Жағымпаздық жарға жығады
Осы тақырыпты жазбас бұрын шыншыл ақын Мұхтар Шахановтың мына бір өлең жолдары ойға орала берді.
«Жағымпаздық бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер». Бағамдасаңыз, ақын өлеңінің астарында бүгінгі қоғамның шындығы жатыр. Оны жоққа шығарғымыз келсе де, бүгінгі ақиқат осындай. Иә, қазір жағымпаздардың дәурені жүріп тұрған шақ. Ал жағынуды білмегендердің көбі Мұхтар ақын айтқан жарамсақтардың көшінен кейін қалып жүр. Бұл нәрсе қоғам үшін қалыпты құбылысқа айналып барады. Бір қызығы, бұған таңқалмайтын да болдық.
«Жағымпаздық бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер». Бағамдасаңыз, ақын өлеңінің астарында бүгінгі қоғамның шындығы жатыр. Оны жоққа шығарғымыз келсе де, бүгінгі ақиқат осындай. Иә, қазір жағымпаздардың дәурені жүріп тұрған шақ. Ал жағынуды білмегендердің көбі Мұхтар ақын айтқан жарамсақтардың көшінен кейін қалып жүр. Бұл нәрсе қоғам үшін қалыпты құбылысқа айналып барады. Бір қызығы, бұған таңқалмайтын да болдық.
Мұндай дүниелер бұрын да болды десек те, бірақ бүгінгісі шектен шығып бара ма дейсің?! Тіпті дерт болып жабысып, дендеп барады. Санамызға да мықтап жайғасқан. Кесірлі дүниеге неге сонша үйір болдық екен?! Қазір кімге болса, соған жағынуға даяр тұратынымыз сонша, тіпті біреуге жағыну өмір сүрудің қағидасына айналғандай. Өзіміздің бас пайдамыз үшін маңайымызда жүргендердің жанын жаралауға да еш жасқанбаймыз. Кейде оны мақтағансып, шыңар басына дейін шығарып тастаймыз. Ал азғантай кемшілігін көре қалсақ, жігерін жасытып, жерге оңай көмеміз.
Бұл дүниелер күнделікті өмірімізде жиі көрініс тауып жатыр. «Жағымпаздық маған жау» дегендердің өздері де қалай жағынып жүргендерін еш сезінбейді. Мысалы, біреу қызмет барысында жоғарыласа, сол үшін қуанғансып, бірге түскен суретін әлеуметтік желіде жариялап, құттықтап жататындар бар. Бірақ соның риясыз жасалғандығына сену қиын. Себебі былайғы өмірде араластығы да болмаған жандардың жағдаймен ғана сыйласатындығы кім-кімнің де көңілінде күдік тудырады. Бос жарамсақтық кімге керек осы? Өзгені қойшы, өзімізді неге алдаймыз? Адамдар бір-бірін мақтау, көңіл аулау емес, негізінде өз-өзін алдау екендігін түсінбейтін сыңайлы.
Бірде бір досымның: «Жағымпаздық та жұмыс» деп айтқаны бар-ды. Расымен, қазір жалпақшешейлігіңмен бәріне жағына алсаң ғана жұмысың жеңілдейді. Бұл сөзіммен біреу келісер, ал кейбіреулер келіспес. Қалай десек те, біз жағымпаздықты мамандық санайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Кейде маған жағымпаздықтың жанында жасампаздық жылап тұрғандай көрінеді. Себебі, бүгінде жақсы іспен мақтанатындардан, тапсырыспен мақталатындар көп. Ал солардың сойылын соғып, өздерінше жақсылыққа жарнама жасап жүрмін деп ойлайтындар «жағымпаздықтың жаршысы» болып жүргендерін өздері білмейді-ау, сірә?!
Иә, мақтау сөз бәрімізге майдай жағады. Бірақ мадақ пен мақтаудың да айтылар сәті мен реті болмаушы ма еді?! Болу керек дейміз ғой. Бірақ қанша айтсақ та, қолпаштауға жанымыз құмар. Кейбіреулер жұрттың мақтағанына масаттанып, шыққан биігіне мәз болып жүр. Бірақ жалаң мақтан бір күні сені жарға жығуы әбден мүмкін. Сондықтан құр жағымпаздық жақсыны да жолдан тайдыруы мүмкін екендігін жадымыздан шығармай, ардың жүгін құлатпай арқалайық дегім келеді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ