Ұрпағы ұмытпайды ата жолын
Жаңа жұмыс аптасы. Редакциядағы кезекті күйбең тірлік басталып кеткен шақ. Жаңа газеттің дайындығы пысықталып, материалдар топтастырып жатқан болатынбыз. Кабинеттің есігі ақырын қағылып, жартылай ашылған есіктен кейуана көрінді.
– Рұқсат па, айналайындар?!
– Сәлеметсіз бе, келіңіз апа. Отырыңыз, – деп жанымдағы орындықты ұсындым.
Қолындағы кітабын үстел үстіне қойып жатып, «Мен атам туралы айтайын деп келіп едім», – деді.
– Иә, айта беріңіз апа, – деп бар назарымды бұрдым.
– Мен өзім Үсеннің Азатының қызымын. Келген жерім Қаракесектің Ноғайы, Өтепбергеновтер әулеті. Арғы атамыз Жолбарыспен алысқан Бектібай, бергі атамыз ақнарлы Толыбай. Өз әкемнің әкесі Ақнарлы Кенжебай. Әкем Кішкене Шойымбет ишаннан дәріс алған. Мен 1968 жылы Қожали атаның үлкен баласы Жұмаділдаға тұрмысқа шықтым. Сегіз бала өмірге әкелдім. Жолдасым 1990 жылы өмірден озды. Бар баланы үйлендірдім. Қазір шүкір барлығы да отбасылы, балалы-шағалы. Тек әкелерінен ерте айырылып қалған жаныма батады, – деп жанарына келіп қалған жасты орамалының жиегімен сүртіп алды.
– «Орнында бар оңалар» деген апа. Жасымаңыз, өзіңіз, балаларыңыз аман болсын, – деп жұбату сөз айтқанымызбен іштей «Әттең-ай» деген аяныш сезімі тұрды. Есімім Ұлмекен деп таныстырған ана әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Менің айтпағым қайын атам – Қожали Өтепбергенов туралы. Жуырда атамның туған топырағы Бозкөлде болып, ағайын-туыс, ел-жұртқа ас беріп қайттық. Атама арнап, «Тамыры терең бәйтерек» атты кітап шығардық. Менің мақсатым – туған жерінің өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан аптал азаматты елі-жұрты таныса деймін. Оның ерен еңбегі мен қайсар мінезі жастарға үлгі болып, келешек ұрпақ халқына адал қызмет етсе нұр үстіне нұр болар еді. Соны маған газетке шығарып берсеңдер деген тілегім бар. Міне, мына кітапта бар жиған-терген мәліметтер бар, – деген Ұлмекен апа ала келген кітабын ұсынды.
Кітаптың алғашқы парағында Ұлмекен Кішкенеевтің жүрекжарды жыры басылыпты. Бұдан соң «Адамгершілікті ту еткен» атты Ләззат Әбіқалықованың мақаласында Қожали Өтепбергеновтің өнегеге толы өмірі баяндалған.
«...Соғыстан кейін аудан көлеміндегі ұжымшарлар жер ыңғайына қарай бір-біріне қосылып, шаруашылықтар ірілендіріле бастады. Кеңес өкіметінің жүргізген осындай бірқатар ұйымдастыру жұмыстары қаракөл қойын өсіретін кеңшарлар мен ірі қара фермаларының негізін қалады. Соған сай «Коммунизм» және Андреев атындағы ұжымшарлар бірігіп, «Бозкөл» кеңшары болып құрылып, осы жылдар ішінде қаракөл қойы көбейіп, онан бағалы елтірі өндірілді. Оның алғашқы директорлығына Райымбек Қазантаев тағайындалып, бір жылдан астам қызмет атқарды.
1958 жылдың 25 желтоқсанынан бастап Қожали Өтепбергенов аталған кеңшардың директоры басшылығына келді. Бұл саладан мол тәжірибесі бар ол шаруашылықтың одан әрі өркендеуіне өз үлесін қосты. Бұған дейін ауыл шаруашылығын механикаландыру мақсатында құрылған «Сол жаға» МТС-ін басқарған оны ауыл жұрты бұрыннан білетін», – деген жолдар біз сөз еткелі отырған азаматтың жұмысқа деген жауапкершілгі мен адалдығын айқындап тұрн еді.
Көз көргендердің айтуынша, Қожали Өтепбергенов басшылық еткен тұста мал санын көбейту, олардың үлесін арттыру, өндірістік қора-жайлар мен шопандардың тұрғын үйлерін салу, олардың тұрақты дамуы мен мәдени-тұрмыстық жұмыстары қарқынды дамыған. Ауыл орталығынан балабақша ашылып, сегіз жылдық мектеп орта білім беретін оқу ордасына айналып, жанынан шопандар балалары жатып оқитын инернат үйі салыныпты.
Қожали Өтепбергенов Кәрібоз Әлимаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1967 жылғы 19 ақпандағы Жарлығымен «Социалистік еңбек ері» атағын алып беруге және «Алтын жұлдыз» орденінің тапсырылуы күш салған.
Өмір жолы өнегег толы Өтепбергенов 1913 жылы Қазалы уезіне қарасты Арықбалық ауылында дүниеге келген. МТС (машина-тарктор стансасы) директорларын дайындайтын арнайы курсты тәмамдаған. Ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай еңбек еткен. Заман талабына сай еңбекке ерте араласып, небәрі он екі жасында колхозға мүше болды. Комсолмол жастар бригадасымен «Балхашстрой» құрылысын салуға қатысады. Кеңес Армиясы қатарынан туған жерге оралған соң №10 ауылдық Кеңеске қарасты «Сол жаға» МТС-не жұмысшы болып қыбылданған. Трактористер мен комбайнерлер даярлайтын курстың меңгерушісі, өрт күзетінің бастығы, инженер-агротехник, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1940 жылы аупарткомның тапсырмасымен әскери бөлімге нұсқаушы болып келеді. 1941-195 жылдары МТС директорылығын абыроймен атқарған.
Өтепберген басқарған ұжым ел басына күн туған қиын-қыстау жылдары «Отан қорғау» қорына 100 мың сом ақша жинап, танк жасау қорына арнап 92 гектар күріш дайындайды.
Қожали Өтепбергенов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылғы 21 мамырдағы Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, 1951 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1957 жылы тамызда Москва қаласында өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, бас комитеттің шешімімен көрменің медалін кеудесіне таққан. 1963 жылғы 28 желтоқсанда сол кездегі еліміздің ең жоғарғы наградасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен иеленген.
Турашыл мінезімен халқына жаққан асыл азамат өмірінің соңғы жылдарында ПМК-41, ПМК-16 мекемелерінде учаске бастығы, директордың орынбасары қызметерін атқарған. Алпыс жасында дүниеден озған Қожали Өтепбергеновтің аты Бозкөл ауылының орталық көшесіне берілді.
Міне осындай тау тұлға туралы келіні Ұлмекен Кішкенеев кітап шығарып, ата есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталу үшін жанын сала жүгіріп жүр. Сөз соңында кейуана:
– Балаларыма, атамды танитын кісілерге, Бозкөл ауылының халқына шығарған кітабымды тараттым. Ауылда ата есімін ұлықтауға арналған шараға үлес қосқан барша азаматқа алыс білдіремін. Ағайын-туыс пен ауыл халқы жұмыла жүк көтерді. Ойға алған мақсатым орындалды, – деді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА