Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттар неге қадірсіз?

Қарттар неге қадірсіз?

Қазақ танымында қартқа құрмет ерекше болған. Бірақ өкініштісі бүгінде сол құндылық өз мәнін жоғалтып бара жатыр. Себебі үйдің қазынасы саналатын үлкендерін құрметтемек түгілі, үйіне сыйғызбай жатқандар көп. Кейде «неге біздің қоғам осындай қадірсіздерге толып бара жатыр?» деген сұрақ мазаны алады. Барды бағаламауымызға не себеп? Жауап іздеп көрелік.
Расымен бүгінде қарттың қадіріне жете алмай жүрміз. Тіпті бұл көрініс тым жиілеп те кетті. Бұған көбінің бүйрегі де бүлк етпейді. Болып жатқан құбылыстарды қалыптыға санайтындар да баршылық. Бірақ біз мұндай емес едік қой. Халқымыз қашаннан қартын асыл қазынаға баламаушы ма еді?!
Иә, дана қазақ баяғыдан-ақ үлкенге құрметті, кішіге ізетті біліп өскен. Үйдің төрі үлкендікі деп санаған. Олар кетсе, онымен бірге бақ-дәулет, ырыс кетеді деп те пайымдаған. Бірақ соған қарамастан бүгінгі қоғамда ата-анасын далаға тастап, қала берді қарттар үйіне өткізіп жатқандарды көргенде көңілің құлазып сала береді. Тоғыз ай толғатқан анасын, арқасынан түсірмей көтерген әкесін көзін жаутаңдатып қалай оңай тастап кете береді екен деп ойда қаласың. Біреулер сондай бақытқа жете алмай жүргенде, ойсыз опасыздыққа баратындардың ісі барды бағаламау емей немене?! Олар қазекемнің «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейтін қанатты сөзі кейін өздеріне қайта айналып келетінін еш сезбейтін болса керек. Ата-ананың разылығы бақыт пен байлыққа жетелейтінін ұқпайтын жетесіздерге мұның ақыры жақсылыққа апармайтынын айтқанмен опа таппайтынымыз анық. Десе де «Айтылмаса сөздің атасы өледі» дейтін халық үшін бұл жай айналып өтіп кететін дүние болмауы керек. Сондықтан қарияларымызды құрметтеуді баланың санасына құйып, сіңіруді ертеден бастау керек дейді кент тұрғыны Кенже Сәдуақас.
– Ертеректе әке-шешелеріміз ауылдағы үлкендерге айрықша құрмет көрсететін. Той-томалақ, қандай да бір жиын бола қалса, олардың батасынсыз бастамайтын. Солардың «Бақытты бол», «Өркенің өссін», «Дегеніңе жет» деген ақ-жарма тілегін есту үшін құрақ ұшып жүгіріп жүретініне талай куә болғанбыз. Бізді де өздеріндей тәрбиеледі. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, сөзіне құлақ түруді де үйретті. Ал бүгін өзіміздің көз алдымызда қалған әдемі көрініс өз кейпін жоғалтып бара жатыр. Жастардың дені үлкенді сыйлаудан мақұрым. Оны күнде көріп, естіп, біліп жүрміз. Көңілге кірбің түсірер ауыр жағдай. Бірақ қалай десек те, қазіргі қоғамның бет-бейнесі осындай болып тұр. Бұл осылай жалғаса бермеу керек. Бұған үйдегі тәрбиені түзеткенде ғана тосқауыл бола аламыз. Сондықтан үлкенге құрмет көрсетуді бала белден шықпай жатып-ақ санасына сіңіріп, үйреткеніміз жөн, – дейді жетпісті желкелеген қария.
Қазақта «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін жақсы бір тәмсіл бар. Бірақ осы бір сөздің мағынасына тереңінен бойлай бермейтініміз өкінішті. Көпті көрген қарияларымыздың ақылын тыңдап, кейінгі өмірімізге азық қылудың орнына оларды өзімізден алыстатып жатырмыз. Кейбір қарттарымыз өзінен туған баласынан теперіш көріп, біреудің үйін паналап жүр. Кейде өз үйінен өгей атанып жүргеннен өзге жерде жүргені ойға қонымды ма дейсің. Бірақ өзімсінгенмен бәрі өзіңдей болмайтыны тағы бар. Сондықтан өз баласы өзекке тепсе де өзім дейтін ата-ананың қадіріне жетуді көңілімізге мықтап бекіткеніміз жөн болар. Себебі бағалай білмеген адам бақытқа жетпейді. Олай болса, бақ бағалай білгенге ғана қонатынын ескеріп, асыл қазыналы қарттарымызды қадірлеп, құрметтейік.

Арайлым ЖҮСІПОВА
04 маусым 2023 ж. 561 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930