған саналы түрде баруы қажет. Сонда ғана шынайы қарым-қатынасқа негізделген одақтың ғұмыры ұзақ болмақ.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
28 қараша 2022 ж. 294 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930